Ағымнан жарылсам

Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақстанның Халық әртісі: – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов театрдың тұрақты көрермені болатын

  Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақстанның Халық әртісі:  -	Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов театрдың тұрақты көрермені болатын
Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақстанның Халық әртісі:
– Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов театрдың тұрақты көрермені болатын

Мен қалай актриса атандым?

– Роза апай, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының белді актрисаларының бірісіз. Осы өнер ордасында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Актриса болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

– Шынымды айтсам, актриса болу менің үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. «Физика-математика пәнінің мұғалімі боламын» деп ҚазПИ-ге оқуға түскенмін. Тіпті, бір жылын бітіріп, екінші курстың басында театр студиясына келіп қалдым. Себебі, ол кезде біз театрға жиі барып, спектакль тамашалағанды жақсы көретінбіз. Жерлес студенттер жиналып, театрға жиі барушы едік. Сол кездері Күләш Байсейітованың ойнауындағы «Қыз-Жібек», «Біржан салдағы» Сараны көріп, таңғалатынбыз. Хадиша Бөкееваның сахнадағы өнері мені қатты қызықтыратын. Аты аңызға айналған Әмина Өмірзақованың, «Қазақтың Ермоловасы» атанған Сәлима Саттарованың ойындарына бас идім. Әлі күнге солай. Мінекей, өнер атты өлкеге мені баураған осы дүлдүлдер.

Мына бір жағдайды баяндап берейін, ҚазПИ-дің 1-курсын бітіріп, ауылға жазғы демалысқа бардым. Ауылымызда кітапхана бар. Кітапхана ол кезде бүкіл жастардың шоғырланатын, бас қосатын, сырласатын орны болатын. Бір күні ондағы газеттердің бірінен Алматыда театр студиясы ашылғалы жатыр деген ақпарды көзім шалып қалды. Өтірік айтқанды онша жақсы көрмейтін адаммын. Содан не керек, әжеме келіп: «Апатай, «жұмысқа шақырамыз» деп газетке жазыпты. Мен соған кеттім» дедім де, чемоданымды жинап, Алматыға кеттім де қалдым. Ол кезде қазіргі ұйғыр театры Мұхтар Әуезов атындағы драма театры болатын. Театр директорына кіріп, не болса да жөнімді айтайын деп шештім. Кіріп қалсам, мен үнемі сахнадан көріп жүрген актерлерім мен актрисаларым отыр. Ол кісілер мәдениетті түрде жөн сұрады. «Оқуға түсуге келдім, актриса болғым келеді» дедім мен. Қайда оқитындығымды да сұрады. Мен ҚазПИ-дің физ-матында оқып жатқанымды айттым. Сөйтсем, сол кезде барлық байқау өтіп, отыз шақты адам студияға қабылданып қойыпты. Олардың қатарында Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Жақып Омаров, Баян Имашева бар. Сынақтың өтіп кеткенін естіп, не істерімді білмей қалдым. Ал алдымда отырған кісілерді енді-енді тани бастадым. Біреуі – Хадиша Бөкеева, екіншісі – Қалибек Қуанышбаев, үшіншісі Әзірбайжан Мәмбетов екен. Әзекең маған біраз қарап тұрды да: «Оқуыңды тастама! Тек актер шеберлігі сабағына келіп тұрыңыз!» деді. Қуанып кеттім. Бұл Әзірбайжан Мәмбетовтың режиссер ретінде жұртқа кеңінен таныла бастаған кезі болатын. Содан не керек, аталған сабаққа ғана емес, бәріне қатысуды әдетке айналдырдым. Сөйтіп, ҚазПИ-дегі оқуымнан шығып кеттім. Мінекей, кейде Алла тағаланың осындай тосыннан келетін ғажап сыйы бар. Егер ол оқуды тастамағанда мұғалім болып жүретін едім. Сөйтіп, аяқ астынан актриса болып шыға келдім. Оған ешқандай да өкінбеймін.

Менің бағымды ашқан – Қадиша

– Шығармашылық жолыңызда жұлдызыңыз жанған рөлдер баршылық. Киелі сахнада талай-талай кейіпкерлердің рөлін сомдап, қоңыр үніңізбен көрерменнің құлақ құрышын қандырып келесіз. Дегенмен, сізді Роза Әшірбекова еткен жұлдызды рөліңіз бар шығар?

