Қоғам

«Құрметті азамат» атағын лайықтылар алып жүр ме?

  «Құрметті азамат»  атағын лайықтылар алып жүр ме?
Ауданның немесе қаланың «Құрметті азаматы» деген атақты беру кеңес кезінде де тәжірибеде бар болатын. Бұл үрдіс қазір де жалғасып, белгілі бір адамдар осы атаққа ие болып жүр.
Абай ауданы бойынша «Құрметті азамат» атағын алған жүзге тарта адам бар, солардың ішінде қарапайым еңбек адамы – бұрынғы шопан, Социалистік Еңбек Ері Болат Бағдатов қана. Басқалары – басшылар, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және елге келіп-кетіп жататын сыйлы қонақтар.
Ертеректе ауданға еңбегі сіңбеген, басқа қалаларда тұратын бір келген қонақтарға да «Кұрметті азамат» атағы берілді. Ал кейбір адамдар ел арасында абыройы болса да, осы атақты ала алмай жүрді.
Жалпы, ауданның немесе қаланың «Құрметті азаматы» деген атақты берудің өзі дұрыс па? Дұрыс болса, кімдерге беру керек, нақты ережеге сүйеніп жүрміз бе? Бұл атақты лайықсыз адамдардың алып, лайықты адамдардың ала алмауы наразылық тудырмай ма? «Құрметті азамат» атағын ең таңдаулы, халық құрметтейтін адамдарға ғана беру керек емес пе?
Демек, көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болған адамдарға «Құрметті азамат» атағы берілсе, дұрыс болады. Оған ешкім қарсылық жасай алмайды.
Ауданның «Құрметті азаматы» атағы жұрт алдында жария түрде беріледі. Сонда жиынға қатысып отырған кейбір адамдардың «мынаның менен қай жері артық, ол алғанда мен неге алмаймын?» деген қызғаныш сезімі пайда болады. Содан барып ол да алғысы келіп, арыздану басталады. Ала алмаған жағдайда мұның ақыры наразылыққа ұласады.
Маған Абай ауданының «Кұрметті азаматы» атағы 2004 жылы берілді. Одан бір жыл бұрын сол кездегі аудан әкімі Б.Үйсімбаев жаңа жылмен үйге құттықтауға келіп, «Келесі жылы сізге «Құрметті азамат» атағын береміз» дегенде мен: «Маған бұл атақтың керегі жоқ, «батагөй қарт» деген халық берген атағым бар, сол жетеді, сондықтан «Құрметті азамат» атағын сұрап жүргендерге беріңдер» дедім.
Кейбір адамдар осы атаққа қызығып, әкімшілікке барып, «Құрметті азамат» атағын маған да бер!» деп сұрап жүр. Ерте заманда ел арасынан болашақты болжайтын әулиелер, жұртқа үлгі айтатын абыздар, жұртқа қорған болған батырлар, жомарт байлар, еңбекшіл елгезек адамдар екшеліп шыққан. Оларды халық мақтап, атағын шығарған. Мысалы, «Нысан абыз», «Ешен әулие», «Әнет баба», «Атымтай жомарт», «Мамай батыр», «Қаз дауысты Қазыбек шешен» деген сияқты.
Сондықтан, «Құрметті азамат» деген атақты сұрап алмау керек. Бұл атақ лайықты адамды өзі табуы қажет.

Жағыпар Жүнісжанұлы,
соғыс және еңбек ардагері

Абай ауданы

Осы айдарда

Back to top button