Әріптестеріміздің абыройы асқақтады

Ақпарат және байланыс қызметкерлері күніне орай бірқатар әріптестеріміз республикалық һәм халықаралық марапаттарға ие болды.
Газетіміздің фототілшісі Тілеубек Шаяхметов Қазақстан Журналистер одағының елімізге танымал фото-журналист Рахымбай Ханалы атындағы сыйлығын иеленді. Елге танымал қазақ публицистикасының беделді өкілдерімен бірге марапатқа қол жеткізген әріптесіміздің шығар шыңы әлі алда деп білеміз.
Екінші бір сүйіншілі хабар Астанадан жеткен-ді. «Егемен Қазақстан» газеті карикатурашылар арасында республикалық байқау жариялаған-ды. Сол сынның шешуші кезеңіне жолдама алған «Дидар» газеті жауапты хатшысының орынбасары Мерей Қайнарұлының бағы жанып, маңдайы жарқырады. Бас қаладағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен байқауға әріптесімізге қолдау білдіріп біз де бардық.
Белгілі жазушы Төлен Әбдік, сатирик Көпен Әмірбек, жерлесіміз Сайраш Әбішқызы бастаған астаналық зиялы қауым өкілдері ең әуелі бас басылымның құрастыруымен жарық көрген «Бақорда» кітабының тұсауын кесті.
Бұдан кейін қазіргі қазақ сатирасы мен карикатурасы жайында бел шешіп әңгіме қозғаған қаламгерлер қауымы «Астана айшықтары» деген атпен жариялаған қылқалам шеберлерінің үздіктерін анықтады. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, үш айға созылған суретшілер сынына 20-дан астам шеберден 30-ға жуық туынды келіп түскен. Жалпы, суретшінің ой ұшқырлығы мен көрегендігін көрсететін бұл жанрға кейбіреулер үрке қарайтыны да шындық. Сондықтан болса керек, карикатурашылар арасында 1994 жылдан кейін мұндай байқау өтпепті.

– Бір карикатура бірнеше мақаланың жүгін көтеріп тұрады. Онда сын да, сараптама да қамтылады. Біздің елімізде бұл жанрмен жекелеген суретшілер айналысып жүргенімен, арнайы мектеп қалыптаспаған. Батыс елдерінде бұл арнайы жанр ретінде дамып бара жатса, бізде керісінше кенжелеп қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мына байқауды өткізіп отырмыз, – деді «Егемен Қазақстан» газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
Журналистер мерекесі қарсаңында өткен бұл байқауға әлемдік фото-көрмелерге қатысып жүрген, танымал карикатуршы Ғалым Смағұл бірінші орынды, әріптесіміз Мерей Қайнарұлы екінші, ақтөбелік Қайрат Ноғаев үшінші орындарды еншіледі. Жүлдегерлердің бәрі қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды.
– Баспасөздің ұмыт қалып бара жатқан жанрының бірі -карикатура еді. Бұрынғы белгілі басылымдардың бәрінде бар болатын. Бұл тақырыпты көп жұрт сын деп қабылдайды. Негізі тақырыптан ауытқымаған жөн, – деді белгілі карикатурашы және осы шараны ұйымдастырушы Айдарбек Ғазизов.
Біз редакциядағы әріптестердің қуанышына ортақтасып жатқанда, газетіміздің авторларынан да ақжолтай хабар жетті. Өңірімізге белгілі қаламгер, жерлесіміз Сайлау Төлеуов «Қазақстандық Пулитцер» сыйлығына ие болыпты.

Тек біздің елде ғана емес, бүкіл посткеңестік мемлекеттерде теңдесі жоқ мұндай марапат «Қазақстандық Пулитцер сыйлығы» деген мәртебеге бекерден-бекер ие емес. Қазақстан журналистикасына қосқан үлесі үшін тағайындалған абыройлы атақты биыл төрт қазақстандық қаламгер еншіледі. Олар: Қазақстан Журналистер Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, «Новая газета Казахстан» газетінің бұрынғы бас редакторы Амантай Дандығұлов, ұзақ жылдар Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетін басқарған жазушы-журналист Жақсылық Рахматулла және белгілі журналист, республикалық «Абай» журналының бөлім редакторы Сайлау Төлеуов те ие болды. Сөйтіп, арнайы «Қазақстандық Пулитцер» медалімен марапатталып, қомақты сыйақыны қанжығасына байлады.
Жерлесіміз мұндай мәртебелі марапатқа соңғы жыл көлемінде жазылған зерттеу мақалалары, жолсапар очерктері үшін ие болып отыр.
Мұратхан Кенжеханұлы