Руханият

ҰРПАҒЫ ЕР БАБАСЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Жуырда Қарағаш ауылында ерекше шара өтті. Уақыттың салмағына төзе алмай, шөккен түйедей ғана болып ауыл шетінде бір төбешік жататын. Ол Ер Шектібай бабаның моласы еді. Биыл «Руһани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш ескі бейіт қайта жаңартылды. Әңгіменің әлібін ең алдыменен ер Шектібайдың кім болғанынан бастап өрбітейік.
      Руы Найман, Төлегетай, Қаракерей, Сыбан, Еркөбек, Бердіке ұрпағы. Шамамен, 1698-1778 жылдары өмір сүрген. Көзі қарақты қарттардың айтуынша қу дауысты Құттыбайұлы Байғара бимен замандас болған. Ер Шектібай би бабамыз XVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың ортасында
өмір сүрген. Жас шағында хан батыры Қабанбай жасағының құрамында мыңбасы болып, жоңғарларға қарсы Аягөз-Бұланты ұрыстарына қатысқан. Ақтайлақ би шежіресінде Бұланты шайқасына қатысқан 30 мың қазақтың 16 мыңы Найман Қаракерей руынан болған деген деректер бар. Аталмыш шайқаста Әбілхайыр хан бас қолбасшы болған.


Қазіргі Қарағаш ауылындағы осы кесене салынған төбешік маңындағы кішкене өзені бар ұзын өлке Шектібай деп аталады. Жанында жас Орақ батыр екеуі сол маңдағы қалмақтарды Тарбағатай асырып тастайды. Жасақтарымен келген соң Орақ батыр Шектібайға «Осы жер сіздің мекеніңіз болсын» деп жолын берген екен, кейін бабамыз Ораққа қызын беріп, күйеубала еткен деген сөз бар. Бабамыздың атында Арбалы – Сарытау деген жайлауында Шектібай асуы, Абай ауданы, Құндызды ауылдық округінде Шектібай күзегі деген жерлер бар.
Бұл кісі кейінгі жылдары елінің қамқоршысы, жоғын жоқтаушысы, ел бірлігін ойлаған өз өңірінде әділ билік жүргізген өте бай, ауқатты адам болған.

«Еріп ем Ерасылға жас шағымда,
Ат үстінен жау түсіріп қас-қағымда.
Қайран өмір өттің де, кете бердің,
Жылжыған ала бұлттай бас жағымда.

 Ел мен жерге ие бол келер ұрпақ,
Келешек өмір алар бөлек тұрпат», – деп ел мен жер ертеңіне елеңдеп өлең жолдарын қалдырған екен.

Сонымен қатар бабаға байланысты мынандай өлең-жырлар, осы уақытқа дейін сақталған:

«Байлығы, батырлығы ел алдында,
Билік айтқан дүйім елге ел дауында.
Ұрпақтары ас беріп Қарағашта,
Шумақ өлең тараған ел аузында.
Шектібай баба асы бар,
Жүз жылқының басы бар.
Бала-шағаңды ала бар,
Қоржын-қапшығыңды сала бар»,- деп ұрпақтары алты алаштың ардақтыларын жиып, дүркіретіп ас берген екен.
Тәуекелге бел буған талай сын сәттерде батырдың белінде жүрген қанжар ілетін кісесі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Қазір құнды жәдігер Семей шаһарында бір ұрпағында сақтаулы. Арада өткен үш ғасыр уақытта көптеген деректер көмескіленіп, біздерге телегей тарихтың тамшылары ғана там-тұмдап жетті.
Шектібай батыр туралы Аягөзде Сақбай ата, Қарағашта Ағыбаев Жұмағали, Еңсеханов Райымбек, Құндыздыда Сәметов Жәрімбет, Әбенов Шәкір, кейінгі кезде Қ.Қажығұлов, С.Шәкетов ағалардың езуінен енші алдық. (деректер Шектібайдың тікелей ұрпағы Балуанов Қажмұхаммед (Нүкен) баяндамасынан алынды).
Жетісу өңірінде атақты Жәлменде би бабаларына ас бергенде Найман Сыбан Шектібай, «ауыл болып барып, елінің атынан балуан, бəйге ат, сойысқа жүздеген қой, үйірлеп жылқы ала барған» деген деректі бір жазбадан көзім шалып қалып еді…
Ұрпақтарының бастамасын, ел болып ескеріп, баба басына кесене орнатты.

