Руханият

Рүстем атындағы фестиваль басталды

Рүстем атындағы фестиваль басталды


Осыдан тура тоғыз жыл бұрынғы қараша айы тым-тым суық еді. Сұрқайлы болатын. Алтайдың түнерген аспаны қайтқан қаздың қаңқылымен бірге Рүстемін ұзатып салған. Ардақты перзентінің тәнін Айыртау бөктеріне тапсырғанымен, жұртшылықтың көбі рухының осы елмен бірге жасайтынын сол кездің өзінде түйсінген. Жақсының аты өлмейді ғой…

Рүстем атындағы фестиваль басталды

Өткен сенбі күні құйрықты жұлдыздай ағып өткен сол жасын ғұмыр жақсысын еске алуға өскемендіктер тағы жиылды. Тек өскемендіктер ғана емес-ау, еліміздің ең бетке ұстар тоғыз жастар театрының әртістері мен елімізге танымал театр сыншылары, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған құрметті қонақтар келді.

Бұл қонақтар Рүстем Есдәулет атындағы ІІ Театрлар фестивалінің ашылу салтанатына жиналған-ды. Салтанатты шара баспасөз мәслихатынан басталды. Облыстық драма театрының директоры Дінмұхамет Ұябай тізгінін ұстаған баспасөз жиынына белгілі театр сыншылары Бақыт Нұрпейіс, Еркін Жуасбек, Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова, Ерсайын Тәпенов бастаған құрметті қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында театр өнерінің аспанында қысқа мерзімде жарқ етіп барып сөнген Рүстем Есдәулеттің өмір жолы туралы естеліктер айтып, өнерге қосқан үлесін тілге тиек етті.

– Рүстем Өскеменге келу үшін ағаларымен көп ақылдасты. Асанәлі Әшімов сынды ағалардың ақылын тыңдады. Алматыдай өнердің ортасынан қазақ театрының қабырғасы енді қаланып жатқан Өскеменге келуге екінің бірі келісе бермейді ғой. Бірақ Рүстем бар ынтасымен кірісті. Тіпті бұл жерде қазақ театрын аштыру үшін бір өлеңінде баласының аузынан айтқызған. Көп ізденді. Сын да естіді. Бірақ соның бәрінен қорытынды шығара білді. «Атымды адам қойған соң» деген қойылымымен өзінің кім екенін танытты, – деді марқұмның үзеңгілес досы, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек.

Шынында, қазақ труппасының қоржынындағы бұл қойылым облыстық драма театрының ұжымын біраз республикалық, халықаралық байқауларда төрге оздырғаны белгілі.

Сонымен, ІІ Республикалық театрлар байқауы басталды. Сайысқа Қарағанды, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы, Семей қалаларының жастар театрлары келіпті. Ал дүбірлі додаға жоғарыдағы бес театр төрелік етеді. Қазылар төрайымы – Бақыт Нұрпейіс.

Төрайымның айтуынша, байқауға қатысуға еліміздің әр өңірінен 20-дан астам ұсыныс келіп түскен. Бірақ соның ішінен тоғыз театрға ақтық сында өнер көрсетуге мүмкіндік беріпті.

Республикалық байқауды ұйымдастырып отырған облыстық мәдениет, архив және құжаттар басқармасының басшысы Азамат Мұхаметчинов бұл фестивальдің келесіде халықаралық деңгейде өтетінін айтты. Бұйырса, Алтайдың театр өнерін әлемге танытқысы келген Рүстемін келесі байқауда әлем танитын болады.

Рүстем атындағы фестиваль басталды

Ал марқұмның ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет облыстық драма театрының әлі күнге Рүстем Есдәулеттің атымен аталмай келе жатқанына наз айтты.

– Рүстем осы театрды салғызуды армандады. Тіпті макетін де өзі сызыпты. Кезінде осы театрға Рүстемнің есімін беру жөнінде сөз болыпты. Мен Өсеменге шығарда Халық әртісі Асанәлі Әшімов басшылардан сұрай келші, неге берілмей жатқанын деп еді. Мына іс-шараны ұйымдастырып жатқан өздеріңе алғыс айтамын, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.

Айтпақшы, Жазушылар одағының атынан да бұл байқауға бір арнаулы жүлде тігілді. Ал осы әулеттің тағы бір перзенті, белгілі сазгер Бағдат Оразбайқызы Рүстемнің отбасын ортаға шығарып, ұлы олжас пен жұбайы Маржанға ат мінгізді. «Орнында бар оңалар «демекші, хас таланттың соңындағы тұяғы Олжас та биыл мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсіпті. Әкесін алқап жатқан ағайынға алғыс айтқан боз балаға жерлестері мейірлене қошемет көрсетті. Кім білсін, әкесі жетпей кеткен арманға баласы жетер.

Кеш соңында «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын, актер, режиссер Рүстем Есдәулеттің өмірінен сыр шертетін «Бөрінама» филмін ел назарына ұсынды. Қысқа ғана өмір сүріп, өшпес із қалдырған өршіл ұлдарын көгілдір экраннан көрген жерлестерінің көбі көз қиықтарын бір сулап алды. Елдің есінде қалып, көпшілікті сағындырудың өзі өлмегендіктің белгісі ғой.

P.S. Аталмыш фестиваль қарашаның 14 жұлдызына дейін жалғасады. Саф өнермен сусындағысы келген ағайынға облыстық драма театрының есігі айқара ашық.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button