Қоғам

Русланның алғашқы жүлдесі

Русланның алғашқы жүлдесі


Италияның Линьяно қаласында өткен семсерлесуден 42-ші «Trofeo Carroccio» турнирінде ел намысын қорғаған Руслан Курбанов жүлделі орыннан көрінді.

Жазғы спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Руслан Курбанов Әлем кубогының кезеңі саналатын дүбірлі жарыста Қазақстан атынан сынға түскен жалғыз спортшы болғанын айта кеткен жөн. Соған қарамастан, жерлесіміз сенсация жасап, жүлдегерлер қатарынан табыла білді.

Алдымен 2016 жылғы Гран-при кезеңінің күміс жүлдегері франциялық Александр Барденені 15:14 есебімен ұтқан Руслан бұдан кейін атақты ирандық Мохаммада Реза Тадиден 15:13 есебімен басым түсті. Ал келесі кезеңде жерлесіміз ойламаған жерден әлемдік рейтингтің екінші сатысында тұрған оңтүстіккореялық Ген Ду Пакті тізе бүктірді. Есеп 15:13. Ширек финалда шығысқазақстандық семсерлесуші тағы бір азулы қарсылас – жапондық Масару Ямаданы еркін жеңді, 15:11.

Өкінішке қарай, жартылай финалда Курбанов артынша жарыс жеңімпазы атанған мажарстандық Андрас Редлиге жол берді.

Қола жүлде иегері атанған Руслан үшін бұл әлемдік деңгейдегі додаларда алған алғашқы медалі екенін айта кеткен абзал.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button