Қоғам

Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді

Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді


Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскеменнің Жібек маталар комбинаты ықшамауданында салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысанда болып, ондағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының барысын көріп айтты.

Жауапсыз мердігерлердің жұмысына шектеу қойылады

Ең алдымен облыс әкімі Қаныш Сәтбаев даңғылы, 2/2 мекенжайында бой көтеріп жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйге аялдады. Мұндағы жұмыстарға жауапты «ВК Техногрупп» серіктестігі құрылысты өткен жылдың қараша айында бастаған болатын. Бүгінге дейін құрылысшылар болашақта 88 отбасыға пана болатын үйдің алты қабатын көтеріп үлгеріпті. Әне-міне дегенше жетінші қабаттағы жұмыстар да аяқталмақ. Аймақ басшысы құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған тұрғын үй мерзімінен кешіктірілмей пайдалануға берілуі керектігін тапсырды. Айта кетейік, бастапқы жоспар бойынша бұл үйдің құрылысы жаңа жылға дейін аяқталуға тиіс болатын.

Бұдан кейін аймақ басшысы 19-шы тұрғын аудандағы 39/1 позициялы үйдің құрылысымен танысты. Мердігер компания басшыларының айтуынша, бүгінге дейін тоғыз қабатты тұрғын үйдің сегіз қабаты көтеріліп қойған. Нысандағы құрылыс жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде деп айтуға болады. Дегенмен, мұнда кемшін тұстар да жетерлік. Оның ең негізгісі – қаржы тапшылығы.

Осы орайда айта кетер жайт, алғашында аталмыш үйді салу міндеті өзге бір құрылыс компаниясына жүктелген болатын. Алайда, ол мердігер артылған сенімді ақтамай, құрылысты кешіктіріп, өзі банкрот болып тыныпты. Қазір мұнда жаңа мердігер «Эзоп» ЖШС келген. Жұмысты ойдағыдай жүргізуде. Бұйырса, жыл соңына дейін нысанды пайдалануға береміз деп отыр. Тек қаржы жағынан қиындықтар бар екенін айтуда. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін қосымша 200 миллион теңге қажет көрінеді.

Аймақ басшысы жұмыс тоқтамай жүргізілсе, қажетті қаражат та табылатынын жеткізді. Сондай-ақ, құзырлы мекемелер өкілдеріне бұрынғы мердігерден кеткен шығынды сот арқылы өндіріп алу керектігін айтып, бұл жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

– Бұрынғы мердігерді жауапкершілікке тартыңыздар. Бей-берекет шашқан ақшаны қайтарсын. Ал қазіргі мердігерге айтарым, егер жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, құрылысты уақытында аяқтауға тырысатын болсаңыздар, сіздерге қажетті көмектің бәрін көрсетеміз, – деген аймақ басшысы желтоқсан айының басында бұл жерге тағы келетінін айтып, егер сол кезде көргені көңілден шықса, екі апта ішінде қажетті 200 миллион теңге мердігер қолына тиетінін мәлім етті.

Салынып жатқан үйлерді аралау барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «ВК Техногрупп» серіктестігінің жұмысын да қатты сынға алды. Аймақ басшысының айтуынша, қазір аталмыш компанияның мойнында бір емес, екі емес, 18 нысан бар екен. Бұл күні облыс әкімі барған төрт құрылыс нысанының үшеуі осы «ВК Техногрупқа» тиесілі болып шыққанын да айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, Айдос Бақтыбаев басқаратын серіктестіктің осыншама көп құрылысты қатар алып жүруге шамасы жетпей қалғанға ұқсайды. Нәтижесінде, нысандардағы жұмыс қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Мердігер болса, бұған серіктестіктің несиелік желісін тоқтатып қойған банктерді кінәлап әлек.

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қала әкімі мен облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшылығына бұл мәселені жіті қадағалауға алуды тапсырды.

– Егер де міндеттеріңізге осылайша жүрдім-бардым қарайтын болсаңыздар, жұмыстарыңызға шектеу қоюдан басқа амалымыз қалмайды. Жалпы, бір компанияның мойнында осыншама көп нысанның болуы әсте дұрыс емес. Мына түрлеріңізбен бұл 18 нысанды енді қашан салып бітірерлеріңіз беймәлім. Бізде жұмыс, тапсырыс таба алмай жүрген құрылыс фирмалары жетіп артылады. Бір бөлігін соларға берсе де болар еді ғой, – деген облыс әкімі «ВК Техногруптың» мәселесін өз бақылауына алатынын, егер жуық арада жағдай өзгермесе серіктестікке қатысты қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.

– Сіздердің уәделеріңізге сенемін. Бәріңіз де бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі мамандарсыздар. Тек жұмысты ширата түсу қажет. Керек болса, құрылысты күн демей, түн демей жүргізуге де дайын болуларыңыз тиіс. Естеріңізде болса, облыстық театрды да осылай салып бітірдік емес пе?! Сол кезде бір жарым-екі жылдың жұмысын айналдырған төрт-бес айда тындырып тастаған едік қой. Сондықтан тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып шығарларыңызға әлі де сенемін, – деді облыс әкімі мердігерлерге қарата айтқан сөзінде.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, 19-шы ықшамауданда салынып жатқан сквердің жағдайын көріп қайтты. Бұл жерді абаттандыру, көркейту жұмыстары келер жылдың көктемінде басталмақ.

