Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді

2011 жылдан Күршім аудандық ардагерлер кеңесіне ел-жұртқа жақсы танымал, ұзақ жыл лауазымды қызметтер атқарған Есманбек Ақтекенов басшылық жасап келеді. Есманбек Адайұлының жетекшілігімен еңбек және тыл ардагерлері көптеген маңызды шараларды жүзеге асыруда.
Ардагерлер жастарды патриоттық рухта, отансүйгіштік сезімде тәрбиелеуді негізгі міндетіміз деп түсінеді.
– Ардагерлер ұйымы жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу үшін хас батырлардың, Ұлы Отан соғысы жылдарында елін қорғаған боздақтардың ерлік істерін жиі пайдаланады. Мәселен, ауданнан шыққан төрт азамат Ұлы Отан соғысында батыр атанды. Соғыстан кейін ел экономикасын нығайтуға атсалысқан он күршімдік Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Қазіргі кезде әр салада табысты еңбек еткен 60-тан астам аға буын өкілі «Ауданның Құрметті азаматы» атағын алып отыр, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ауданда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған 13 ескерткіш бар. Мектептер мен ардагерлер ұйымдарына бекітілген осы ескерткіштер ұдайы күтімде. 2012 жылы Қалжыр ауылында обелиск тұрғызылып, 2015 жылы Күршімде Даңқ аллеясы ашылды. Маралдыда обелиск бой көтеріп, Күршімге кіреберісте Көкжал Барақ батырға ескерткіш орнатылды. Өткен жазда «Күршім ауданына – 90 жыл» атты стелла еңсе көтерді. Осы ескерткіштер аудан тұрғындары, қонақтары барып тамашалайтын мәдени орындарға айналып отыр. Оларға әсіресе, жастар көптеп барады.
Күршім, Марқакөл, Қалжыр, Сарыөлең, Маралды ауылдық округтерінің бастауыш ардагерлер ұйымдары белсене қызмет атқаруда. Маралды мен Сарыөлең ауылдарында тыл ардагерлерінің, жастардың тікелей араласуымен демалыс саябақтары, балалар алаңдары, Марқакөлде футбол алаңы, Қалжыр ауылында демалыс саябағы ашылды.
– Ауданда 4127 еңбек ардагері бар, олардың 362-сі – тыл ардагері, сонымен бірге 622 көпбалалы ана, бір Социалистік Еңбек Ері бар. Аудан орталығында, 12 ауылдық округте ардагерлер бөлмелері жұмыс істейді. Аудан орталығында және он ауылдық округте көркемөнерпаздар ұжымдары, сондай-ақ төрт әжелер тобы, бір әжелер клубы жұмыс атқарып жатыр. 2018 жылы округтердегі ардагерлер ұйымдарында 57 іс-шара жүзеге асты. Мамырда көркемөнерпаздарымыз ауданның 90 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына орай өз өнерлерін Алғабас, Барақ батыр, Теректібұлақ, Күршім, Қайыңды ауылдарының тұрғындарына көрсетіп қайтты. Аудандық мәдениет үйінде былтыр жазда «Әжелер сайысы», «Келіндер сайысы», «Үлгілі отбасы», «Батагөйлер сайысы» байқаулары өтті. Сонымен бірге, 12 ауылдық округте құрамында 43 адам бар ақпараттық топ Елбасы Жолдауын насихаттауға атсалысты, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов.
Ауданда құрамына 510 оқушы кіретін 43 тимуршылар отряды жұмыс істейді. Олар жалғызілікті және сырқат ардагерлерге көмектесіп отырады. №1 Күршім орта мектебіндегі тимуршылар отрядының тәжірибесі облыстық ардагерлер кеңесі шығарған буклетке еніп отыр. Ардагерлер кеңесі мен жастар орталығының бір ғимаратта орналасуы іс-шараларды бірлесе өткізуге қолайлы.
Әскери бөлімдермен де тығыз байланыс орнатылған. Жоғары сынып оқушылары №2535 әскери бөлімнің Даңқ мұражайына барып, салтанатты шараларға қатысып отырады.
– «Құрметтейік Жеңістің ерлерін» фестиваліне, «Тыл ардагерлеріне құрмет» акциясына, «Біздің жерлес батырларымыздың ерліктері» дөңгелек үстелі мен «Аудандар Ұлы Отан соғысы жылдарында» конференциясына С.Ақтанов, Н.Қайыров, Қ.Нұрсадықов, К.Айдарханов, Е.Жангүдеев, М.Нұржанова, Г.Нүкішева сияқты ардагерлеріміз белсене қатысты. Ал аудандық ардагерлер кеңесі насихат тобының мүшелері Қ.Мұсақановтың, Ә.Қосанбековтің, Т.Матаевтың, С.Ысқақовтың патриоттық тақырыптағы сөздерін жастар ықыласпен тыңдайды, – дейді Есманбек Адайұлы.
Ауданда ардагерлер ұйымдары тегіс атсалысқан «Тәуелсіздік – ел мұраты» байқау-фестивалі өтіп, оған 250 адам қатысты. Жеңімпаздар аудан әкімінің грамотасымен, сыйлықтармен марапатталды. Кейіннен өткен облыстық байқауға 60 ардагер қатысып қайтты.
Тұжыра айтқанда, ардагерлер барша іс-шараларға біркісідей қатысып, ортақ іске үлес қосуда. Алдағы уақытта да қатардан қалыспай, жұмыстарды жандандыра бермек.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.