Қоғам

Роботтар сайысы өтті

Кейінгі жылдары өңірде мектеп оқушылары арасында робот техникасын құрастыру және оны түрлі сайыстарға қатыстыру дамып келеді. Мысалы, өткен жылы эпидемиялық ахуалға қарамай, онлайн болса да екі рет осындай тартысты байқау ұйымдастырылды. Жасөспірімдер өз қолымен құрастырған кішігірім техникалары мен роботтарын жарысқа қосуға әуес.

Жуырда аудандағы барлық мектептердің 5-7 және 9-11-сынып оқушылары арасында IV спорттық роботтытехника чемпионаты өтті. Аудан орталығында орналасқан Абылай хан атындағы орта мектепте өткен бұл жарыс балалардың зеректігі мен алғырлығын, ойын дамытатын бірнеше тарауға бөлінді.

Техникалар мен роботтарды бағдарламалау сайысы бойынша 1 орынды Кішкенетау мектебі, 2 орынды Ә.Найманбай атындағы мектеп иеленсе, 3 орынға Абай мектебі тұрақтады. Сумо жарысында Науалы мектебі жеңімпаз атанса, Қарабұлақ мектебі екінші, Бестерек мектебі үшінші орынды иеленді. Кегелринг жарысында Қабанбай мектебі алғашқы орыннан көрінсе, Ә.Найманбай мектебі екінші, Кішкенетау мектебі үшінші орынды қанағат тұтты. Сызық бойымен жарыста Бестерек мектебі бірінші, Қаратұма мектебі екінші, Абай мектебі үшінші орын алды. 3D модельдеуде І.Жансүгіров мектебі жеңіске жетіп, Б.Тұрлыханов мектебі екінші орынға иелік етті. Биатлон танк бойынша Қаратұма мектебінің шәкірттері чемпион атанды.

Сайыста белсенділік танытқан оқушылар мен олардың ұстаздары ұйымдастыру комитетінің сыйлықтары мен марапат қағаздарына ие болды. Чемпионатқа қатысушылар алдағы уақытта да осындай жарыстардың өтуіне сенім білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button