Рухы асқақ Айнажаровтың әсем әлемі

Облыстық өнер музейінде аягөздік танымал суретші, ағашты ойып тұрып, бедерлі сурет салатын шебер Қалибек Айнажаровтың «Қыр баласының әсем әлемі» атты жеке көрмесі ашылды. Көрмеге шебердің «Охота на волка», «Жеребеночек», «Битва батыров», «Танец шамана», «Қобызшы», «Здравствуй, степь, я сын твой!», «Немые свидетели вечности», «Поединок Сухраба с Гурдафарид» сияқты отыздан астам дүниесі қойылыпты. Жерлесіміздің халықаралық өнертанушы қоғамдастықтардың жоғары бағасын алған жұмыстары әлемнің белгілі өнер туындыларының сайттарында жарияланып келеді.
Әлемді мойындатқан шебер
Қазақстанның өнер туын әлемдік деңгейде желбіретіп жүрген Қалибектің талайлы тағдыры туралы кезінде «Диагноз» атты кітап жазылып, осы аттас фильм де түсірілген-ді. Ауруханаға өз аяғымен келген бозбала мүгедек арбасына таңылып шығады. Талай жыл өткен соң, өзінің жарымжан болып қалуына ота жасаған дәрігер кінәлі екенін кездейсоқ білген жас жігіт кегін қайтармақ болып, хирургті атады.
–Менің өмір сүргім келмеді. Жүрегімді қайғы-мұң торлап, өкініш пен ыза-кек кернеді. Неге мен? Не үшін? Оның үстіне, әділдік іздеп қанша шарқ ұрсам да, мені тыңдаған жан болмады. Дәрігерлердің қателігінен өмірім қор болса да, ол үшін ешкімді жауапқа тартпайтындарын ұққанда, әділетсіздікке жаным төзбей, дәрігерді атуға бел будым. Бұл, бір жағынан, қоғамның назарын аудару болса, екінші жағынан, өміріме осылайша нүкте қойғым келген, –деп еді осыдан көп жыл бұрын маған берген сұхбатында суретші.
Мамыражай тірлік кешіп жатқан Кеңес Одағын дүр сілкіндірген сол бір атыстан бері де 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Сол қылмысы үшін шартты жазаға да кесіледі. Бірақ Қалибек Айнажаровтың пешенесіне танымал шебер болу жазылған екен. Рухты азамат қиын тағдырына мойымай, өзінің ізденімпаздығының, Жаратушы берген дарынының арқасында дүние жүзін мойындатып отыр. Абай мен Омар Хайямның өлеңдерін жатқа оқитын жерлесіміздің туындылары Британия, Франция, Ресейдің бірқатар сайттарында өнерді бағалай білетін жандардың көзайымы болып келеді.
–Бірінші сыныпта қисық жазған әріптер мектеп бітіргенше түзелетіні сияқты, бертін келе менің дүниелерімнің сапасы да түзелді. Мен Американы ашқам жоқ. Бар болғаны, қолымнан келетін іспен айналысамын. Әртүрлі жануарлардың мүсіндерін әдемілеп оюға болар, бірақ мен үшін әр туындыда мағына, философиялық ой болу керек. Қамшының сабындай қысқа өмірде артыңда ізгі із қалдыруға тырысқан жөн, – деп толғанады шебер бүгін.
Қалибектің жұмыстары – аңыздар мен халық даналығынан түйілген философиялық ойлардың көрінісі. Мысалы, бұл жалғандағы тұрлауы жоқ тірліктің мағынасын қазақтың «Жетіқарақшы» ертегісінің желісімен жасалған инсталляция арқылы көрсетуге тырысады. «Жұлдыздардың астында өзім шылым шегіп отырғаным, «адам, сен әлемдік деңгейде алғанда бар болғаны түтінсің, нүктесің» дегенім. Бар болғаны, А нүктесінен Б пунктіне дейін жүріп өтеміз.
