Рождествомен құттықтады
Қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы Стрелка ықшам ауданында орналасқан Қасиетті Андрей шіркеуіне барып, өңіріміздегі проваслав христиандарын Рождество мейрамымен құттықтады.
Мерекеге аймақ басшысы Даниал Ахметов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, облыстық Халифа Алтай атындағы мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатай келіп қатысты. Салтанатты іс-шараны Өскемен және Семей Епархиясының епископы Амфилохий ашты. Одан соң облыс әкімі құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті жерлестер! Баршаларыңызды осынау қасиетті Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, баянды бақыт, жақындарыңыз бен бала-шағаларыңызға амандық тілеймін! Рождество – тек проваславтық христиандардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мейрамы. Ол – мейірімді, бейбітшілікті, достықты, жаңаруды бейнелейтін мереке. Аталмыш құндылықтар барлық ұлттар мен ұлыстарға, халықтарға ортақ, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен ұлы жетістігі ұлтаралық және дінааралық келісім екенін ерекше атап өтті. Қазақ елі жаһанға ішкі татулық пен ауызбіршіліктің жарқын үлгісін паш етті.
– Рождество – ең алдымен қайырымдылық мерекесі. Біздер кембағал, науқас жандарға көмек қолын созуға міндеттіміз. Ізгілікті істерді күнделікті үзбей істеп отыру керек. Аталмыш мейрам баршамызды кешірімді болуға шақырады, – деді облыс әкімі.
– Барлық өңір тұрғындарын Рождество мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерімді арнаймын. Құт қонған қасиетті қазақ жерінде, байырғы елде тату-тәтті, бақуатты өмір сүріп жатқанымыз үшін Жаратқан иемізге шүкіршілік етейік! – деген Өскемен және Семей Епархиясының епископы Амфилохий облыс әкіміне аймақтағы ауызбіршілікті, ұлтаралық келісімді, татулық пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның православиелік шіркеуінің «Алғыс» орденін табыс етті.
Сондай-ақ, епископ аймақ басшысына шіркеу иконостасын жасатуға көрсеткен қолдауы үшін айырықша алғысын айтып, барша қауымға рухани күш, қажыр-қайрат тіледі, Құдайдан қазақ елін түрлі қауіп-қатерлерден сақтауын сұрады.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан аумағында шамамен 105 ұлттың, 12 конфессияның өкілдері тұрады. Олардың бейбіт өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Әр ұлт өз салт-дәстүрін, ділі мен дінін сақтау құқығына ие болу үшін этно-мәдени бірлестіктер құрылған. Олардың жалпы саны жүзден асады. Жыл сайын аймақта жаңадан мешіттер мен шіркеулер ашылуда.
– Барша Православие христиандарын Рождество мейрамымен құттықтаймын! Бүгінде ел тұрғындары бір шаңырақ астында, ауызбіршілікте, келісімде өмір сүріп келеді. Соның айқын айғағы іспеттес, әрдайым Құрбан айтты, Рождествоны, Сабантойды, өзге де мейрамдарды бірге мерекелейміз. Біздің әрқайсымыздың парызымыз – рухани келісімді нығайтуға қолдан келгенше үлес қосу, – деген Ермек қажы Мұқатай еліміздегі бейбітшілік пен ұлтаралық татулықтың маңыздылығын атап өтті.
Ержан Әбіш