Роботтық техниканы пайдалануды үйретіп жатыр

Өскеменде Мәскеуден келген халықаралық деңгейдегі бес тренер облыстың 272 информатика пәнінің мұғаліміне роботтық техника курсын өткізіп жатыр. LEGO Education Russia&CIS компаниясының жетекші менеджері Андрей Лопухин, Ресей Робототехника Ассоциациясының президенті Максим Васильев және басқа да тренерлер өңіріміздегі мектеп ұстаздарына роботтық техника пәнінің білім негіздері мен жобаларды үлгілеу, робот құрастыру, бағдарламалау бағыттарын үйретуде.
«Шығыс» өңірлік орталығының басшысы Мұңлық Асанованың айтуынша, «Менің мектебім» жобасын жүзеге асыру шеңберінде, мұғалімдерді роботтық техника кабинеттерінің заманауи жабдықтарын пайдалануға оқыту мақсатында Өскемен мен Семей қалаларында алты күн бойы өтетін курсқа өңіріміздегі толық жиынтықты мектептердің мұғалімдері қатысып отыр. Курс барысында мұғалімдер Lego Mindstorms Education EV3 және Arduino Uno R3 сияқты өзекті және перспективалы роботтық техникалық жиынтықтарды пайдалана отырып, STEM-ғылым дағдыларын игеріп жатыр. Курс тыңдаушыларын қажетті материалдармен және әдістемелік ресурстармен аталмыш компанияның өзі қамтамасыз еткен. Білім курсынан өткен мұғалімдерге халықаралық үлгідегі арнайы сертификат беріледі.
– Қазір өңіріміздегі 272 роботтық техника кабинетінің әрқайсысы 6 млн 800 мың теңгеге толық жабдықталды,– дейді облыстық білім басқармасына қарасты «Шығыс» өңірлік оқу-әдістемелік орталығының басшысы Мұңлық Асанова. – Бұл оқыту курсы мұғалімдерге замануи құрал-жабдықтарды сауатты қолдануды үйрету үшін ұйымдастырылып отыр.
Айта кетсек, былтыр облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Менің мектебім» жобасы аясында «Парыз» қорына демеушілердің көмегімен қомақты қаражат жиналып, соның нәтижесінде қаладағы ғана емес, ауылдардағы мектептерде де роботтық техника кабинеттері ашылып, қажетті жиһаздармен, құрал-жабдықтармен қамтылған еді. Алдағы қыркүйектен бастап оқушылар осы кабинеттердің игілігін көретін болады.
Айжанат Бақытқызы