РУХАНИ ЖАҢҒЫРУТОП

Рухы биік елдің, еңсесі де асқақ

Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. Ғасырлар бойы аңсаған осынау арманға қол жеткізу үшін қазақ халқы түрлі тарихи кезеңді бастан кешті. Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін ерекше тәтті ұғым. Ендеше мәңгілік тәуелсіз  ел болып қалу үшін қазаққа өр рух керек. Осы орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы елімізде үлкен жобаның қолға алынуына себеп болды.  

– «Рухани жаңғыру» – бұл өте ауқымды   бағдарлама.  Бүгінде бағдарлама аясында 17 жоба қолға алынып іске асырылып жатыр.  Оның ішінде облыс жұртшылығына  «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» атты жобалар жақсы таныс. Ал шындығында, бұл бағдарлама аясында қолға алынған өзге де жобалар көп. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  ұлт болып қалуды мақсат етеді. Әйтпесе, жаһандануға жұтылып, тарих сахнасынан жоғалып жатқан ұлттар қаншама, – дейді «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Шерьязданова.

Айтуынша,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  биыл республика деңгейінде  «Дәстүр мен ғұрып» деп аталатын арнайы жоба қолға алыныпты. Бұл арнайы жобаның мақсаты – ел жадынан ұмытыла бастаған, бірақ тәрбиелік мәні тұрғысынан өзекті  болып отырған дәстүр мен ғұрыпты қайта жандандыру.  Міне, осы жобаның аясында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «Ақ әжемнің ас үйі», «Атамның аманаты», «Ұлттық қолөнер», «Ұлттық ойындар» секілді жобаларды қолға алған.

–Бұл жобалардың ешқайсысы  қаржыны талап етпейді. Ең бастысы, ұлттық  құндылыққа құрмет пен қызығушылық болса жеткілікті.

Жалпы, қазақ  халқы салт пен дәстүрге, әдет-ғұрыпқа өте бай халық қой. Ұлттық асханамыз қандай бай! Ендеше неге осынау байлықты ұрпақтың кәдесіне жаратпасқа,   – дейді Қарлығаш Маушанқызы. –Мысалы, кез келген адамнан «Сіз қандай қазақтың ұлттық ойынын білесіз?» деп сұрай қалсаңыз, тоғызқұмалақ, қыз қуу, көкпар деп санамалай келеді де тосылып қалады. Ал қазақта  дүмпілдек, қарагие, монданақ, сірес, әуе таяқ деген ұлттық ойындар болғанын қазір көпшілік біле бермейді. Осының ішіндегі қарагие ойынын алайықшы. Бұл ойын негізінен Маңғыстау жеріндегі Қарақия өңірінен тараған екен.   Қарагие атауы сол жердің жергілікті атауына сәйкес «батыр» деген ұғыммен де байланысады. Ойын көбінесе тек ер балалар арасында ұйымдастырылады. Олардың саны 4-8 адамға дейін немесе одан да көп болуы мүмкін. Әр ойыншының қолында қайың, ырғай, тал секілді қатты ағаштан жасалған, ұшы істік тәріздес, ұзындықтары  бірдей найза пішінді таяқшалар болады. Ойынға қатысушылар бір сызық бойымен қатарласа сапқа тұрып ескі малақайларды нысана етіп, мергендіктерін сынайды. Кейін бұл ойын өзгеріске ұшырайды.  Қазір біздің балаларымыз дартс деп ойнап жүрген ойын тура осы қарагиенің нақ өзі. Біздің ата-бабаларымыз осы ойын арқылы ұл балаларды мергендікке тәрбиелеген екен.

Ақ әжемнің ас үйі 

Биылғы тамыз айында «Ақ әжемнің ас үйі» атты аймақтық жоба қолға алынған. Бұл жоба аясында орталықтың Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі парақшасында ауыл-қаладағы ақ әжелеріміз сөз алып, қимай, сүмесүт, өрметас, қазанжаппай секілді ұлттық тағамдарды  дәріптеп жүр.    «Атамның аманаты» деген   жобаның да берері көп. Сондай-ақ  өңірлік орталық мамандары «Ұлттық қолөнер шеберлері», «Шығыстың спорт тарландары», «Еңбек адамы» атты жобаларды да белсенді түрде жүргізіп отыр.

–Тамыз  айынан бастап біз «Шығыстың спорт тарландары» атты айдарды жүргізіп келеміз.  Кезінде кеңес дәуірінде Қазақстанның атын одаққа әйгілі еткен, бірақ бүгінде  аты ұмытылып қалған  спортшы жерлестеріміз көп екен. Біз солардың есімдерін қайтадан жаңғыртсақ дедік. Әрбір ауданда ұмытылып бара жатқан спортшылар көп екен. Қазір бізге «бізде ана кісі бар екен, мына кісі бар екен» деп  хабарласқандар көп. Мысалы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш баскетболшы қыз Шолпан Дүйсенова  зайсандық екен. Керемет емес пе? – дейді Қарлығаш Шерьязданова.

– «Рухани жаңғыру» жобасы    Елбасының екі мақаласын негізге алады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры». «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» мақсаты – ұлттық сананы өзгерту, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихи сананы өзгертуді көздейді, – дейді Қ. Шерьязданова.

Айтуынша,  өңірлік орталық республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Түркі әлемінің генезисі» деген жоба шеңберінде келер жылы «Түркінің үрім-бұтағы» атты жобаны бастамақ. Бұл жоба бойынша түркі тектес халықтардың  қазақпен сабақтастығын, байланысын зерттеу қолға алынбақ.  Сондай-ақ республикалық «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты арнайы жобаның аясында  «Ұлы дала soundы» жобасын іске асыруды да жоспарлап қойыпты.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығы биыл 3072 ірі іс-шара өткізіпті. Мысалы, «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру аясында жалпы сомасы 181 млн. теңгеге 161 жоба жүзеге асқан. Туған жерінің дамуына  үлес қосып келе жатқан кәсіпкерлер жетерлік. Мысалы, пандемия кезінде қала-аудандардағы меценаттар жерлестеріне азық-түлік себеттерін таратты. Мысалы, Абай ауданының кәсіпкерлері «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында Семей тұрғындарына  тегін қымыз жеткізіп берді. Айта берсек, мұндай игі істер өте көп.

– Біз  «Рухани жаңғыру»  аясында қолға алынған шараларға  барлық адамдар қатысса дейміз. Кейбір адамдар бұл жобаны жылда шығатын  қатардағы бағдарлама ретінде қабылдап, түсінбей жатады. Рас, бұл  бағдарлама алғаш қабылданғанда кез келген іс-шараны «Рухани жаңғыруға» тықпалау да болғанын жасырмаймыз.  Мысалы, оншақты мемлекеттік қызметкерді жинап алып, екі шақырымға жүгіртіп, «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында марафон өтті дей салатын. Шыны керек, біз бұған қатты қарсы болдық, күрестік. Қазір бұл бағдарлама – нағыз рухани құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған. Бұл – 3-4 жылдық емес, ұзақ мерзімді жоба, – дейді Қарлығаш Шерьязданова.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button