Қоғам

Ұрпақтары мәңгі ұмытпайды

Ұрпақтары мәңгі ұмытпайды

Кеше облыс орталығындағы Стрелка ықшам ауданында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында репрессия құрбандарын еске алуға арналған маңызды іс-шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған жиын оларды мәңгі есте сақтау үшін бір минут үнсіздікпен басталып, оған репрессия және депортация құрбандарының ұрпақтары және облыстық Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары көптеп жиналды.
– Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сотталды. 25 мың адам ату жазасына кесілді. Халық жауларымен күрес жоспарлы түрде жүргізілді және ол жоспар үнемі өзгеріске ұшырап, ұлғайтылып отырды. Тек 1937 жылы ғана Қазақстанда қуғын-сүргінге 7500 адам ұшырап, олардың 2500-і атылды. Біздің облыста 1350 адам тұтқынға алынып, олардың 300-і ату жазасына кесілді, – деді іс-шара барысында Өскемендегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі Фарида Бегімханова.
Құрметті қонақ ретінде шақырылған, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары Нұрзия Мұқашева, Әсипа Бажекенова, Лидия Роот өз естеліктерімен бөлісті.
Бүгінде жасы тоқсанға тақап қалған Нұрзия Мұқашева апамыздың да әкесі сол зұлмат заманда «халық жауы» атанып, нақақтан ату жазасына кесіліп кеткен екен.
– Әкем Нұрғазы Жұрдыбаев 1892 жылы Ұлан ауданының Ұрынхай ауылында дүниеге келген. 1918 жылы Алаш партиясының мүшесі болған. Кедей шаруадан шыққан, үш кластық мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген. 1937 жылы 20 қарашада тұтқынға алынған кезінде Бұқтырма ауданының Киров колхозында мұғалім болып қызмет етіп жүрген. Ең жоғарғы жазаға кесіліп, ату жазасы сол жылдың 24 желтоқсанында орындалған. Әкем қамалғанда мен небәрі жеті жаста екенмін. Үйден екі әскери шанаға салып әкеткенде, мен де әкемнен қалмаймын деп артынан жүгіре беріппін. Қыстың күні қарда құлап жатқан жерімнен көршілер көтеріп үйге алып келіпті. Ал әкеммен бірге кеткен анамды аяғы ауыр болған соң, артынан босатты, – дейді Нұрзия апа сол бір ауыр күндерді жанарына жас ала отырып әңгімелеп. Ал әкесінің қай жерде атылып, қайда жерленгені бүгінге дейін белгісіз.
Жиында облыстық «Дидар» газетінің тарихы басталатын, сол кездегі алғашқы қазақ газеті «Жұмысшының» редакторы болған Мақсұт Тайшыбаев туралы да мағлұматтар айтылды. Өкінішке қарай, алғашқы редактор да 1938 жылы наурыз айында Алматы қаласында атылып кеткен. Бұл жөнінде жиналғандарға М.Тайшыбаев туралы жазылған «Қызыл қырғынның құрбаны» кітабының авторы, ардагер журналист, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқытушысы Айтмұхамбет Қасымов айтып берді.
Сонымен қатар аталмыш жиынға қатысушылар алдағы уақытта облыс орталығы Өскемен қаласында Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылыққа ұшырағандардың рухына тағзым ететін арнайы ескерткіш ашылса, осы күні сол ескерткіштің басына барып, еске алып тұрсақ деген ұсыныстарын да білдірді.
Естеріңізде болса, 1997 жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – «Сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні болып жарияланған болатын. Бұл күні жазықсыз сотталған, ату жазасына кесілген, лагерьлер мен арнайы қоныстарға жер аударылған миллиондаған құрбандарды еске алып, бабалар рухына тағзым етеді бүгінгі жас ұрпақ. Ең қуаныштысы, елімізде бүгінге дейін жазықсыз қудаланған және күштеп жер аударылған 350 мың адам ақталған.
Іс-шара барысында жиналғандар аталмыш музей ішінде ұйымдастырылған «Зерде уақыттан да қуатты» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button