– Шүкір деймін, мен өте мықты, білікті режиссерлерден тәлім алдым. Атақты режиссер Мен До Нукпен бірге жұмыс істедім. Өте талантты адам еді, өзі ісінің нағыз хас шебері болатын. Мұхтар Әуезов атындағы театрдың атын Әзірбайжан Мәмбетов асқақтатса, біздің театрда Мен До Нук талай шығарманы шырқау биікке көтерді. Осы ретте есіме мына бір қызық оқиға түсіп отыр. Бірде осы кісі Шыңғыс Айтматовтың «Арманым – Әселім» спектаклін қойды. Сонда мен Қадишаның рөлінде ойнадым. Шыны керек, менің бағымды ашқан осы рөл болды. Құрбым Мәрияш Жақсымбетова Әселдің рөлінде ойнаған болатын. Дәл осы спектакльмен 1967 жылы Кремль сахнасында өнер көрсеттік. Оның алдында дайындық барысында қатты қиналған болатынмын. Себебі, Қадиша рөлі ойдағыдай шықпады. Сонда Мен Дон Ук: «Аширбекова, ты бездарная! Егер ойнай алмасаң, сенің орныңа Әмина Өмірзақова сахнаға шығады» деді. Осы сөзді естігеннен кейін жанталасып, барымды салып дайындалайын. Қатты күйзеліске түстім, не істеп, не қойғанымды да білмей қалдым. Содан үйдегі асханада талып ұйықтағанша дайындалдым ғой. Ертеңіне жұмысқа баруға зауқым болмады. «Әмина апам Қадиша рөліне белсеніп кірісіп кеткен шығар» деп ойладым. Шыны керек, дәл осы образды сомдауға ерекше құмарттым. Басты рөл бұйырмаса да, тым құрығанда екінші, үшінші рөлді берсе екен деп Алладан тілеп келе жатырмын. Сөйтсем, Әмина апам көрінбейді. Міне, көрдіңіз бе, Мен Дон Ук мені жігерлендіру үшін әдейі солай айтып отыр ғой. Бір кезде: «Ну ка, Анарқайдағы көріністі ойна!» деді. Сол кезде барып мен ашылдым ғой. Шеберлігіме өзім таңғалдым. Тылсым күш бойыма жиналып, талайдан бері көрсете алмай келе жатқан қабілетімді бар өнерімді паш еттім. Режиссерге ұнағаны соншалық, үш-төрт рет ойнатты. «Дәл осылай ойнаңдар! Осы ойнағандарыңды естен шығармаңдар! Бұдан артығының керегі де жоқ» деді режиссер. Сол қайраудың арқасында рөлімді өз дәрежесінде орындап шығуыма мүмкіндік туды. Айтайын дегенім, бұл – өте табысты спектакль болды. Талай актердің жұлдызын жоғары көтерді. Соның ішінде мен де бармын. Кремль сахнасында да өнер көрсеттік. Сол сапардан кейін мені құпия түрде атаққа ұсынып жіберіпті. Сөйтіп, жасым отызға жетпей осы Қадиша образын сомдау арқылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атандым. Көпшілік ойлайды ғой, «әртістер үнемі ырду-дырдудың ортасында жүреді, рахат өмір содардікі» деп. Ал шындап келгенде әртістіктен асқан қиын мамандық жоқ қой. Жаныңды беріп, ішкі темпераментіңді дұрыстап шығара алмасаң, онда сенен түк шықпайды. Техникалық іс-әрекеттер айдан анық көрініп тұрады.

Шәкен Айманов неге кешірім сұрады?

– Роза апай, театрда бағыңыз жанған жансыз. Ал неге кино әлеміне еркін бойламадыңыз?

