Өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды

Күннің салқындауына байланысты жекеменшік секторда тұратын тұрғындар үйлеріне от жаға бастады. Сондықтан биылғы жылыту маусымының қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері азаматтардың назарын өрт қауіпсіздігі талаптарына барынша аударып отыр.
Мәселен, өткен жылыту маусымында ғана улы газдың әсерінен өңірде 90 адам зардап шеккен. Зардап шегушілердің басым бөлігі Өскемен, Семей қалаларында және Бесқарағай, Бородулиха, Зайсан аудандарында тіркелген.
Бұл жөнінде арнайы брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Шегетаев пен Өскемен қалалық ТЖБ өртті мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы Марина Лискова айтып берді.
– Қазір облыс аумағында 225 мыңдай жеке тұрғын үй бар. Біздің мақсатымыз – әр үйді аралап, қауіп туралы иелеріне ескертіп, оларға нұсқаулық өткізу. Сондай-ақ пешті қалай қадағалау керектігі, жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін не істеу қажеттігі жөнінде кеңес беру, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Шегетаев.
Бүгінгі таңда облыста 1300-ден астам өрт тіркелген. Күннің суытуына байланысты олардың саны күн сайын өсуде. Мамандар мұны тұрғындардың көбінде дұрыс салынбаған, қысқа дайындалмаған пештерін жаға бастауымен, жылытқыштарды ұзақ уақытқа үйде қосып қалдырып кетуімен түсіндіреді.
Сондықтан облыстық ТЖД жылыту маусымы алдында осы мәселеге азаматтардың назарын ерекше аударып, өрт сөндірушілердің жеке аулаларды аралауына түсіністікпен қарауға шақырады.
Дәурен Аллабергенұлы