Өміріміздің әр сәтіне қуанышпен қарап, «не үшін жаралдым, не бітірдім?» деген сұрақтарға жауап беруге тырысуымыз керек» деп түсіндіреді автордың өзі.
«Поединок Сухраба с Гурдафарид» еңбегі Мәскеу қаласында 2012 жылы өткен семсерлесушілердің халықаралық жарысына тақырыптық туынды ретінде жасалған. Ұйымдастырушылар Қалибек Айнажаровқа арнайы шақырту жіберіп, ұсыныс білдіріпті. Француздардың нояндарын немесе Англияның рыцарьларын бейнелуіне де болар еді. Бірақ Қалибек еуропалықтарға Сухраб пен Гурдафаридтың қайғылы махаббаты туралы аңызды көрсеткісі келіпті. Сухраб қызбен жекпе-жекке шыққанын жігіт болып киініп алған Гурдафаридтың бас киімі түсіп, шашы жайылып кеткенде ғана ұғады. Әсерлі аңызға тәнті болған батыстықтар туындыны сайттан сайтқа көшіріп басып, француздар өздерінде автордың бұдан басқа тағы 25 жұмысын жариялайды.

Әлемдік мәдениетке сіңірген еңбегі үшін талантты жерлесіміз Қалибек Айнажаров 2009 жылы Мәскеу қаласында «Бітімгер» Дүниежүзілік альянсының шешімімен «Дарын және қабілет» медалімен марапатталады. 2010 жылы Аргентинаның арт-галереясы Қалекеңнің еңбектері туралы таңданыспен жазса, 2012 жылы Англия мен Францияның өнертанушылары жоғары баға беріп, туындыларын көптеген интернет сайттарында жарыса басады. Биыл Қалибек Айнажаровтың туындылары тағы да әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл жолы жерлесіміздің еңбектерін тегін жариялауға «Русская галерея – ХХІ век» журналы рұқсат сұрап отыр. Әлемнің 83 еліне тарайтын, дүниежүзілік деңгейдегі өнер туындыларын ғана насихаттайтын беделді басылымның назарына жерлесіміздің жұмыстарының ілінуі – сөз жоқ, ең алдымен отандық мәдени орта үшін үлкен абырой.
Музейдің қоры оның туындысымен толығады
Әлем мойындап отырған талантты жанның өз елінде әлі лайықты бағасын ала алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Он жылдай назардан тыс қалып, өзінің шектеулі әлемінде өмір сүрген суретшінің жеке көрмесін ұйымдастырған облыстық өнер мұражайы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, қолдау көрсеткен Аягөз аудандық әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Егер шебер шалғайдағы ауылда емес, ірі қалалардың бірінде тұрса, шеберханасы болып, барлық жағдайы жасалса, ол бұдан да биік асуларды бағындырары сөзсіз еді.
–Қалекеңнің еңбегін көріп, жүрегім елжіреді. Қиын тағдырын сәніне айналдыра білген авторға бас иемін. Өнерге ешқандай аудармашының қажеті жоқ, жүрекпен түсіну керек. Еуропада танылған автордың өзімізде енді біліп жатқанымыз ұят, әлеуметке танытып жатқан өнер мұражайына рахмет, – деген қоғам қайреткері Түсіпхан Түсіпбеков суретшіні «Кедергісіз келешек» бағдарламасы арқылы қолдап, тапсырыстар беріп отыру, туындыларын республикалық көрмелерге қойып жүру туралы ұсынысын білдірді.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Қапасқызы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыстық өнер мұражайының қоры биыл Қалибек Айнажаровтың өнер туындыларымен толығатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді. Сонымен қатар авторға басқарманың Алғыс хаты мен сый-кәдесін тапсырды.
«Форте банк» АҚ облыстық филиалының директоры Рианелла Мауляшева қызметкерлерінің көрмені тамашалап үлгергенін айтып, шебердің еңбектерінен алған әсерлерінің нәтижесінде бір туындысын Өскемен қаласында алып қалғылары келетінін жеткізді. Осы мақсат үшін өнер мұражайына конверт ұсынды.