Аурухана ғимараты балабақшаға айналуы мүмкін

Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемендегі бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Севастопольская көшесінің бойында салынып жатқан облыстық білім басқармасына қарасты «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ Ниет» мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне ат басын тіреді. Бұл ғимараттың құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталыпты, сметалық құны – 571 миллион теңге. Қаражат «Парыз» қорынан бөлінген. Келешекте осы мекемеде білім саласындағы оқу-тәрбие жұмыстары жүргізілмек. Ерекше қажеттіліктері бар, яғни, көру, есту, сөйлеу қабілеттері шектеулі балалар мұнда күнделікті тұратын болады, сонымен қатар, түзету-дамыту бағытында оқытылып, психологиялық және медициналық-педагогикалық оңалтудан өтеді. Ғимараттың жобалық қуаты 100 балаға шақталған, қазірдің өзінде 70 баланың ата-анасынан өтініш түсіп отыр.

Нысанда жүргізіліп жатқан ішкі әрлеу жұмыстарын көрген аймақ басшысы мердігер ұйымға – «ПромСтройАвтоматика» өндірістік кооперативінің басшылығына жұмысты асықпай 1-желтоқсанға дейін толық әрі сапалы аяқтап шығуды міндеттеді. Сонымен қатар, интернаттың салтанатты ашылу рәсімін Тәуелсіздік күніне орайластыруды жүктеп, оған өзінің арнайы келетінін де жеткізді.

– Аталмыш мекеме мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты дамуына, білім алуына өте қажет. Мұнда жеткіншектер өздерін жайлы сезінулері керек, сондықтан жұмыстардың талапқа сай, сапалы атқарылғаны аса маңызды. Мектеп-интернат басшылығы құрылыс жұмыстарының барысын қатаң қадағалап отыруы тиіс, – деп ескертті Даниал АХМЕТОВ.

Келесі кезекте аймақ басшысы Халық әртістері, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын бағамдады. Сонау 1968 жылы салынған ғимарат әбден ескіргендіктен, оны жөндеу ісі қолға алынған болатын. Десек те, жұмыстардың қарқыны тым бәсең. Мердігер ұйым – «Ayat Inspirit» серіктестігі. Нысанда 69 адам еңбек етуде. Бөлінген қаражаттың 115 миллион теңгесі әлі игерілмей жатыр.

– Өкінішке қарай, облыста бірде-бір әлеуметтік нысан жоспарланған уақытында пайдалануға берілген емес. Мен мұнда да атқарылған жұмысты көрмей тұрмын. Бұл мердігер компаниялардың жауапсыздығын көрсетеді. Ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойлары құрметіне, жастар лайықты жағдайда білім алсын деген ниетпен жөндеу жұмыстарына тиісті қаржыны бөлгіздік. Ал нәтиже жоқ, – деген аймақ басшысы егер жыл соңына дейін белгіленген қаржы игерілмесе, одан әрі мүлдем қаражат бөлінбейтінін қадап айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Ворошилов көшесінде орналасқан жедел медициналық жәрдем ауруханасының бұрынғы ғимаратында болды. Үш қабатты үш корпустан тұратын аурухана алпыс жыл бұрын салынған-ды. Әбден тозығы жеткен ғимараттан №1 қалалық ауруханаға көшіріліп, қазір нысан бос тұр. Аймақ басшысы қала әкімі Ерлан Аймұқашев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Жуасбаеваға он күннің ішінде аталмыш нысанның келешек жоспары туралы ұсыныстар күтетінін жеткізді. Алдағы уақытта бұл ғимарат қалай пайдаланылмақ? 12 мың шаршы метр аумақты тиімді қолданған жөн.

– Аурухананың көшкеніне бір жылдай уақыт болды, бірақ әлі ешқандай нақты шешім қабылданбаған. Қаланың қақ ортасында мұндай ауқымды ғимараттың бос тұрғаны қалай? Саралап көріңіздер, мұнда қандай медициналық мекемені орналастыруға болады, сосын бірге ойластырып көреміз. Егер тараптарыңыздан ешбір ұсыныс болмаса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша ретінде ашамыз. Бұл тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де пайдалы болады, – деді осы ретте Даниал АХМЕТОВ.

Облыстық онкологиялық диспансердің емханасы да жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Аталмыш мекемеге осы жылдың ақпан айында келген Даниал АХМЕТОВ жағдайды өз көзімен көріп қайтып, сәуір айында-ақ жұмыстарға 150 миллион теңге қаржы бөлгізген болатын, оның 75 миллионы осы жылға жоспарланған-ды. Десек те, жөндеу әлі басталмапты. Жобалық-сметалық құжаттары кешіктіріліп әзірленген, жөндеу жұмыстары, атап айтсақ, емхананың ішін әрлеу енді ғана басталмақ.

– Жұмысқа бұлай жауапсыз қарауға болмайды. Қаржы сұрамас бұрын құжаттарды әзірлеу керек еді. Осыншама уақыт істі созуға болмайды ғой, – деген облыс әкімі қоғамдық кеңес төрағасынан осы мәселені кезекті кеңес отырысында жан-жақты талқылауды сұрады.

Нұржан Кенжеұлы,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button