Рухымымызды асқақтатқан art-фестиваль

«Рухты Шығыс» атты жастар art-фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығына арналды. Фестиваль «Бейбітшілік» аралындағы жастардың экологиялық сенбілігінен басталды. Оған жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, ауыл және қала жастары, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері белсене қатысты. Аралда тазалық жұмыстарын жүргізіп, көшеттер екті.
Келесі күні жастар «Ұлы дала келбеті» тақырыбында граффити бағытындағы суреттер салды. Сондай-ақ, фестиваль Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуге жалғасты. Ал Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде «Zhas project» жобасының жеңімпазы, суретші Ольга Чавкинамен қызықты кездесу өтті. Ольга «Perfomance» арт-студиясының жетекшісі ретінде шеберлік сағаттар өткізді. Қатысушы жастар көп тәлім алды.
-Шығыс жастарының «Zhas project» облыстық форумындағы бизнес-жобалары шыны керек көпшілікті таңғалдырды, – деді Семей қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай, – облыста осыған орай 149 жоба жүзеге асты. Өз ұсыныстарын білдірген 491 қатысушы бір миллион теңге көлеміндегі шәкіртақыға ие болды. Форум барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, жастар өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік алды. Кейбір қатысушылар қонақтарға табиғи сүт өнімдерін ұсынса, енді біреулері өздерінің кәдесыйлық бұйымдарымен көпшілік назарын аударды. Сол жоба жеңімпазының бірі Ольга Чавкина екенін құрметпен атап өтуге болады.
Фестиваль аясында Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың қатысуымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ақын, «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ержан Жұмабековпен ашық алаң диалогы өтті. Ержанға музей директоры Қайрат Сабырбай «Дүлдүлдер дүбірі» атты кітабын сыйға тартты. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова фестивальге қатысушы жастарға ерекше риза болып, ақ тілегін білдірді.
Семей мемлекеттік медицина университетінде «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың» халықаралық орталығы директорының орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Нұркеновпен кездесу өтті. Студенттер жаңа заман технологиялары жайлы көптеген ақпараттар алмасты.
Ал Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте Шемонайха ауданы, Усть-Таловка ауылынан келген театр өнері пәнінің ұстазы Валентин Алифанов «Актерлік шеберлік» сыныптарын өткізді. Сондай-ақ студент-жастар «Үміт» балалар үйінің көркемдік жетекшісі, «100 есімге» кірген талант Евгений Выбловпен емен-жарқын әңгімелесті.
Семейдегі Электротехникалық колледжде жас спортшылар «Әлем барысы» Айбек Нұғымаровпен жүздесті. Фестиваль аясында жастар қауымы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейін, «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» музей үйін, Ф. Достоевскийдің музей үйін аралап, бір жасап қалды.
Қалалық мәдениет үйінде Freestyle, Домбыра party, ұлттық караоке алаңдары жұмыс істеп тұрды. Жастардың art-фестивалі ғашықтардың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күніне арналған мерекелік концертпен аяқталды. Оған халықаралық «Пражские шедевры» фестиваль-конкурсының жеңімпазы Татьяна Куропаткина, «Жас қанат» ән конкурсының «Алтын қанат» жүлдегері Парасат Отан және «Х-фактор» жобасының жеңімпазы Евгений Выблова, даңқты «IN CORO» тобы да қатысты. Биыл «Абай әлемі» жобасы аясында жас ақын-жазушылардың шығармалары басылып шығады. Ал талантты суретшілер «Арт ZAMAN» жобасына қатысып, бақ сынамақ.
Раушан Нұғманбекова
Семей.