Әріптестерінің отбасын қамқорлыққа алған

Рысгүл Рафаэлқызы 2002 жылдан ішкі істер органдары қатарында, облыстық ІІД қарасты Семей қалалық ішкі істер басқармасы мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарады. Оның өмірлік серігі Серік – қызмет барысында қаза болған әріптестеріміздің бірі.
Рысгүл бізге өзінің жұбайы Серік Түсіповтің қызмет барысында қалай қаза тапқаны туралы айтып берді. Оқиға былай болған еді. 1993 жылдың 22 қарашасында Семей қаласындағы сыртқы тоқыма фабрикасы жұмысшыларының жатақханасында араққатойып екі сотқар жұмысшылардың берекесін алып, былапыт сөздер айтып, келеңсіздік туғызады. Оларды қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырған милиция қызметкерінің ескертуіне құлақ аспай, бейпіл қылықтарымен қарсылық көрсетеді. Оқиға болған жерге, жатақхананың төртінші қабатына қатардағы милиционер Серік Түсіпов қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатындағы кезекшілікте болған милиционермен бірге әріптестеріне көмекке келеді.
– Шектен шыққан тентектердің біреуі – бұрын екі рет сотты болған азамат Б. милицияны ұнатпайтынын бейпіл сөзбен жеткізіп, пышағымен қаһар көрсете, астыңғы қабатқа беттеген, – деді Рысгүл Хасенова. – Бұзақы ештеңеден тайынбайтындықтан, осы бетте оны жіберуге болмайтынын, өйткені оның жолында кезіккен қандайда бір кінәсіз адамның жәбір көретінін сезген менің күйеуім ізіне түскен. Бірінші қабаттың фойесіне жеткенде оны қуып жетіп, құрықтай бергенде қолын босатып алып, іш тұсына пышағын сұғып алған.
Әріптестерінің жарақат алғанын көрген жолдастары бұзақыларды жатақхананы айнала бергенде көше қиылысында ұстаған.
1993 жылдың 25 қарашасында Семей облыстық ішкі істер басқармасы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы күзет бөлімшесінің милиционері, қатардағы милиционер Серік Тұрсынұлы облыстық ауруханада алған жарақаты салдарынан қайтыс болды.
Президенттің 1996 жылғы 24 қазандағы Қаулысымен қатардағы милиционер Түсіпов Серік Тұрсынұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Әкесі қайтыс болған кезде үш жастан енді ғана асқан сәби аурухана терезесінің шетінен бір қолымен тырмыса ұстай ұмтылып, екінші қолымен «папалап», терезе әйнегіне қол созады… Сәбиді арқасынан демеп тұрған анасының бар ойы – үш тәулік бойы жасанды дем алып жатқан жолдасының амандығы болатын.
Артында бар оңалар деген, сол сәби Әйгерім Серікова бүгінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті атанып, оны үздік тәмамдады. Серік Түсіповтың жұбайы Рысгүл Хасенованы жыл сайын 23 маусымда Қазақстан полициясының кәсіби мейрамы қарсаңында, басқа да мерекелерде Семей қалалық ішкі істер басқармасы үнемі қатардан қалдырмай, қамқорлық жасап отырады.
«Бейбіт күнде қызметтік борышын орындау кезінде өмірін қиған осындай әріптестерімізді де ұмытпай, әрқашан есімізде сақтаймыз», – дейді Семей қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері.
Раушан Нұғманбекова