«Ұрпағымнан артық атақ та, даңқ та керек емес»
![«Ұрпағымнан артық атақ та, даңқ та керек емес» «Ұрпағымнан артық атақ та, даңқ та керек емес»](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1525924734_img_4513-kz.jpg)
Бестерек ауылының тұрғыны, сексеннен асқан Кеңесхан ата Ұлы Отан соғысы басталғанда, бар болғаны төрт жаста еді. Бес жасынан еңбекке араласып, алдымен өзі сияқты жалаңаяқ балалармен ауылдағы қозы-лақ, сиырды бағып, кейін бұғанағы қатпай жатып, колхоздың шаруасына араласса да, құжаттарда кеткен қатенің кесірінен тыл ардагері санатына жатпайды. Кейін Кеңесхан ақсақалдың әскери борышын әскери – теңіз флотында атқарғанын, сүңгуір қайықты жоятын торпедаларды сынақтан сәтті өткізгені үшін, «1-ші класс маман» атанып, қазақтан шыққан алғашқы «аға матрос» екенін екінің бірі біле бермейді.
Аш қасқырлардың қоршауында қалған
Бүгінде шынашақтай ғана қарияға айналған Кеңесхан Жүнісовтің балалық шағының замандастарының өмірбаянынан көп айырмасы жоқ. Әкесі Жүніс 1942 жылы еңбек армиясының қатарында Қарағанды көмір шахтасына жұмысқа кетіп, сол жақта қаза табады. Шешесі Салиқа Жұмабайқызы екі ұлы – Қайырғазы мен Кеңесханды өзі өсіріп жеткізген.
-Анам жазда даладағы жұмысшыларға тамақ істейтін. Тамақ болғанда, көк бидай ұнынан қазанға қатырма қатырады. Бір қатырманы екі жұмысшыға бөліп береді, күндік норма сол. Жұмысшылар да – негізінен, әйелдер мен шалдар, – деп есіне алады қария.
Кеңесхан ағасы екеуі аналарына даладан отын жинап әкелетін. Масақ теріп, волокушкамен шөп те жинады. Астық жинағанда, лобогрейканың атына мініп, өгізбен жер жыртқандары есінде. Кейін анасы қой күзетіне шыққанда, онда да қасында еріп жүретін. Қойдың сүтінен жасалған брынза тек майданға ғана жіберілетін. Бала болып, дәмін де татып көрмепті. Осындай қиындықтарды көре жүріп, оқуға да кеш барды. Оқу оқып жүргенде, киім деген жоқ, қысы-жазы теріден тігілген шалбар-күртешемен шығады. Күні бойы талғажау ететін жарты кесе талқан болса, соған қанағат. Болмаса, ұзақты күн аш жүреді. Жеті шақырымдай жердегі келесі ауылдағы мектепке бару үшін, қыстың гүні тас қараңғыда жолға шығатын. Тіпті бірнеше рет аш қасқырлар қамап, 3-4 бала әрең құтылғандары бар.
Кеңесхан атаның айтуына қарағанда, жетіжылдықты бітіргеннен кейін, ары қарай оқуға жағдайы болмаған соң, шопан болып жұмысқа кіреді. Қой баққанда да, қатарының алды болып, марапаттардан кенде қалмайды. 1957 жылы Семей қаласында өткен шопандар слетіне қатысып, сыйға әдемі үстел сағатын алады. Еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін КСРО Жоғары Кеңесінің шешімімен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
«Аға матрос» атанған қазақ
1959 жылдың күзінде әскерге шақырылып, әскери комиссия жауынгерді теңіз флотына жібереді. Сөйтіп, бір ауыз сөз орысша білмейтін бозбала Ленинградтан бір-ақ шығады. Ол жақтан алдымен Кронштад қаласына төрт айлық оқуға жібереді. Кеме мен торпеданың (торпеда – жау кемесін талқандайтын снаряд) құрылысын меңгеріп, әскери бөлімшеге торпедист болып оралады.
