Роботтар да футбол ойнайды
[center]
Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехника бойынша олимпиаданың аймақтық кезеңі өтті. Аталмыш желілік олимпиада еліміздің әр өңірінде бір мезгілде ұйымдастырылды. Оған облыс орталығы мен Семей қаласының мектеп оқушылары, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.
Білім сайысы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған би композициясымен ашылды. «Жаса, Қазақстан» әнінің әуеніне билеген NAO робот қатысушыларға рух берді. Білім ошағының директоры Гүлфарида Раисова жас программистерге сәттілік пен табыс тіледі.
Жарыстар Word Robot Olumpiad халықаралық олимпиадасының ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып, осы маусымның тақырыбы -“Rap the scrap» немесе «Қалдықтармен күресу» тақырыбына арналды. Оқушылар негізгі, шығармашылық және роботтардың футболы категориялары бойынша бақтарын сынады. Қатысушының жасына қарай, негізгі категорияда «Өңделген қалдықтарды бактарға сұрыптау», «Мектепке таза жол», «Қалдықтарды өңдеу зауыты» сияқты өзекті тақырыптар болды. Бұл тақырып біздің өңір үшін тіпті өзекті, өйткені осындай зауыт салу туралы мәселе әлденеше рет көтерілген болатын. Енді, міне, шешімін таппай келе жатқан мәселенің түйткілдерін шешуге мектеп оқушылары да атсалысуда.
Сайыстың бірінші жартысында жас программистер роботтарды жинап, оларды компьютерге қосумен айналысты. Олардың ережелермен жақсы таныс және не істеу керектігін жетік білетіндері бірден көрініп тұрды.
– Өткен жылы біз республикалық олимпиадаға қатысқан болатынбыз. Ал биыл жеңіске жетсек деп межеледік. Осы аймақтық кезеңге үш ай қалғанда біз «Қалдықтардың кешені» жобасына кірістік. Оның мақсаты қалдықтарды сұрыптап, ары қарай оларды тері және пластик ретінде қайта өңдеп, шикізат ретінде пайдалану, – деді облыс орталығындағы жас техниктер станциясының тәрбиеленушілері Роман Ли мен Анна Степанова.
Сайыстың екінші жартысы тіпті қызықты болды, өйткені жиналғандар арасында роботтардың футболының жанкүйерлері көп екен.
Қазыларға да жеңімпаздарды анықтау оңайға тиген жоқ, өйткені жарысқа қатысушылардың әрқайсысы үлкен дайындықпен келгендері көрініп тұрды. Қазылар алқасының шешімімен «Мектепке таза жол» тақырыбында жас ерекшеліктеріне қарай бірінші орынды Өскемен қаласындағы жас техниктер станциясының өкілдері Әлінұр Қабдрахманов пен Расул Елшібаев, Нұрасыл Зәкенов (Назарбаев зияткерлік мектебі, Өскемен), Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ернар Ерболов пен Әділ Ордаев жеңіп алды. «Қалдықтармен күрес» тақырыбында ШҚМУ-дың студенттері Мұхтар Әлімхан мен Мерей Маратұлы, жарыс өткізіліп отырған мектептің оқушылары Аяла Мұхаметқалиева мен Жанасыл Бақыт алдарына жан салмады. Роботтардың футбол ойынында да осы білім шаңырағының өкілдері Әйгерім Төлеубекова мен Адель Бауыржанова ешкімге дес бермеді. Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 7-8 қазан айында өткізілмек республикалық олимпиадаға да осы жұп баратын болды.
Облыс орталығында өткен олимпиаданың аймақтық кезеңіне математика, физика және информатика саласындағы дарынды балаларға арналған №25 мектептен, Өскемен және Семей қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінен, Семейдегі қазақ-түрік лицейінен, облыс орталығындағы жас техниктер станциясынан, ШҚМУ-дан барлығы 40 бала қатысты.
Кәмәл Естай