Робот жасаушылар тәжірибе алмасты
А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Робототехника-болашаққа қадам» деген атпен семинар-тренинг өтті. Информатика пәні мұғалімдерінің басын қосқан семинар-тренингте қатысушылар робот құрастыру саласында тәжірибе алмасып, еліміздің болашақ инженерлерін тәрбиелеудегі кітапхана мүмкіндіктеріне қанық болды.
Жастардың интеллект орталығының маманы Валерий Малышев, робототехника бойынша халықаралық санаттағы тренер Думан Тоқтасынов, Назарбаев зияткерлік мектебінің және математика, физика, информатика саласы бойынша дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің оқытушылары конструктор құрау, роботтарды бағдарламалау жөніндегі өз тәжірибелерімен бөлісті. «ҮМЗ» АҚ маманы Владимир Панфилов Өскемен кәсіпорындарындағы автоматты үдерістерді қолдану туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ семинар барысында «Лига роботов» робототехника секциясы федералды желісінің жетекшілері Н.Пак және М.Гуськовпен онлайн-кездесу өтті. Инженер ісіне оқытуға бағытталған бұл ірі робототехника мектебінің жетекшілері мамандардың біліктілігін арттыру және оқушыларды техника саласына ынталандыру жүйесіне кеңінен тоқталды.
-Робототехника- балаларды заман талабына сай жоғары технологиялы техникаға бейімдеу әдістерінің бірі. Оны меңгеру бүгінгі таңда аса қажет. Біздің кітапхана қазірдің өзінде ресурстар орталығы әрі бағдарламалау, лего құрастыру, робототехника саласы бойынша пайдаланушылардың шығармашылығын арттыратын орынға айналып үлгерді. Елбасымыз биылғы Жолдауында елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамытуды ерекше тапсырғаны белгілі. Жаңа технологиялардың, жастардың ой-өрісінің дамытқаны соншалық, қазіргі кәсіби техникалық мектепті бітірген бала осыдан 10-15 жыл бұрынғы инженер маман істеген жұмысты атқарып отыр. Мектептерге де енді роботехника пәні енгізілмекші,-дейді кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова.
Кітапхана мамандары әзірлеген «Hello, Robot» әдебиеттер көрмесі мен интернет-ресурстар оқытушыларға сабақ жоспарын жазуда қажетті әдебиеттерді іріктеуге мүмкіндік беріп, STEM-білім берудің заманауи қағидасымен таныстырды. Кітапхананың Америкалық орталығының маманы Әсем Екімбаева қонақтарды Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен таяуда ашылған Makerspace шығармашылық алаңымен таныстырып, үш өлшемді принтердің мүмкіндіктерін көрсетті.
Түстен кейін жастардың технологиялық шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған робототехникадан жарыс ұйымдастырылды. Мұнда өз роботтарын ұсынған жас инженерлер мен қала оқушылары кегильринг, түзу жолмен жарысу және робосумо сайыстарында бақ сынап, қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