ҚоғамТОП

Роботтар есік қағып тұр

Иә, роботты техника болашақтың емес, бүгінгінің игілігіне айналды. Қазір бұл саланы ғалымдар ғана емес, мектеп жасындағы оқушылар да меңгеріп жатыр. Облыс орталығында жұмыс істеп тұрған зертханалар мен білім ордаларындағы роботты техника үйірмелері соның айқын дәлелі. Құлтемірлер дәуірі келді.

Жалпы роботты техника саласына қатысты сұрақ көп. Бұның адамзатқа тигізер пайдасы мен зияны қандай? Адам еңбегіне деген сұраныс жойыла ма? Осыған дейін қалыптасқан жүйені толығымен өзгерте ме?..

Қалай десек те бұл сала өмірімізге енгені анық және одан қорқудың еш қажеті жоқ. Роботты техниканың да түпкі мақсаты адамдардың физикалық күш жұмсауын азайтып, ақыл-ой мен шығармашылық жұмыстарды атқаруына жағдай жасау деп білген жөн. Өркениеттің маңызды жетістігін пайдаға жаратып, қолдана білу – қоғам сұранысы.

Роботты техника – қазір елімізде қарқынды дамып келе жатқан үлкен бір сала. Зерттеушілердің пікірінше алдағы 5-10 жылда күнделікті өмірде, сервис, логистика және транспорт, машина жасау өнеркәсібінде роботтарды кеңінен қолдана бастаймыз. Сол уақыт жеткенде қазір осы саланы меңгеруді қолға алған жастар білікті маман болары даусыз. Робот құрастыру мен оны бағдарламалау қазіргі жастар арасында сұранысқа ие. Олардың қызығушылығы өте жоғары. Осыған байланысты елде «Қазақстандық робот технигі» ұлттық брендін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру керектігін атап өткен еді. Осыған байланысты елімізде роботты техникаға баса назар аударылуда. Қазақстанда қазір үш мыңнан аса роботты техника кабинеті бар. Ал осы саладан екі мыңнан астам мұғалім білімін жетілдіріп, арнайы курстардан өткен.

Шығыс өңірінде де бұл саланың қарқыны жаман емес. Бірер жыл бұрын өңірде тек арнайы курстар болса, бүгінде мектеп қабырғасында роботты техника кабинеттері ашылған. Тіпті кітапханаға дейін өз роботты техника үйірмелері бар.

Бүгінде роботты техника саласының дамуына үлес қосып жүрген жастардың саны артып келеді. Солардың бірі – Алмаз Жәкішев. Жас маман IT саласына қазақ тілін сіңіруді мақсат тұтады. Қазір облыс орталығында оқушыларға роботты техникадан сабақ беріп, бар білгенін жас буынға үйретуде. Жаһанда қарыштап дамып келе жатқан сала бізге де жат емес екенін дәлелдеймін деген биік мұраты да бар.

– Мен роботты техника саласында сабақ беремін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрия жөнінде айтқан болатын, міне, сол салада еңбек етудеміз. Бұл салаға студент кезімде қызықтым. Біртіндеп оқып, үйрене бердім. Екінші курстан бастап сабақ бере бастадым. Ол кезде роботты техника саласына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбеген. Білім беру орталықтарының бағдарламасына да енбеген. Тек жекеменшік орталықтар бар еді. Солармен бірлесіп жұмыс істеп, сабақ беруді бастап кеттім. Кейін бұл сала мемлекеттік бағдарламаға енді, – дейді роботты техникадан қосымша білім беріп жүрген мұғалім Алмаз Жәкішев.

Оның айтуынша, роботты техника – болашағы жарқын маңызды сала. Мұнда балалар физика, математика, радиотехника және информатикамен практикалық таныса бастайды. Өздері құрастыру жұмыстарымен айналысып, дами түседі.

Қазір Алмаздан тәлім алып жүрген ұзын саны 60 бала бар. Олар төрт топқа бөлінген. Бір топта 15 бала. Оқушылар бағдарлама жасайды, конструктор құрастырып, оны сынап көреді.

– Негізгі мақсатымның бірі – роботты техника саласына қазақ тілін сіңіру. Бұған дейін бұл саланы қазақ тілінде оқытпады. Өскемен қаласы бойынша қазақ тілді мұғалімдер 2019-20 жылдары өте аз еді. Қазір баршылық, қайта даярлықтан өткендері, қайта оқығандары бар. Менің мақсатым – қазақ тілінде сабақ беру, техниканың біздің ұлтқа да жат дүние емес екенін көрсету. Сондықтан клубта білім алып жатқан балалар кейін елімізде осы саланың өркендеуіне үлес қосып, биік жетістіктерге жетіп жатса, мен тек қуанамын, – Алмаз ұстаз.

