Қоғам

Әріптесіміз ел чемпионы атанды

Әріптесіміз ел чемпионы атанды


Әріптесіміз, «Рудный Алтай» газетінің бұрынғы тілшісі Гүлмира Асипова әуе-спорттық эквилибрден өткен Қазақстан біріншілігінде «Әуесқой» санатында жеңімпаз атанды.

Әуе-спорттық эквилибр елімізде енді ғана танымал болып келе жатқан спорт түрінен саналады. Бұл акробатика, гимнастика, эквилибристика, хореография және актерлік шеберліктің буданы десек те болады. Елімізде аталған дисциплинадағы жарыстар шығыршық, төсем мен пилонда өткізіледі.

Осы жолы Астана қаласында ұйымдастырылған ел біріншілігіне республиканың түкпір-түкпірінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Әр қатысушының өнер көрсетуіне ең көбі төрт минут уақыт берілді. Осы уақыттың ішінде спортшылар әуеде айналу және белгілі бір қалыпта қатып қалу өнерлерін көрсетулері керек болатын. Қазылар алқасы қойылымдардың көркемдік жағына да көп мән беріпті. Мұны жеңіспен оралған әріптесіміздің өзі де айтты.

– Жарыс өте тартысты болды. Дегенмен мен бұл бәсекеге тыңғылықты дайындалып, өз күшіме сеніп бардым. Сайыс барысында қытай аңыздарының кейіпкері, жауынгер қыз Муланның рөлін сомдадым. Қойылым сәтті шыққан сияқты. Жалпы, аталған кейіпкерді таңдауыма командаластарым ұйытқы болғанын айтқым келеді, – деген Гүлмира сахна костюмін өзі тіккенін де жеткізді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button