Қоғам

Құрылыс қарқынына көңіл толады

Құрылыс қарқынына көңіл толады


Ауданда соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады. Баспана, мектеп ғимараттарын салу жұмыстары жанданып, бірнеше жылдардан бері тоқырап қалған қала тіршілігіне өзгеріс енеді.

Баршамызға белгілі, тұрғын үйге қажеттілік жыл санап артып отырғаны жасырын емес. Аталмыш мәселені шешу мақсатында, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы Аягөз қаласындағы 50 орындық шағын отбасылық жатақхана құрылысы күз айында аяқталып берілді. Бұрынғы Мамырсу ауылдық округі әкімшілігінің ескі ғимараты жатақхана ретінде қайта жаңғыртылды. Қазір жылу жүйесі тартылып, қоныстанушылар үшін сақадай сай. Сондай-ақ аудан орталығынан 60 пәтерлібес5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс «СМП 610» ЖШС мен «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның қаражаты есебінен салынып, пәтерлер «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ арқылы берілетін болады. Бұдан өзге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы да екі 60 пәтерлік бес қабатты үйлер салынады деп жоспарлануда.

Аудандағы білім мекемелері ғимараттарының көпшілігі күрделі жөндеуді қажет ететін. Жас өркеннің сапалы білім алуына орын тапшылығы ұзақ жылдардан бері күрмеуі қиын мәселелердің қатарында болды. Рас, бұл бір жылда шешімін табатын мәселе емес. Мұндай іргелі іс жыл-жылға бөлініп, кезең-кезеңмен іске асатын болады. Атап айтар болсақ, 2015 жылы 10, 2016 жылы 28 орта мектептерге түрлі деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл да 16 мектепке жөндеулер жүргізілді. Шынын айту керек, бұл аудан әкімі Бақытжан Байахметовтің табанды еңбегінің арқасы екендігінде дау жоқ.

Ауданда білім саласында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе – оқу орындардың тапшылығы және үш ауысымды мектептер десек, аталған мәселені шешу үшін нақты шаралар атқарылды. Нәтижесінде, биылдың өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бір 600 орындық мектеп пайдалануға берілсе, оңтүстік қалашықтан тағы 600 орындық мектептің құрылысы маусым айында басталды. Қаланың оңтүстік аймағында салынып жатқан оқу орны, әлбетте, қажеттіліктен туып отыр. Көшіп келіп жатқан жас отбасылар, әскери азаматтардың балаларына қазірдің өзінде осындағы ғимарат таршылық етуде. Бұйырса, алдағы жаз айында құрылыс толығымен аяқталмақ. Демек, бірнеше жылдан бергі оқушылардың орын тапшылығы толық шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ Аягөз қаласының оңтүстік қалашығындағы №4 орта мектеп ғимаратын балабақша ретінде қайта жаңғырту үшін ЖСҚ дайындауға қаржы қарастырылды. Екі-үш жыл көлемінде бірнеше ескі үйлер күрделі жөндеулерден өтіп пайдалануға беріліп, тұрғындар саны өсіп келе жатқан оңтүстік қалашықта балабақша қажеттілігі де көптен көтеріліп келе жатқан мәселе болатын.

-Биыл О.Меңаяқұлы, М.Әбеулов, К.Қадыржанов, Шыңқожа батыр, С.Ғаббасов, А.Көшкімбаева, Т.Көбдіков атындағы орта мектептер және Тарбағатай, Сарыарқа, Айғыз, Байқошқар, ауылдық округтеріндегі білім мекемелері, қалалық №5, №3, №7, №1, көпсалалы мектеп гимназия мектептерінің ғимараттарын жөндеу, материалдық техникалық базаларын нығайту бойынша да жұмыстар жүргізілді. Сарыарқа ауылы орта мектебі жанынан заман талабына сай жабдықталған спорт зал мен асхана салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс толық аяқталды, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Сейілбек Ысқақов.

Аудан орталығынан алыстағы шағын комплектілі орта мектептерде бала санының азаюына байланысты оларды жақын орталықтардағы орта мектептерде оқыту бүгінгі күннің басты талабының бірі болатын. Өткен жылы «Ескі Майлин» деп аталатын қала іргесіндегі шағын ауыл оқушыларын №4 орта мектепке тасымалдау үшін ПАЗ автобусы әперілді. Биыл Тарлаулы ауылдық округіндегі К.Қадыржанов атындағы «Қызылқия» орта мектебіне, Ақшәулі және Тарбағатай ауылдық орта мектептеріне тасымалға арналған авто көліктер алынып берілді.

Жалпы, ауданда күрмеуі қиын көптеген мәселелер шешімін тауып келеді. Бұған аудан экономикасының жыл сайын нығайып келе жатқаны дәлел. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану арқылы 2015 жылы 23 жоба аясында 624 млн. теңгеге, 2016 жылы 118 жобаның аясында 2,7 млрд. теңге инвестиция тартылса, ағымдағы 2017 жылы 276 жобаның аясында 7,5 млрд. теңге қаржыға түрлі бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Бір сөзбен айтқанда, Аягөз ауданы болашаққа қарай нық қадам басып келе жатқан өңір екендігін ісімен де, өзінің көрсетер үлгісімен де нақты дәлелдеп келеді.

Берікхан Тайжігіт
АЯгөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button