Биыл өнер туындыларының жылжымалы көрмесін ұйымдастыру ісіне 90 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай «ШҚО өнері. Живопись, графика, скульптура» атты жоба қолға алынған екен. Жоба шеңберінде шығысқазақстандық белгілі өнер адамдары туралы екі бөлімді фильм түсіріліпті. Жобаның авторы, продюсері Марат Байсалбаев пен Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрайымы Яна Шматова келесі бір бөлімдерін алдағы уақытта Қалибек Айнажаровтың шығармашылығына арнағылары келетінін айтты.
–Осындай жоба туралы идея баяғыдан келген еді. Кезінде Риддер қаласынан бастау алған жылжымалы көрме жол-жөнекей әр ауылға, елді мекенге соғып, халықты қуантып, сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласына дейін жеткен екен. Біз өңіріміздің бейнелеу өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген ұстаздарымыздың қымбат бейнелерін есте сақтап қалу үшін қолға алынған жоба аясында екі фильм түсірдік. Енді олардың қатарында аягөздік шебердің болатыны – біз үшін мәртебе. Өзіңіз туралы, шығармашылығыңыз хақында жеке фильм түсірсек дейміз, – деді Яна Шматова.

Тұсаукесер рәсімі Алматы қаласындағы Қастеев атындағы музейде ұйымдастырылған фильм кейін ЮНЕСКО-ның Орталық Азияда өткен халықаралық форумында көрсетіліпті. Шығысқазақстандық суретшілердің өнеріне тәнті болған ЮНЕСКО қосымша қаражат құю туралы шешім қабылдаған көрінеді.
Қалибек – менің бағым
«Ұлы ер адамның артында ұлы әйел тұр» демекші, Қалибектің жан жары, қайғысы мен қуанышын бөліскен Айгүл Кеңесбекқызы екеуінің махаббаты тағы бір фильмге арқау боларлықтай. Айгүлдің мөлдіреген жиырма жасында саналы түрде арбаға таңылған жігітке тұрмысқа шығуын шексіз сүйіспеншіліктен, азаматына деген құрметі мен мақтанышынан басқа не деп түсіндіруге болады? «Қалибек – менің бағым. Онымен өткізген әр күнім үшін тағдырыма алғыс айтамын. Тілек атты ұлымыз, немереміз бар», – дейді Айгүл. Қозы мен Баяндай ғашықтар туған топырақта өмірге келген Қалибекті жас отбасыларының жиі ажырасуы толғандырады. Келесі туындысын қоғамның осы өзекті тақырыбына арнағысы келеді екен.
–Мешітке, шіркеуге барып, ант-су ішеді жастарымыз. Көп ұзамай тұрмыстың қиыншылығын көтере алмай, бөлінісіп кетеді. Қоғамдағы осы келеңсіздікті бейнелесем деймін. Жанұялық құндылықтарды дәріптеп, отбасылық институттың беделін арттыру қажет. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Бірақ менің бақытым – Айгүлім үнемі қасымда, – деп тебіренеді Қалибек.
Қалибек Айнажаровтың көрмесі сәуір айының соңына дейін созылады.
«Өмір бойы сүрініп келем, қанға да бөктім, түрмеге де отырдым. Сол кезде осылайша әлемнің төріне шығамын деп ойладым ба? Құранды да оқыдым, Інжілді де түйсіндім. Иса пайғамбар сүрініп барып қайта тұрады. Ол өзін өлімге апара жатқандарын білді. Соған қарамастан құлаған жерінен көтеріліп, алға ұмтылады. Біздің әрқайсымыздың маңдайымызға жазылған тағдырымыз бар. Соған мойынсұнамыз. Менің «Дорога в Гольгофу» деген туындымның, кейбіреулер ойлағандай, религияға еш қатысы жоқ, ол осы пешенеге жазылған тағдыр жайлы».
Айна Ескенқызы