Өңірімізде екі бірдей өндіріс орнының тұсауы кесілді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысып, атқарушы билік органдарына бірқатар маңызды міндеттерді жүктеген-ді. Сондай-ақ, Елбасы тікелей эфир режимінде еліміздің бірқатар инновациялық өндіріс орындарын іске қосты. Осыған орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шұғыл жиналыс өткізді.
Тәуелсіздік сарайындағы салтанат шығысқазақстандық кәсіпорынды наградтаудан басталды. Еліміздің Премьер-министрі Серік АХМЕТОВ орта кәсіпкерлік санаты бойынша «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымындағы жеңісі үшін «Парыз – 2012» алтын статуэткасын шемонайхалық «Востоксельхозпродукт» ЖШС-нің басшысы Сергей Глушковқа табыс етті. Аталмыш серіктестік осы жылы Зевакино ауылында тұрғындарға арнап демалыс орталығын ашқан, сонымен бірге олар жас спортшыларға, медициналық мекемелерге көмек көрсетіп келеді.
Ал шағын кәсіпкерлік санатындағы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша «Парыз – 2012» қола статуэткасы семейлік «Ибраев+К» өндірістік кооперативіне берілді. Бұл ұжым жергілікті әлеуметтік нысандарды ұстап тұруға көмектесіп қана қоймай, қайырымдылық шаралармен де айналысуда. Олар осы мақсатқа биыл 20 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсаған.
Көптеген отандық озық кәсіпорындар жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысады. Осы жолы «Тұрғындарға арналған үздік тауар» номинациясының бірінші дәрежелі дипломы өзіміздің әйгілі «Азия Авто» зауытына бұйырды, олар биыл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көлік құрастырыпты.
Жалпыұлттық телекөпір әрі қарай Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен жалғасты. Дәстүр бойынша жыл көлемінде салынған инновациялық өнідіріс орындары осы тікелей эфир барысында салтанатты түрде іске қосылды. Олардың ішінде «Востокмашзауыттың» жаңа шойын құю цехы да бар. Мұнда вагондарға арналған болат құймалар шығарылады, бұл – елімізде бұрын-сонды болмаған өндіріс. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, зауытты «Қазақстан теміржолы» компаниясы басқаруға алған соң барлық өндірістік және әлеуметтік мәселелер шешілген. Ең үздік технологиялардың енгізілуі арқасында зауыттың бір жылда 14 мың тонна құйма өндіретін қуаты бар. Нәтижесінде вагон құймалары тапшылығы азайып, өнім сапасы арта түспек. Кәсіпорында 456 жаңа жұмыс орны ашылады.
– «Востокмашзауыт» – бұрыннан жұмыс істеп келетін іргелі кәсіпорын. Бір кездері ол құлдырауды басынан кешірген еді. Енді міне, қайтадан жаңғырып, толық қуатында жұмыс істей бастамақ. Мен бұған өте қуаныштымын, – деді Елбасы.
Шығыстың келесі инновациялық жобасы – Жарма ауданы, Шар қаласындағы «Қазақцемент» ЖШС-нің жаңа зауыты. Мұнда өнім өндірудің экологиялық таза әдісі қолданылады. Кәсіпорынның орналасқан жері де ыңғайлы, жақын маңда теміржол жатыр, ал өлкедегі шикізат қоры елу жылға жетеді. Цемент өндіруге қажет клинкердің алғашқы легі осы жылдың қыркүйек айында алынды. Жоба құны – 19 миллиард 500 миллион теңге. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сапалы құрылыс материалы еліміздегі цемент тапшылығын азайтпақ.
Мемлекет басшысы цементті өндірудің жаңа технологиясына жоғары баға берді. Елбасы, сондай-ақ, зауыттың шағын шаһар жанынан орын тепкенін де ұтымды шешім деп атап өтті. Өндіріс орны қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайына жағымды әсерін тигізуі тиіс.
Жаңа инновациялық өндіріс орындарының ашылу салтанатынан кейін президенттік «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімі басталды. Олардың қатарында кәсіпорындары өңірімізде табысты жұмыс істеп жатқан «Қазатомөндіріс» және «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниялары болды.
Марапаттау салтанатынан кейінгі сөзінде Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың үш жылы ішінде еліміздің жалпы ішкі өнімі 20 пайызға артқанын атап көрсетті. Өндірілген өнімдерді экспорттау 2011 жылы тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет 22 миллиард доллардан асып жығылды. Бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 85 пайызға артық.
– Мен жаңа ғана бірқатар индустриялық жобаларды іске қостым. Олардың бір бөлігі Кентау, Шар, Степногор, Теміртау секілді шағын және моноқалаларда салынғаны ғанибет іс болды. Мұның өзі менің бастамам бойынша қабылданған шағын қалаларды дамыту бағдарламасының алғашқы жемісі, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы индустрияландырудың үш жылы ішінде 537 жаңа нысанның іске қосылғанын атап көрсетті. Олар өндірген өнімнің көлемі 1,4 триллион теңгені құрады. 110 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл ретте аталған кәсіпорындарды құруға мемлекеттің 2,1 триллион теңге бөлгені еске түседі.
– Сөйтіп, біз жұмсаған қаржының үштен екі бөлігі жаңа экономикамызға нақты өнімдерді әкелді. Үдемелі даму бағыты инновациялық өнімдер көлемін екі есе арттырып, 236 миллиард теңгені құрады. Индустрияландыру картасы бойынша әлі 170 кәсіпорын салынуы қажет. 200 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Біздің алдымызда тұрған жалпы тактикалық міндет – таяудағы екі жылда индустрияландырудың бірінші бесжылдығын табысты түрде аяқтау, – деген Президент еліміздің жаңа саяси бағыты болып табылатын «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кіріскенін ерекше атап көрсетті.
Жылпыұлттық телекөпір аяқталған соң облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жедел жиналыс өткізіп, Елбасы жүктеген міндеттерді орындауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырды.