Қоғам

«Рухты Шығыс» – ептілердің сайысы

«Рухты Шығыс» – ептілердің сайысы


Өскеменде «Рухты Шығыс» деген атауға ие болған Street Workout бойынша жастар арасындағы бірінші облыстық турнир өтті. Оған өңірдің аудандары мен қалаларынан келген 14 пен 20 жас аралығындағы 50-ге жуық спортшы қатысып, облыс әкімінің жүлдесін сарапқа салды.

Жалпы, оқырман қауымға түсінікті болуы үшін, ең алдымен, «Street Workout» деген не екенін айта кетсек. Workout – бұл соңғы жылдары елімізде ғана емес, бүкіл әлемде кең тараған әуесқой спорт түрі, дене шынықтырудың бір бөлігі. Ағылшын тілінен аударғанда, street – көше, ал workout жаттығу деген мағынаны білдіреді.

– Бұл – күштілікке, икемділікке баулитын бұқаралық спорт. Аты айтып тұрғандай, мұндағы жаттығулар негізінен көше мен аулалардағы белтемір, қоссырық, қырлы бөренелер, швед қабырғасы, көлденең баспалдақтар секілді қарапайым құралдарда орындалатындықтан, workout көп шығын қажет етпейтін, қолжетімді спорт түрі саналады, – дейді жарыстың бас хатшысы Игорь Романюк.

«Рухты Шығыс» – ептілердің сайысы

Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылған турнирді өткізуге облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар орталығы ерекше атсалысыпты. Аталмыш басқарманың жастармен жұмыс бөлімі басшысы Еркебұлан Балтабековтің айтуынша, шараның негізгі мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған тапсырмаларға сәйкес, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету болып табылады.

Рас, workout жастарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартудың тамаша құралы. Бұл мәселен, хоккей не көркем гимнастика сияқты бәлендей көп қаржылай шығынды қажет етпейді. Сондықтан, әркімге де қолжетімді. Мұндай спортпен қалада да, шалғайда жатқан ауылда да айналысуға болады. «Тек, ынта-жігерің болса, болғаны» дейді жарысқа қатысушылардың бірі, стритлифтинг (классик) және фристайл сайыстарында топ жарған Мұхамед Жомартов есімді жас жігіт.

– Бұл спорт түрімен шұғылданғаныма жарты жылдай ғана уақыт болса да, осы қысқа мерзім ішінде бірталай жетістікке қол жеткізіп үлгердім. Ең алдымен, болашақта немен айналысқым келетіндігімді түсіндім. Колледжде металл жонушы мамандығы бойынша білім алдым. Алайда, өз болашағымды воркаутқа арнағым келеді, – дейді бүгінде Өскемендегі «Iron Angel» клубында жаттығып жүрген Мұхамед есімді жігіт.

Айта кетейік, бес түрлі сайыстан құралған биылғы біріншілікке ұлдармен қатар, қыздар да қатысуға мүмкіндік алды. Облыста алғаш рет ұйымдастырылса да, жарыстың аса тартысты өткенін айтқанымыз жөн. Ал турнир қорытындысына келер болсақ, жалпыкомандалық есепте бірінші орын мен облыс әкімінің жүлдесін Өскемен қаласындағы «Iron Angel» клубының өкілдері жеңіп алды. Екінші орынға Курчатовтан келген спортшылар көтерілсе, үздік үштікті риддерлік өрендер түйіндеді.

Тағы бір айтар жайт, бүгінде Шығыс Қазақстанда 20-дан астам арнайы воркаут алаңы жұмыс істеуде.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button