Қоғам

Робот техникасының жабдықтарын ШҚМТУ әперіпті

Робот техникасының жабдықтарын ШҚМТУ әперіпті


Үржар ауылындағы Абай атындағы орта мектепте робототехника сыныбы ашылды деген қуанышты хабарды ести сала білім ордасына келдік. Бізді қарсы алған мектеп директорыҚабдысадық Баисинов екінші қабаттағы робототехника сыныбы орналасқан кең әрі жарық кабинетке алып келді. Үстел үстіндегі роботтың темір, пластикадан жасалған тетіктерін құрастырып жатқан балаларлың ынтасы робот құрастыруға ауған. Біраздан кейін роботтың бірнеше түрі жасалды. Бұдан кейін экранға жан бітіп, робот әртүрлі күрделі қимылдарды жасай бастады.

-Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру атты мақаласындағы «Менің мектебім» жобасы аясындағы робототехника пәніне керекті құрал-жабдықтарды Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұстаздары әперді. Біз осы оқу орнының ректоры Жасұлан Шаймардановқа, қамқорлық қолын созған проректор Сәуле Рахметуллинаға алғысымызды білдіреміз. Бұл ауданда тұңғыш орнатылған ғылыми жоба болғандықтан жауапкершілік мол. Бүгінгі таңда адам күшін үнемдеп, арнайы программалық жүйе арқылы жұмыс жасайтын роботтар еліміздің мектептерінде қолданыла бастады. Мектеп оқушылары арасында ғылыми жобаларға қатысып, халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алып жүрген талапты жастар баршылық. Атап айтсақ, Арайлым Саламатова, Бұлбұл Мәулетқажи, Бота Дүйсенова сияқты оқушыларымыз жүлде терді. Ұстаздар Т.Керсаева, Қ.Баелова, Ж.Өтегенова, М.Аббасова сияқты ұстаздар өз шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруде. «Үздік шығармашылық топ-2017» байқауында бас жүлдені иелендік. «Үздік педагог-2017» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Дүбербаева бас жүлдені жеңіп алса, аудандық «Жыл сынып жетекшісі-2017» байқауында бастауыш сынып мұғалімі Г.Баймурзина үздік деп танылды. Ол ол ма, ТМД елдері командалары қатысқан сайыста біздің оқушылар екінші орынды иеленді. Қытайдың Бейжіңінде өткен өнер сайысында Нұрбек Назерке бас жүлдені алып, абыройды асқақтатып тастады,-деді робототехника сыныбына басшылық жасап жүрген, мектеп директорының әдістемелік-инновациялық істер жөніндегі орынбасары, 33 жыл еңбек өтілі бар, Катонқарағай, Зайсан аудандарындағы мектептерде ұстаз, басшылық қызметте болған, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі Бақыт Камешова.

Осы орайда, шәкірттердің шығармашылық ізденісте табысқа жетуіне зор үлес қосып келе жатқан бір топ ұстаздардың есімін атап өткен орынды болар. Мектеп директоры Қабдысадық Баисинов ұзақ жылдар аудан әкімінің орынбасары, екі мәрте аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Қазір де ұстаздарды ортақ табысқа іскерлікпен жұмылдыруда. Мектеп директорының орынбасарлары Бақыт Камешова мен Еркін Қадыров «Білім беру саласының үздігі» атағына ие болды. Бақыт Камешова сонымен бірге «Үздік әдістемелік қызметі үшін» арнайы мадақтамасын алыпты. Қорыта айтқанда Абай атындағы мектеп ұстаздары алдағы уақытта да ізденіс пен ілкімділік таныта бермек. Хакім Абай кезінде білім алуға жете көңіл аудару қажеттігі жайлы айтқан, мектептің 40 түлегінің 35-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 78 балл жинады, екі түлек «Алтын белгі» иегері атанды, біреуі үзік шықты.

Жақында Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин білім ордасында болған кезде робототехника сыныбын аралап, ұстаздармен әңгімелесті, қысқы дайындық жұмыстарына оң бағасын берді. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да білім ошақтары заманауи робототехникамен қамтамасыз етілмек.

Оңдасын Елубай.
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button