Содан Солтүстік Североморск қаласына теңіз арқылы аттанған. Балтық теңізі, Норвежск, Солтүстік, Баренцово, Ақ теңізді шарлап, Североморскіге жетіпті. Дания, Норвегия, Финляндия, Швеция мемлекеттерін басып өткен. Барған қаласы поляр шеңберінің ішінде болғандықтан, 6 ай түн, 6 ай күн батпайды екен.
-Ол жерде 1962 жылдың қаңтар айына дейін болдым. Жалпы, біздің бөлімшеде менен басқа да қазақтар болды. Содан кейін мені Калининградқа жаңадан жасалған торпеда қаруын сынақтан өткізуге жіберді. Қыстай Балтық теңізін шарлап жүріп, сүңгуір қайықты жоятын торпедаларды сынақтан ойдағыдай өткіздік, – дейді ары қарай ақсақал.
![«Ұрпағымнан артық атақ та, даңқ та керек емес» «Ұрпағымнан артық атақ та, даңқ та керек емес»](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1525924708_flot-kz.jpg)
Сынақ жүргізуге жіберетіндерді де қатаң іріктеуден өткізген ғой. Орындыққа отырғызып, шыр көбелек айналдырады да, кенет тоқтатқан кезде жауынгер бірден тұрып, жүріп кетуі керек. Көбінің басы айналып, кейбіреуінің теңіз толқындарынан жүрегі шайлығатыны болады. Кеңесхан ата тіпті іріктеуден өткендердің өздерін де тапсырма кезінде жиі ауыстырып отырыпты. Әскери қызметін атқарып жүргенде де, бірнеше мәрте сый-сияпатқа ие болады. Оқу-жаттығулары кезінде «жау» кемесіне торпеданы дәл тигізгені үшін кезектен тыс 20 тәулік беріп, кезекті демалыспен қосқанда, 55 тәулік демалыс алып, ауылда үйдің шаруасына көмектесіп қайтады.
Сол жолы «1-ші класс маман» төсбелгісімен марапатталып, «аға матрос» атанады. Айтпақшы, 5-сыныпта оқитын немересі Нұрасыл Кеңесхан атасының қазақтардың ішінде тұңғыш аға матрос атанғанын мақтан тұтады. Ол жайында арнайы шығарма да жазыпты.
Әскерден оралған соң, Кеңесхан Жүнісов Семейдегі малдәрігерлік институтын ойдағыдай тәмамдап, өмір бойы Ұлан ауданы, «Красный Алтай» совхозының 4 бөлімшесінде еңбек еткен. Бұл жерде де үздік қызметі үшін совхоз әкімшілігі тарапынан әлденеше рет ақшалай сыйлықтармен, аудандық комсомол комитетінің мақтау грамотасымен марапатталған. Алайда бес жасынан еңбекке араласқан қарияның туған жылы 1937 жыл емес, 1939 жыл деп қате көрсетілгендіктен, тыл ардагері санатына жатпай, Жеңіс мерекесі қарсаңында тиесілі сый-сияпаттан қағылып қалатыны өкінішті-ақ. Бірақ Кеңесхан атаның өзі Аллаға «бергеніңе шүкір, тәубе» дейді. «Балам, «тыл ардагері тізімінде» болмасам да, балалық шағым сұм соғыстың зардабындағы ауыл өмірінде өтті. Сендердің орталарыңда бақыттымын. Балаларымды адалдық пен ізгілік жолында тәрбиелеп келемін. Маған одан артық атақ та, даңқ та керек емес», – деп қайталап отырады ұрпағына.
Атамыз өзі бес жасынан білетін Гүлфариза әжемен бас қосып, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп жеткізген. Гүлфариза әжеміз өмір бойы кітапханашы болып істепті. Қариялардың сегіз немересі, екі шөбересі бар. Балалары мен немерелерінің алды жоғары білім алып, елге қызмет етуде.
… Бізбен әңгімелесіп болған атамыз терезе алдында жайқалып тұрған гүлдерге су құя бастады. Әжеміздің айтуынша, бұл атамыздың бүгінгі басты ермегі екен. Сексеннен асқан екі қария Өскемендегі қыздарының қолына жиі қыдырып келеді. Ертістің жағалауына шығып, серуендеп те қайтады.
Айна Ескенқызы