Қоғам

Рубик текшесін тоғыз секундта құрады

Рубик текшесін тоғыз секундта құрады


Рубик текшесін құрастырудан Әлем чемпионаты алғаш 1982 жылы Мажарстанда, басқатырғыштың өзінің туған топырағында болды. Ал екіншісі 2003 жылы Канада жерінде өтті. Осы аралықта бұл текше жаһанға жақсы таралып кетті.

Еліміздегі ресми чемпионатты бірінші Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды. 2017 жылы. Сол кезде спидкубингтің әлемдік ассоциациясының құрамында 16 отандасымыз ғана болған. Екі жылдың ішінде біздегі деңгейі қай шамаға көтерілгенін білмейміз. Соңғы дерек бойынша, шашыраған текшені 630 қазақстандық кәсіби түрде жинап беретін болыпты. Әлбетте, мұнымен көбіне мектеп оқушыларының айналысатыны белгілі.

– Балам құралпастарының телефонға телміретін уақытын Рубик текшесіне арнайды. Жүрсе де сонымен әуре болып бара жатады. Білігін бір өзі күнбе-күн жетілдіреді. Байқағаным, бұл текше баланың есте сақтауын жақсартады екен. Тапсырған істің бірін қалдырмай тыңғылықты орындайды. Сабағына да тиянақты, – дейді Әлішер есімді ұлын қалалық жарысқа алып келген Гүлсана Исағалиева.

Жарысты ресми түрде қалаішілік демесеңіз, Астана, Алматы, Павлодар, Семей шаһарларынан да ойыншылар келді. Олар спидкубингі енді тәй-тәй басқан Өскемендегі ойыншылармен сайысып, үлкен додаларға дайындамақ. Финалға 12 ойыншы шықты. Ол сапта Өскеменнің сайыскерлері болған жоқ. Бірақ жергілікті қатысушылардың жүлдесін бөлек үлестірді.

№16 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Әлішер Исағалиев Megaminx, Pyraminx, Clock, Square-1 деп кете беретін 14 түрі бар сайыста жерлестерінен басым түсіп, кубокқа ие болды. Барлық кезеңнің ортақ есебі бойынша, ол текшені 14 секундта жинады. Ал жалпы жарысты алматылық Абылай Оразалин үздік шықты. Оның уақыты 9,91 секунд. Байқағандарыңыздай, секундтан да ұсақ бөлшектер рөл ойнайтын бұл жарыста 9,91 мен 14 секундтың ортасы недәуір қашық…

«World Cube» ассоциациясы мен «KAZAKHSTAN SPEEDCUBING» федерациясы ұйымдастыратын сайыстың өтуіне қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйытқы болғанын айта кетейік.

– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бірақ жергілікті сайыскерлердің нәтижесін кәсіби түрде төмен деп айта аламыз. Бұл спорт түрі Өскеменде енді дамып келе жатқандықтан, нәтиженің төмен болуы заңды да. Сөйтсе де жастардың ынтасы зор екені байқалады. Бүгінгі додадан кейін үлкен жарыстарға жол ашылды. Оларды сол жақта күтеміз, – деді «World Cube» ассоциациясының Өзбекстаннан келген өкілі Игорь Аипкин.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button