Өрт сөндіруге дайынбыз ба?

Күн жылынып, жаз шықса, өрт те көбейетіні белгілі. Мәселен, сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында ағымдағы жылдың басынан бері ғана төрт орман және төрт далалық өрт болса, сонымен бірге 150-ден астам жану фактісі тіркелген екен.
Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің төрағалығымен өткен төтенше жағдайларды жою және ескерту жөніндегі облыстық комиссияның кезекті мәжілісінде айтылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупі бар кезең басталғалы бері ғарыштық мониторингтің көмегімен табиғи өрттерді бақылауды тәулік бойы жүргізіп келеді. Алайда, өрт сөндірушілердің айтуынша, кейбір орман мекемелерінде техникалар мен жабдықтардың жетіспеушілігі байқалады, тиісінше жабдықталмаған. Бұл өрт кезінде жылдам қимылдауға айтарлықтай кедергісін тигізетіндігін айтады мамандар.
– Далалық өрттер мен елді мекендердегі өрттерге қарсы әрекет ету үшін мемлекеттік өртке қарсы қызмет құрылымы ауылдарда жергілікті атқарушы органдар арқылы өртке қарсы 251 ерікті құрылым жасақталған. Бұл ретте қажетті жабдықталудың жеткіліксіздігі және еріктілердің сәйкесінше дайындығының болмауы табиғи өрттерді сөндіру нәтижесіне де әсер етеді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Алексей Штыкель.
Оның айтуынша, жылдың басынан бері ғана төрт орман және төрт далалық өрт, сонымен бірге 150-ден астам жану фактісі тіркелген. Осылардың тек төрт пайыздай жағдайында ғана жергілікті атқарушы органдар өртті өздері ауыздықтай алған, қалған өрттердің бәрін азаматтық қорғаныс органдарының құрылымдары сөндірген.
– Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ шалғайдағы елді мекендерді толық қамтамасыз ету үшін 113 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеуі тиіс, – деді тағы да А.Штыкель
Қазіргі уақытта облыстың жеті ауданында жоспарланған он бекеттің сегізі қалпына келтірілген. Ағымдағы жылы өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес14 нысанды құру жоспарланған, 2020 жылы тағы 15-і құрылмақ.
– Бүгінгі таңда облыста жергілікті атқарушы органдар қаржысы есебінен ұсталынатын 63 өрт сөндіру бекеті бар, олардың 57-сі жұмыс істеп тұр. Қалған алты бекетте техника жарамсыз және өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жоқ, – деген ақпарат келтірді комиссия мәжілісінде департаменттің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің бастығы Ғафур Ақаев.
Комиссия мәжілісінде сонымен қатар алдымызда келе жатқан суға шомылу маусымы кезінде өңірдің су қоймаларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы да қаралды. Нақты деректерге сүйенер болсақ, облыста халық тығыз орналасқан елді мекендерге жақын орналасқан, суға түсуге болатын әрі қолжетімді екі мыңнан аса су қоймасы бар. Алайда олардың барлығы бірдей суға шомылу үшін арнайы жабдықталмаған. Бұл суға түсу кезінде жазатайым оқиғалардың орын алуына негізгі себептердің бірі болмақ.
Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде Семей қаласында қалалық жағажайды ұйымдастыру мәселесі әлі шешілмей тұрған жайы бар. Суға шомылатын орын су қоймаларындағы қауіпсіздік ережесінің талаптарына сәйкес емес. Нақтырақ айтсақ, арнайы оқытылған құтқарушылар, бекеттер мен жабдықтар жоқ. Құтқарушылардың айтуынша, қажетті инфрақұрылымды жасай отырып, қоғамдық, орталықтандырылған суда демалу орындарының желісін дамытуды жалғастыра беру керек. Әсіресе, Семей, Риддер қалаларында, Ұлан, Үржар және Шемонайха аудандарында бұл аса қажет. Суға шомылу маусымы ашылғанға дейін қажетті дайындықты қазірден бастап кеткен жөн.
Дәурен Аллабергенұлы