Қоғам

Әріптестеріміз әкім жүлдесін алды

Әріптестеріміз әкім жүлдесін алды


Ақпарат және байланыс қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Даниал Ахметов бір топ әріптестеріміз бен баспасөз ұжымдарын марапаттады.

Астананың 20 жылдық мерейі қарсаңында өңірдегі ақпарат саласында атой салып жүрген журналистер мен ұжым басшыларының басын қосқан облыс әкімі мерекемен құттықтап, байқаудың жеңімпаздарына жүлде тапсырды.

– Журналистер қауымын бүгінгі ерекше күнмен шын жүректен құттықтаймын, бақытты өмір тілеймін! Бақыт дегеніміз не? Бақыт деген, менің ойымша бейбіт өмір, жақсы жанұя, дені сау балалар мен немерелеріміз. Сіздердің биылғы мерекелеріңіз Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Астана алғаш іргетасын қалаған жылдары тек біз де ғана емес, бүкіл Азияда қаржылық дағдарыс бар еді. Соған қарамай бүгінгідей әсем шаһар салып шықтық. Бұл жобаны қолға алғаш алғанда, Елбасының екі түрлі ойы бар еді. Бірі Тәуелсіз елдің жаңа астанасын салу болса, екіншісі – сол арқылы халықтың рухын көтеру. Сол екі ой да іске асты ғой деп ойлаймын. Ал бұл нәтижеге жетуде әрине, сіздердің де еңбектеріңіз ерекше, – деді облыс әкімі.

Сонымен, «Дидар» газетінің тілшісі Дәурен Аллабергенұлы облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталса, жыл бойы әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы өзекті мәселелерді қаузап жазып келе жатқан әріптесіміз Жанаргүл Мұқатай «Төртінші өнеркәсіптік жаңғыру» аталымы бойынша екінші орынды еншіледі. Осы орайда Жанаргүл Көкенайқызының Күршім ауданы, Ақсуат ауылының ауызсу мәселесін алғашқы болып қозғап, ауылдағы жұрттың меселесінің оң шешім табуына ықпал еткенін айырықша атай кеткен ләзім. Ал руханият саласына қалам тербеп жүрген тағы бір әріптесіміз Мұратхан Кенжеханұлы «Рухани жаңғыру» аталымының бірінші орнын иеленді. Бұдан бөлек, фотоапараттың езуінен енші бөліп жүрген тілшілер қауымының арасындағы «Объективтегі өмір» аталымының екінші орнын тағы бір «дидарлық» жігіт Тілеубек Шаяхметов еншіледі. Газетіміздің тілшілері Айжанат Ихсанова облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың, Нұржан Кенжеұлы облыстық спорт басқармасының жүлдесіне ие болды.

Облыс әкімінің жүлдесіне ілінгендердің қатарында Зайсан аудандық «Достық» газетінің редактоы, Ардақ Бөлдекбай мен Күршім аудандық «Рауан» газетінің тілшісі Мейрамгүл Қозыбаева бар. Олар «Кемел келешек» аталымының бірінші орны мен үшінші орнын қанжығаға байлады. «Әлеумет» аталымының екінші, үшінші орындарын «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Юлия Вторникова мен «Жас Алаш» газетінің өңірдегі тілшісі Сәтжан Кәріпбаев бөлісті. Ал «ALTAI» арнасынның тілшісі Меруерт Расулова «Шығыс жастары» аталымының екінші орнына тігілген жүлдені алды.

Сондай-ақ ардагер журналист Болат Салықбаев, «Менің өлкем» газетінде жұмыс істейтін әріптесіміз Талғатжан Мұхамедиев, «Аягөз жаңалықтары» газетінің бас редактоыры Ермек Дайырбаев, «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Елена Пашке қатарлы әріптестеріміз облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Арман Марқа

Осы айдарда

Back to top button