– Кинода бағымның ашылмағаны рас. «Ботагөз» фильмінде бақ сынап көрдім. Ол кезде Гүлфайруз Ысмайылова отызда болса, мен он сегіз жастағы қызбын. Режиссерлер мені түсіруге қызығушылық танытты. Бірақ, болмады. «Алдар-Көсе» фильміне Шәкен Аймановтың өзімен бірге түсіп көрдім. Өзі режиссер болды, өзі рөлде ойнайды. Ол кезде қандай рөлде ойнайтының көркемдік кеңес арқылы анықталатын. Ал сол көркемдік кеңестің құрамында атақты Хадиша Бөкеева да бар екен. Хадиша апамның өзі театрға келіп, мені құттықтаған болатын. «Роза, сен Қарашаш рөліне түсетін болдың. Бәріміз сені бірауыздан қолдап, таңдауымыз саған түсті. Дайындал, үш кұннен кейін түсірілім басталады» деген-ді. Алайда, режисердің көмекшісі троллейбустың ішінен басқа бір қызды көріп қалып, менің рөліме соны бекітіп жіберген көрінеді. Сөйтіп, ол рөлден де айырылып қалғаным бар. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Шәкен Айманов Жастар театрында «Жас Абай» қойылымын сахналады. Сол кезде ол кісі бүкіл ұжымның алдында менен кешірім сұраған болатын. «Мен Розаға үлкен қиянат жасадым. Өтіп тұрған киносына түсіре алмадым. «Атаманның ақырын» жақында ғана бітірдім. Соны Мәскеуге апарып, тексеруден өткізуім керек. Сол сапардан келген соң он сериялы киноға кіріспекшімін. Баршаңыздың алдыңызда уәдемді берейін, сол жұмысыма Роза Әшірбекованы, Алтынбек Кенжековты, Бибіза Құланбаеваны түсіремін. Өйткені, мен Розаның алдында қарыздармын» деп еді. Бірақ, сол «Атаманның ақыры» фильмін Мәскеу қаласына алып кеткенде, сол жақта жол апатынан қайтыс болды. Сөйтіп, ұлы режиссер уәде еткен рөл маған тағы бұйырмады. Одан кейінгі жылдары талай сериалдар, талай кинолар түсірілді ғой. Бірақ мені бір де біреуі шақырмады. Неге екенін білмеймін?! (күліп). Жұрттың бәрі: «Реке, кастингке қатыссаңызшы, бағыңызды сынап көрсеңізші» деп айтып-ақ жатады. Бірақ, оның қайда болып жатқанын мен қайдан білейін, сосын өзім де соншалықты ұмтыла бермеймін.

Сахнаның саңлақтарын сағынамын

– Осы қара шаңырақта жүріп, игі жақсылармен, майталман актерлермен сахналас болдыңыз. Сол ұлы тұлғалардың орны бүгінде ойсырап тұрған шығар?

– Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен жасөспірімдер театры – талай тарландардың ордасы болған киелі шаңырақ. Кезінде қандай режиссердің, қандай спектаклі қойылса да залда көрермен болып, Сәбит Мұқанов жұбайы Мәриямен, Ғабең Рая Мұхамедияровамен келіп отыратын. Бір сөзбен айтқанда, сол кездің атақты жазушылары, мықты өнертанушылары, театр сыншылары, бүкіл интелегенция біздің ойынымызды тамашалайтын еді. Бірде Ғабит Мүсірепов біздің бір спектаклімізді көріп: «Драма театрдағы «Ақан сері- Ақтоқтыны» сіздерге әкелемін. «Қозы Көрпешті» де осында қоямын. Байқап отырсам, менің пъесаларым Жастар театрына арналған екен ғой» дегені бар. Осы қара шаңырақтың дамуы мен шарықтауына үлес қосып, табанды еңбек еткен тарландардың талайының көзін көрдім. Мен осы жастар театрына алғаш келгенде 12 маусымын ашып жатқан болатын. Міне, содан бері осы киелі сахнада өнер көрсетіп жүргеніме 55 жылға таяп келеді. Шығармашылық өмірімде ұлы адамдармен сахналас болдым. Байділдә Қалтаев, Атагелді Смайылов, Мұхтар Бақтыгереев, Қасым Жәкібаев және тағы басқа сахна саңлақтарының көзін көріп, өнерімді шыңдадым. Соларды үлгі тұттым. Менің кез келген рөлімді Әмина Өмірзақова мен Сәлима Саттарова үнемі қадағалап отыратын. Ал қазір ойлап қарасам, осы Жастар мен жасөспірімдер театрындағы үлкендерден мен ғана қалыппын. Өнердегі ұлыларды сағынамын, солардың сахнадағы ойындарын сағынамын. Әттең, қимаймын. Олардың өздеріне берілген рөлді соншалықты барын сала ойнағандарынан, өнерге жандарымен, тәндерімен берілгендерінен, әр кейіпкерімен өмір сүргендерінен ерте өмірден өтіп кетті-ау деп те ойлаймын. Ұлттық сахна өнеріне өлшеусіз үлес қосқан еліміздің театр мәдениетін биік белеске көтерген тарландарымызды әркез ұлықтауымыз керек.

Осы айдарда

Back to top button