Қоғам

«Рудный Алтай» газеті бір ғасырлық белесті бағындырды

«Рудный Алтай» газеті бір ғасырлық белесті бағындырды


Өңіріміздің айнасы саналатын облыстық «Рудный Алтай» газетіне тура 100 жыл толды. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1918 жылдың 10 сәуірінде ол кезде «Голос Алтая» аталған басылымның алғашқы саны жарық көрген болатын.

Соған орай облыстық Пушкин кітапханасында «Рудный Алтайға» – 100 жыл: тарих беттерін парақтағанда» атты көрме ұйымдастырылды. Мұнда келушілер назарына газеттің «Голос Алтаядан» «Рудный Алтайға» дейінгі барлық кезеңіне қатысты деректер ұсынылды. Аймақтың тыныс-тіршілігін паш еткен газеттің қалай жарық көргені, газетте кімдердің қызмет істегені туралы зерттеушілер мен өлкетанушылардың, журналистердің жазбалары оқырмандарға қызықты болғаны сөзсіз. Ең керемет тосынсый – кітапхана қызметкерлері көпшілікалдынагазеттің сонау 40-шы, 50-ші жылдардан бастап қазіргі тәуелсіздік дәуіріне дейінгі кезеңдерде шыққан тігінділерінқойыпты.Осы күнге бір данасы ғана жетіп отырғанбұл сарғыш парақтар бүгінде құнды жәдігер саналады.

«Рудный Алтай» газеті әр кездерде «Голос Алтая», «Известия», «Советская власть», «Смычка», «Крестьянский труд», «Прииртышский коммунар», «Большевик Алтая», «Знамя коммунизма» сияқты түрлі атаулармен шыққан. 1963 жылдың мамырынан бастап қазіргі атына ие болды. Редакция қабырғасында танымал жазушыларПавел Бажов пен Николай Ивановтыңқызмет атқарғандарында атап өткен жөн.

Бүгінгі таңда аталмыш басылым – облыс көлемінде кеңінен таралатын ақпараттық газет, жас журналистердің шеберлігін шындайтынбірегей мектеп. Киелі шаңырақтан республикаға танымал көптеген журналистер түлеп ұшқан.

Осы айтулы күнге орай кітапхананың кең залында газеттің бір топ ардагер журналистерімен кездесу де өтті. Көп жылдар бойы осы басылымда қажырлы еңбек еткенШәкерхан Әзмұхамедов, Анатолий Акава, Владимир Никифоров, Сергей Суров, Андрей Кратенко сынды тілшілер оқырмандар алдында қызықты да әсерлі естеліктерімен бөлісіп, талай сындарлы саясаттың соқпағынан өткен газеттің кешегісі мен бүгінгісі жайында келелі әңгіме өрбітті.Әлбетте, тарихы терең газеттің негізін қалаған тұлғалардың есімдері де атаусыз қалмады.

– Ол заман, әрине, бүгінгінің дамыған кезеңімен тең емес. Қазір технологияның дамыған тұсы, жағалай компьютер. Ал кеңестік дәуірде кезекті нөмірді жарыққа шығару үшін журналистер таң атқанша редакцияда жүретін, – деген Анатолий Акава газеттің бұрынырақ қандай машақатпен шығарылғанын сөз етті.

Болашақ журналистика туралы ой айтқан ардагер тілшілер алдағы уақытта электронды ақпарат құралдарының дәуірлейтінін жеткізді.Кездесуге қатысқан жастар ардагерлерден мамандықтың қыр-сырына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит газеттіңәр жылдары Шығыс жұртыныңерен еңбегін насихаттап, көпшілікке жеткізіп отырғанын, облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігін жаңа қырынан жазып келетінін баса айтып, қалың оқырманы қалыптасқан беделді редакция ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

– Бұл облыстың іргелі әрі байырғы басылымы – «Рудный Алтай» газетінің 100 жылдығына қатысты іс-шаралардың басы ғана. Алдағы уақытта газеттің мерейтойына арнап кітап шығару, бейнефильм түсіру, арнайы газет санын жариялау жоспарымызда бар, – деді салиқалы басқосуды түйіндеген «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің басқарма төрағасы Серік Жеңісов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button