Руханиятымызды жаңа белеске көтерген

«Зейнолла Сәнік және ұлттық рух». Дәл осындай атаумен Семейдегі облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында белгілі жазушы, этнограф, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының, сондай-ақ, Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының мүшесі Зейнолла Сәнік пен оның жары Шәмшабану Хамзақызының көп томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.

Қазақта ұлт руханиятына қызмет еткен жандар жетерлік. Әсіресе, бұған арғы беттен келген ағайындар орасан үлес қосты. Осы ретте Зейнолла Сәніктің өресі биік. Ол құндақталған құндылықтарды тірнектеп жинақтап, ұлттық мәдениеттің жаңғыруына септескен нар тұлға. Жұңгоның (ҚХР) Тарбағатай аймағында туып-өскен оның тағдыры сан түрлі соқпақтан тұрды. 50-ші жылдары аспан асты еліндегі «мәдениет төңкерісінің» салқыны оған да әсерін тигізбей қоймады. Әйтсе де, Барқытбел саңлағы солақай саясаттың сынына мұқалған жоқ. Керісінше бұл оның шығармашылықпен айналысып, ұлт тарихын зерделеуге себепкер болды. Жазушының «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай» және «Баспай» сынды іргелі еңбектері, талғампаз оқырманның жоғары бағасын алды.
– Біріншіден, Зейнолла Сәнікті жазушы дейтін болсақ, ол 20-дан аса әңгіме, төрт хикаят және екі роман жазған. Ал фольклор танушы ретінде Қазақстанда жоқ материалдарды Қытайда жинап, зерттеп елге әкеп жарыққа шығарды. Мысалы, мынандай жағдай болды. Алматыда Мақсұт Шафиғи деген ғалыммен әңгімелесіп отырып, Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына осы Зейнолла ағаның да атсалысқанын білдім. Мәселен, қазақтың бас батырына арналған аңыз-жырдың барлығы Қытайда сақталған екен. Оны елге әкеліп, насихаттаған бірден-бір тұлға – осы Зейнолла Сәнік. Бұдан бөлек, ол кісі этнография саласына айтарлықтай үлес қосты. Ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртты десем қателеспеймін. Сол секілді қазақтың дәстүрлі емшілік өнері жайында толымды еңбектер қалдырды. Қорыта айтқанда, бұл 15 томдығымен Зейнолла Сәнік қазақ руханияты жаңа белеске көтеріп отыр десек қателеспейтініміз анық, – дейді Сүлеймен Демирел атындағы университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Мәмбетов.
Алаш жұртының бар болмысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұтастай алғанда ұлттық жадын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік беретін қаламгердің шығармалары бүгінде оқырман қауымның үлкен сұранысына ие болып отыр. Жазушы өмірден озғанымен, оның әдеби мұрасы өміршең. Сол сияқты руханият сардарының жары Шәмшабану Хамзақызы да жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын екенін айта кеткен орынды. Қаламды серік еткен асыл ана «Тау бұлағы», «Арманның суыртпағы», «Жауқазын», «Ғасыр толғаныстары», «Балаларға базарлық» сынды кітаптардың авторы. Бұл жолы қос қаламгердің шығармалары толықтай жинақталып, жарық көріп отыр.
– Бұған дейін 15 томдық шығармалар жинағының таныстырылымы Алматы мен Астана қаласында өткен еді. Аталмыш көп томдық еңбекте ұлтымыздың тарихи тұлғалары, оның ішінде Қабанбай батыр, Сүлеймен би, Қайрақбай күйші, тағы сол секілді ұлттың ұранына айналған хандар, билер, батырлар туралы жазылған. Сонымен қатар, ағамыз халықтың басынан өткен нәубетті баяндайтын «Сергелдең» атты роман жазған. Қаламгердің этнографиялық еңбектері үлкен сұранысқа ие. Зейнолла Сәнік әр еңбегін ғылыми тұжырымдармен бекітіп отырған, – деп атап өтті «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры, белгілі ақын Серік Қалиев.
Көлемді жинақтың таныстырылымына еліміздің белгілі тұлғалары жиналды. Олардың қатарынан халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Ғалым Жайлыбай, белгілі тарихшы, профессор Мұхтарбек Кәрімов, сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов және Зейнолла Сәніктің жары Шәмшабану Хамзақызы мен балалары табылды. Жиында зиялы қауым өкілдері З.Сәніктің шығармашылығы терең талдауды талап ететініне тоқталып, жазушының отандық әдебиетте алар орны айрықша екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, басқа қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильм ұсынылып, оқырман қауымға кітаптар сыйға тартылды.
Жақсылық Мұратқали
Семей.