5 қазан күні Шектібай баба кесенесіне Қарағаш ауылының әкімі Талғат Сыздықаев бастаған, Тұрсынғали Тоғызбаев, мектеп директоры Әділ Тоқбаев қостаған ауыл тұрғындары, еліміздің түкпір-түкпірінен тікелей ұрпақтары т.б. сыйлы қонақтар жиылды.

Бірінші боп сөз алған осы шараның бас ұйымдастырушысы Нүкен Балуанов батыр бабасы жайлы баяндама жасай келе, кесененің бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға,  жалпы барша халыққа зор алғысын білдірді.
Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Нұртөлеу Дүйсенбаев  құттықтау сөз сөйледі.

Шектібай батыр ұрпағының ең үлкені (92 жастағы) Дәмелі апа жиналғандарға батасын берді. Семейден арнайы келген молда Шектібай рухына құран бағыштады. Қостанай, Астана, Семей, Тараздан ат арытып жеткен ұрпақтарының ішінен Жолтан ата (90 да) мен ақ жаулықты әжелер кесене лентасын қию рәсімін жасады.
Ауыл қатымханасында ас беріліп, ауданның бас имамы Думан Нәдірұлы Шектібай батыр руһына арнайы дұға бағыштады. Ұйымдастырушы қонақтарға ауылдастар, ауылдастарға қонақтар сый-сияпат жасап, қазақтың салтымен шапан жапты. Сөз түйінінде ағаларымыз: «Ұлт болып ұйысып, рушылдыққа бөлінбей осындай тарихи тұлғаларды ел болып бірігіп насихаттап, келер ұрпақтың санасына сіңіре білуіміз керек» деген парасатты ойларын ортаға салды.

Іс-шара барысында шабыттанып мен де төмендегі өлең жолдарымды арнадым:

Батырлығын жырласам:
Қабағын түйсе түн болған,
Жанары күлсе күн болған.
Қайтпайтын қайсар ер еді,
Жер қайысқан мың қолдан.
Озбырдың үзіп жұлынын,
Әлсізге болған кіл қорған.
Жұртына бір жау жуытпас,
Өз заманында дүр болған.
Қыраннан безген түлкідей,
Жоңғарлар көрсе жым болған.
Бас аламын деп келгенге,
Бас амандығы мұң болған.
Бақ-дәулетін жырласам:
Өзіне Алла пір болған.
Баймын деп кермей кеудесін.
Сыйласқан жанға құл болған.
Көк алалы көп жылқы,
Бір басы өсіп мың болған.
Он екі қанат ордасы
Шуаққа толып нұрланған.
Қыдырға балап қарсы алған,
Қонақты әрбір бір қонған.
Билігін оның жыр етсем,
Қандай да заман болмасын,
Қараша жұртпен бір болған.
Шырмауы қиын барлық дау,
Алдына бидің барғанда,
Қақ жарылған қыл болған.
Ақындар арнап өлеңін,
Отауы ән мен жыр болған.
Аймақта бір үй аш болса,
Өзіне үлкен сын болған.
Жомарттығын жырласам:
Сүйінші сұрап келгенге,
Дайын дейтін бір жорғам!
Бүйірленбей шықпаған,
Үйіне кірген құр дорбаң.
Алдынан келген міскіннің,
Қалтасы толы пұл болған.
Екінші қолы көрмейтін,
Садақа берсе бір қолдан.
Қазбек Жұмағазыұлы,

ұстаз-ақын

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button