Рухы мықты жандардың мерекесі

Өскемендегі оқушылардың шығармашылық үйінде асқақ рух пен мейірімді ұштастырған тамаша мереке өтті. Сахна төрінде өнер көрсеткен мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне күнделікті өмірде қолғабыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлерді мерекелерімен осылайша құттықтады. Бұл мейрам еліміз егемендік алғаннан бері аталып келеді.
–Қазан айының соңғы жексенбісі Елбасының Жарлығымен әлеуметтік қызметкерлер күні болып бекітілген, – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүгедектер істері жөніндегі сарапшылардың жұмыс комиссиясының төрағасы Ольга Кузовлева. – Бірақ оларға деген мейіріміміз бір күнмен шектелмей, біз оларға өмір бойы қамқорлық көрсетуіміз керек.
Ольга Кузовлеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ерекше жандардың басқалармен тең өмір сүруіне жағдай жасайтын бағыттар көп. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан үшінші сектор өкілдеріне зор сенім артылған. Үкіметтік емес ұйымдар осындай жандармен жұмыс істеуде тамаша нәтижелерге жетіп жүр.
Соның айғағындай, мереке барысында мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің рухы биік екенін тағы бір дәлелдеді. «Алтын-Ай» мүгедек әйелдер қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Нұр-шуақ» ансамблі мүшелері ән айтып, би биледі. Ольга Алифирова жетекшілік ететін Балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталық тәрбиеленушілерінің «Музыкалық оркестрі» Айдос Айдардың орындауындағы «Анашым» әні, Алина Семенованың өнері жиналғандардың көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді. Айтпақшы, Алина сахнада Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевамен ән салған талантты қыз.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп атқаратын «Кедергісіз келешек» жобасы туралы айтып берді.
– Бүгінгі шара «Нұр Отан» партиясының бірлескен жобасы аясында өтіп жатыр. Мұқтаж жандарға көмек көрсететін адамдардың қызметі өте маңызды және қандай құрметке болсын лайық, – деп атап өтті партия төрағасының бірініш орынбасары.
Барлық жан жылуы мен мейрімін ерекше жандардың күтіміне арнап келе жатқан әлеуметтік қызметкерлер «Нұр Отан» партиясының, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталып, қомақты сыйлықтарға ие болды. Олардың арасында Мадина Қайранбаева, Қарлығаш Асылова, Гүлназ Галиева, Галина Қырықпаева сынды әлеуметтік қызметкерлер, «Алтын-Ай» қоғамдық бірлестігі, Өскемен балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Үлбі» қалалық аумақтық тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымдары бар.
«Үлбі» орталығының қызметкері Қарлығаш Асылованың күтімінде алты бала бар екен. Олар Дауна синдромы, балалардың сал ауруы сияқты ауыр дерттерге шалдыққан.
-Ондай балалармен жұмыс істеу өте қиын. Бірақ олардың саған қарағандағы алғысқа толы жанарын көрудің өзі үлкен бақыт. Отбасым, екі балам бар. Дегенмен жанымның жылуын қарамағымдағы ерекше тәрбиеленушілерімнен де аямаймын, – дейді Қарлығаш Асылова.
Қарлығаштың тәрбиесіндегі екі көзі нашар көретін Қырмызы Мұратбек есімді қыз өткен жылы тақпақ айтудан облыста екінші орын алыпты.
-Отан туралы өлеңді бір ай жаттадық. Зағип оқушыларға арналған қазақша мектеп болмағандықтан, №14 орыс мектеп-балабақшасына барады, қандасымызға орыс тілі қиын болғанымен, табандылығының арқасында жүлделі орын алдық, – деп мақтап қойды Қарлығаш Асылова.
Айна Ескенқызы