Жас маман аталмыш саланың дамуы облыста дұрыс жолға қойылғанын айтты. Тек тағы да біраз техникалық жаңартулар жүргізілсе дейді. Отандық әзірлеушілердің жасаған бағдарламалары мен роботтарын оқу орындарының бағдарламаларына енгізу керек деп санайды маман. Оның айтуынша, қазір ата-аналар да роботты техника саласының болашағы зор екенін аңғарып, балаларын үйірмелерге көптеп беруде. Ал осы салада оқушыларға ең қиын соғатыны құрастыру емес, құрастырған роботтарын бағдарламалау. Алайда баланың қызығушылығы мен талпынысы жоғары болса, бұл бағытта да ақпарат жеткілікті.

Еліміз роботты техниканы өндірісте үнемі қолданып отырған жоқ.  Дегенмен саланың даму деңгейі жаман емес. Оның айқын дәлелі әлемдік роботты техника сайыстарында Қазақстан намысын қорғап жүрген жастардың жоғары жетістіктері. Мәселен, әлемдегі роботты техника бойынша ең беделді байқау саналатын First Global Challenge сайысында 190-нан астам елден келген қатысушылар арасынан Қазақстан командасының топ жаруы өте үлкен жетістік. Бұл роботты техникасы қарыштап дамыған елдермен біздің жастар да иық тіресе жарысуға қауқарлы екенін көрсетеді. Елімізде әр жыл сайын роботты техника саласында түрлі сайыстар өткізіліп келеді. Мұндай жарыстар оқушылардың біліктілігін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуына жақсы мүмкіндік береді. Ал үздіктердің қатарына енгендер жобаларына қолдау тауып, шетелдегі бәсекеге жолдама жеңіп алып жатады. Бұл жастарды қанаттандырып, ерекше шабыт береді. Осындай жарыстың бірі – күні кеше Астанада өткен «ROBOTEX KAZAKHSTAN – 2024» байқауы. Арқа төрінде өткен сайыста облыс намысын екі оқушы қорғап қайтты. Балалар жарыс жолын жақсы бастағанымен, сайыс қорытындысы бойынша үздік бестікке табан тіреген. Бәсекеге ел бойынша 240 команда қатысқанын ескерсек, бесінші орын Шығыс өңірі үшін үлкен жетістік екенін айта кеткен жөн.

– Астанада өткен жарысқа екі оқушымды алып бардым. «Жігер» деген атпен команда болып шықтық. Бірінші айналымда екінші орында тұрдық. Ал екінші кезеңде бесінші орынға түстік. Бұл сайыс шәкірттерім үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Оның үстіне еліміздің болашағы да осы саламен тікелей байланысты десем артық айтқандық емес. Сондықтан әлемдік үрдістен қалмауымыз керек, – дейді Алмаз Жәкішев.

Елордада өткен «ROBOTEX KAZAKHSTAN – 2024» байқауының үздіктері Түркияда өтетін «ROBOTEX TURKIYE – 2024» атты әлем чемпионатына жолдама алды. Мұндай жарыстардың көптеп ұйымдастырылуы еліміздегі роботты техника саласы бойынша бәсекелестікті қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана да заман ағымына сай жас буынды тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Мұндағы үйірменің ашылғанына екі жылдан асқан. Роботты техника үйірмесін ашу идеясы кітапхананы уақыт талабына сай бейімдеуден туындаған. Қазір үйірмеге қала бойынша 50-ден астам оқушы жазылып, қосымша білім алып жүр. Олардың арасында әртүрлі сайыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүргендері де жоқ емес. Кітапханаға келген балалар жастайынан техниканың тілін меңгеріп, роботты техника саласының қыр-сырын еркін үйренуге мүмкіндігі бар.

– Біздің кітапханада осындай үйірменің ашылғанына балалар да, ата-аналар да қуанды. Басты мақсатымыз жеткіншектерді техниканың тілін меңгеруге ертеден баулып, білікті маман болып қалыптасуына ықпал ету. Қазір үйірмеге 50-ден астам бала келіп жүр. Арасында қабілетті, техникаға икемі бар оқушылар көп. Шәкірттерімді түрлі сайыстарға қатыстырамын, нәтижелері көңіл қуантады. Бұл балалардан болашақта осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман шығатынына сенімім мол, – дейді роботты техника үйірмесінің жетекшісі Тимур Қасантаев.

Мамандардың айтуынша, алдағы онжылдықта роботтар қоғам өміріне тереңдей еніп, күнделікті тіршіліктің ажырамас бір бөлігіне айналады. Сондықтан әлем елдерінің назары ауған роботты техника саласының қазіргі даму қарқыны жоғары. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөздің астарын ерте түсініп, жас буынның бағдарын айқындасақ, замана көшінен кейін қалмасымыз анық.

Осы айдарда

Back to top button