Рождество мерекесімен құттықтады

Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы Стрелка ықшам ауданында орналасқан Қасиетті Андрей шіркеуіне барып, өңіріміздегі праваслав христиандарын ұлық мереке – Рождество мейрамымен құттықтады.
Иса пайғамбардың туған күні құрметіне арналған мерекеге аймақ басшысы Даниал Ахметов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, қала әкімі Жақсылық Омар, облыстық Халифа Алтай атындағы мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатай келіп қатысты. Салтанатты іс-шараны Өскемен мен Семей Епархиясының епископы Амфилохий ашты. Одан соң облыс әкімі құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті өскемендіктер, қала қонақтары, қымбатты жерлестер, достарым! Мен осы бір ғажайып түн – Рождество түнінде Сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – мейірімді, бейбітшілікті, достықты, жаңаруды, өмірге деген құлшынысты, жалпы өмірдің өзін бейнелейтін мереке. Аталмыш құндылықтар барлық ұлттар мен ұлыстарға, халықтарға ортақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұйғаруымен осы күн елімізде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді. Рождество – тек православ христиандарының ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мейрамы. Баршаларыңыздың отбасыларыңызға, бала-шағаларыңызға амандық тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің ұлы жетістіктерге жеткенін атап өтті. Олардың ең бастысы – ұлтаралық және дінаралық келісім. Қазақ елі бүкіл жер-жаһанға ел тұрғындарының өзара достығы мен құрметін, ауызбіршілігін паш етті. Елбасы саясатының нәтижесінде көпұлтты Қазақстанда ислам және христиан діндері үйлесім тауып отыр.
– Рождество – бірінші кезекте, қайырымдылық жасау мерекесі. Біздер кембағал, науқас жандарға көмек қолын созуға міндеттіміз. Жалпы, мен ізгілікті істерді күнделікті үзбей істеп отыру керек деп ойлаймын. Аталмыш мейрам баршамызды татулыққа, кешірімді болуға шақырады. Қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс өрті лаулап, мыңдаған адам мерт болуда, сондықтан кешірімділікке адамдар ғана емес, мемлекеттер де мұқтаж. Бүгін мұнда жас балалардың көптеп келуі мені ерекше қуантты. Бұл мәдениеттің, діннің, тарихтың сабақтастығын көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан аумағында шамамен 105 ұлттың, 12 конфессияның өкілдері тұратынын, облыс басшылығы тарапынан олардың бейбіт өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын да атап өтті. Әр ұлт өз салт-дәстүрін, ділі мен дінін сақтау құқығына ие болу үшін этномәдени бірлестіктер құрылған. Олардың жалпы саны жүзден асады. Жыл сайын аймақта жаңадан мешіттер мен шіркеулер ашылуда.
– Даниал Кенжетайұлы, Сізді және Сіздің серіктестеріңізді, барлық қала тұрғындарын Рождество мерекесімен құттықтап, бар ізгі тілектерімді арнаймын. Жаратқан иемізге шүкіршілік етейік! Осы бір ырыс-құт дарыған қасиетті қазақ жерінде, байырғы елде тату-тәтті, бақуатты өмір сүріп жатқанымыз үшін, – деген епископ Амфилохий облыс әкіміне барша православ христиандарының атынан ризашылығын білдіріп, оған Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы Кириллдің Рождестволық жолдауын табыс етті. Сондай-ақ, епископ барша қауымға рухани күш, қажыр-қайрат тілеп, Құдайдан ортақ Отанымызды – Қазақ елін барлық қатерлерден сақтауын сұрады. Рождествоның Қазақстан күнтізбесінде ресми мереке ретінде аталып жүргені үшін ел Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша алғыс айтты.
Кеше мерекеге қатысты облыс орталығында бірқатар іс-шара болып өтті. Атап айтсақ, Андрей шіркеуінің алдындағы алаңда шығармашылық ұжымдардың концерті және түрлі ойын-сауық жәрмеңке ұйымдастырылды. Жиналған қауымды облыстық Халифа Алтай атындағы мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатай және Өскемен мен Семей епископы Амфилохий құттықтады. Сондай-ақ Достық үйінде де этномәдени бірлестіктердің күшімен концерт өтті.
Ержан Әбіш