Өрт сөндіруші өрендер сынға түсті

– Болашақ өрт сөндірушілерді сын тезіне салатын «Қауіпсіздік мектебі» жарысы бұған дейін қала мектептерінің арасында өтіп келген еді. Биыл аясы кеңейіп, облыстық деңгейге көтерілді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Амангелді Шегетаев.
Бұл сайыс командалық ұйымшылдықты талап етеді. Бірлігі кеткен топ жаман дегендей, бірі сүрінсе, бәрі жығылмақ. Өйткені бүкіл бекеттегі бөгесіндердің бұлжымас шарты бар. Мінеки, мұндай жарыстарға өжет, шымыр жастардың ғана қатыса алатынын айтып, саптағы сайыпқырандарды жігерлендірді облыстық қосымша білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Мұхаметқалиұлы.
Доданың дабылы қағылғанда, сайыскерлеріміз үріккен құстай жан-жаққа бытырап кетті. Сөйтсек, төрт бөлімнен тұратын жарыстың бірі алаңда, бірі сахнада бір мезетте бастала береді екен. Облыс аудандары мен қалаларынан келген ұзын саны 14 топ бөлініп-бөлініп әр кезеңнен өтетін болды.
Бірінші барғанымыз «Өрт сөндіру» кезеңі болды. Мұнда бірінші бала кедергілерден жүгіріп өтіп, екіншісіне қол жалғайды. Ал ол арнаулы киімді киіп, жарысты әрмен қарай жалғастырады. Соңғы сайыскер өрт шлангасынан атқылаған сумен оншақты метр қашықта діңгек басына қойылған допты атып түсіріп, мәреге жүгіреді. Біз көрген топ сүрінбей өткен секілді бұл сыннан. Бірақ қазылықтағы кәнігі мамандардың көзімен қалай көрінетінін қайдан білейік…
– Бұл балаларға құрал-саймандардың қолданылу тәсілін өз ауданындағы өрт сөндірушілер алдын ала үйретіп, бір ай бұрын оқу-жаттығуын өткізген, – деді сөз ығытында қасымдағы серігім – Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Ерлан Тоқабаев.
Айтуға қызық, «Таныстыру» кезеңі болды. Мұнда өнерлерімен өздерін нағыз өрт сөндірушідей көрсетіп, мамандықтың болмысын ашатын жалынды сөздер айтып жатты Көкпекті ауданының тобы.
– Құтқарушылар өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өміріне араша түседі! Олар жалын өршіген сайын екілене жұмыс істейді! Олар – бес қаруы сай батырлар! – дейді көкпектіліктер бірінің сөзін бірі іліп әкетіп.
Кезеңнің үшіншісі – «Спортландия», төртіншісі «Алғашқы медициналық көмек» деп аталды. Аттары айтып тұрғандай, алғашқысында спорттың секіру, бауырмен жорғалау сынды түрлері болса, кейінгісінде аяқ пен қол жарақаттарын таңу және есінен танған адамға алғашқы көмек көрсету тапсырмалары болды. Оған қоса, аздаған тест сұрақтарына да жауап берді.
Бұл сайыс көркем таудың кең қолатында орын тепкен ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының оқыту-сауықтыру лагерінде өтті. Сайыскерлер бұл жерге бір күн бұрын келген екен. Аламанда алқын-жұлқын жүлдеге ұмтылғанымен, былайғы өмірде тату дос болып шықты олар.
Тойдың «болғанынан» «боладысы» қызық емес пе, қанша күнгі уайым мен үздіксіз дайындықтың нәтижесі бас-аяғы екі-ақ сағатта шықты. Барлық топқа Алғыс хаттар табысталып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар үлестірілді. Медаль мен кубоктың қоласын семейліктер иеленсе, күмісін курчатовтық өрендер ұтты. Ал өскемендіктер алтын медальды мойынға тағып, алтын кубокты бастарынан асыра көтерді.
Әр кезеңнің үздік топтары да атаусыз қалған жоқ, «Спортландия» бәйгесі Ұлан ауданының, «Өрт сөндірудің» бәйгесі Аягөз ауданының, «Алғашқы медициналық көмектің» бәйгесі Жарма ауданының, «Көрермен көзайымының» бәйгесі Глубокое ауданының қанжығасына байланды.
– Өрт сөндірушінің киімін киіп, құрал-сайманын қолымызға алғандағы әсерімізді айтып жеткізу қиын. Мейлі жеңілейік, мейлі жеңейік, осындай сайыстардың арқасында біз алдымызға мақсат қойып, күні ертең кім болатынымызды айқындаймыз, – дейді катонқарағайлық өрендер.
Тасқын Болатұлы