Қоғам

Рәшиланың шеберханасына сұраныс көп

Рәшиланың шеберханасына сұраныс көп

Күршімнің дәл орталығынан орын тепкен «Саят» дәмханасын жұрттың бәрі біледі. Ал осы ұзын ғимараттың екінші шетінде орналасқан «Рәшила» атты тігін цехының есігін кім көрінгеннің аша бермейтіні түсінікті. Арнайы тапсырыс беру үшін келетіндерді есепке алмағанда, өзге қауымның оның бар-жоғына да назар аудара бермейтіні рас. Ал осы ғимаратқа әдейілеп бас сұғып, тыныс-тіршілігіне ден қойғанда, бұл шағын шеберхананың ауыл тұрғындары үшін қажетті бір кәсіптің орны екендігін ұғынасыз.

Қытай мемлекетінен ата жұртқа қоныс аударып келген ағайындардың қолдан келгенше тірлік істеп, алуан кәсіпке қадам жасағаны, оларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатқаны жайында айтылып та, жазылып та жүр. Шынында да, арғы бетте өзіне ғана сеніп, өз қотырын өзі қасып үйренген қандастарымыздың келген бойда шамалары келген шаруаны дөңгелентіп ала жөнелгеніне бәріміз куәміз.

– Біз Қазақстанға 2007 жылдың қыркүйек айында көшіп келдік, – дейді шеберхана иесі Рәшила Әбуқызы. – Содан бір жыл өткенде, осы шағын цехты аштым. Тігіншілік – өзімнің өмір бойғы мамандығым. Бұл мамандықты Үрімжі қаласындағы тігіншілер даярлайтын алты айлық курста оқып жүріп меңгердім. Содан бері осы жаным сүйген кәсіппен айналысып келемін. Пайдасын өзім ғана көрмей, көптеген шәкірт тәрбиеледім, оларды осы мамандықтың қыр-сырына баулыдым.
Кәсібімнің негізгі бағыты – заманауи және ұлттық киімдер тігу, сонымен қатар көрпе-жастық, матрас, тон сияқты қажетті бұйымдарды көңілдегідей етіп тігіп бере аламын. Атқарған жұмысыма жұрттың көңілі толады, сол се-бепті тапсырыс та үнемі болып тұрады.

Рәшиланың айтқанына дәл осы арада көзіміз жетіп тұрды, өйткені біз әңгімелесіп болғанша, әлденеше адам кіріп, бірі тапсырған бұйымының даярлығына, келесісі осында бар маталардың сапасына көңіл қойып, өздеріне қажетті сауалдарды қоюмен болды. Мұны көріп тұрып, біз шебер тігіншінің зерігіп отыруға уақыты жоқ екенін түсіндік.

Рәшиланың отағасы Жидай қытай елінде саяси кеңесте қызмет істеген, сөйтіп, ауқымды зейнетақыға қол жеткізген адам болып шықты. Ол жақта 30 жыл еңбек өтілі болса, жасына қарамай, зейнетке шығара беретін көрінеді. Әйтпесе, 56 жасқа енді ғана толған адамға зейнеттің ауылы алыс болар еді. Екеуі тәрбиелеп өсірген төрт баланың барлығы ата-анасына тартып еңбекқор болған екен. Соған орай, ата жұртқа келген бойда әрқайсысы өз орнын тауып, еңбекке араласыпты.

– Ендігі мақсатым – осы шағын шеберханамның іргесін кеңейтіп, қызмет көлемін ұлғайту, – дейді Рәшила. – Сонымен бірге шағын дүкен ашып қойсам деймін. Ол дүкенде басқа тауарлармен қатар өз қолымнан шыққан түрлі бұйымдар мен киімдер де саудаланған болар еді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button