Қоғам

Құрманбаевқа қатысты үкім шықты

Құрманбаевқа қатысты үкім шықты


28 маусымда Риддер қалалық соты осы жылдың сәуір айында орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты үкім шығарды. Естеріңізге салар болсақ, 2018 жылдың 15 сәуірінде Риддер қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Құрманбаев мас күйінде өзінің жеке меншік «БМВ Х» көлігімен 19 жасар қала тұрғыны Евгений Смольниковті қағып өлтірген болатын. Мемлекеттік қызметші тарапынан жасалған атышулы ауыр қылмыс құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында және қоғам өкілдерінің жіті назарында болды.

Сот отырысы 21, 22, 26, 27, 28 маусым күндері өтті. Сот процесі барысында белгілі болғандай, сол күні Бауыржан Құрманбаев түнгі сағат 9-дар шамасында Айдарханов көшесімен жүріп бара жатып, №8 үйдің тұсында жолдың оң жақ шетіндегі жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан Евгений Смольниковті қағады. Жәбірленуші жолда өзінің дос қызы Голубевамен қыдырып жүрген екен.

Сараптама барысында анықталғандай, экс-шенеунік сол күні рөлде мас күйінде болған, оның қанынан 0,8 промилле алкоголь тыбылыпты. Бұл оның жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсетеді. Тергеу барысында соққы кезінде көліктің жылдамдығы сағатына 88 шақырым болғаны да анықталды. Яғни, Құрманбаев жол ережесінің бірнеше талабын бұзған. Рөлге мас күйінде отырған, елдімекен ішінде жылдамдықты шамадан тыс асырған және жолдың жиегіне шығып кеткен. Қылмыскердің өзінің айтуынша, қарама-қарсы бағытта келе жатқан көліктің жарығы көзіне шағылысып, ол жолдың жиегін көрмей қалған. Тежегішке тек соққыны сезгеннен кейін ғана барып басады. Белгілі болғандай, «БМВ Х5» көлігін Құрманбаев оқиғадан екі апта бұрын ғана сатып алған екен.
Сондай-ақ оқиға кезінде Құрманбаевтың көлігінде сол күні қалаға қонақтап келген Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев отырған болып шықты. Ол сотқа қатысып, куәгер ретінде жауап берді.

Сотта Құрманбаев сол күні қала шетіндегі «Сосновый бор» демалыс базасынан өзінің үйіне кетіп бара жатқанын, базада бір стақан арақ ішкенін мойындады. Ал қала әкімі өзінің сау болғанын және Құрманбаевтың спиртті ішімдік ішкенінен хабарсыз болғанын айтты. Сонымен бірге, күдіктінің көлік апатына дейін жол жүру ережесін бұзғанын да байқамапты. Атап өтерлігі,бұған дейін осы әрекеті үшін Әдеп кеңесіӨскемен қаласы басшысына толық емес қызметтік сәйкессіздік түріндегі ескерту жариялаған-ды. Бұл – мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын ең қатаң жазаның бірі.

Құрманбаевтың өзі процесс кезінде артылып отырған бар кінәні толықтай мойындайтынын айтып, қаза болған жігіттің әке-шешесінен, қара жамылып отырған жанұядан бірнеше мәрте кешірім сұрады, болған жағдайға қатысты қатты күйінетінін жеткізді.

Медициналық сараптама нәтижесі Евгений Смольниковтің ашық бас сүйек-ми жарақатынан оқиға орнында көз жұмғанын анықтап отыр. Отырыста жәбірленушінің әкесі Виктор Смольников өзіне қаншалық ауыр болса да қылмыскерге адами тұрғыда жаны ашитынын, оны кешіргенін жеткізіп, судьядан Құрманбаевты бас бостандығынан айырмауын сұрады.

– Баламды қағып өлтірген Бауыржан Құрманбаевтың әкесі өкпенің обырымен ауырады екен. Мұның қандай қиын екенін жақсы түсінем, себебі өзімнің әкем кезінде осы жаман дерттен көз жұмған. Мен шіркеуге барып, ондағы дін қызметкерінен ақыл сұрадым, үйдегі жұбайыммен кеңестім, мен енді бәрібір ұлымды қайтарып ала алмаймын.Сондықтан оның түрмеге отырғанын қаламаймын, – деді Виктор Смольников.

Қорғаушы Сергей Боржаков Құрманбаевтың жиырма жыл бойы мемлекеттік қызметте атқарған адал еңбегін, басшылық тарапынан берілген жағымды мінездемелерін, оқушы кезінен бастап алған түрлі марапаттарын алға тартып, сонымен қатар қылмыскердің кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін ескертіп, бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауын өтінді.Айта кетсек, 1973 жылы туған Құрманбаевтың 16 жастағы қызы мен 7 жасар ұлы бар екен. Сондай-ақ, қатаң жаза тағайындаған жағдайда бір отбасының қайғысы екінші отбасының қайғысына айналатынын айтты.

Сот отырысына Құрманбаевтың жұбайы да қатысып, күйеуі әкелген ауыр қайғы-қасіретке қарамастан кешірім берген Смольниковтер отбасына шексіз алғысын білдірді.

Жарыссөздер барысында айыптаушы тарап, яғни прокуратура қызметкерлері судьядан Құрманбаевтың мас күйінде көлікке отырғанын, жол ережесінің бірнеше талаптарын өрескел бұзғанын, мұнымен қатар мемлекеттік қызметші бола тұра, өз ісімен билік органдарының абырой-беделіне үлкен нұқсан келтіргенін айта келе, осы қылмыс түріне қолданылатын ең қатаң жаза – 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Процесс барысында іске қатысы бар куәгерлерден жауап алынды. Медициналық, техникалық сараптамалардың қорытындылары жария етілді.

Сот үкімі 28 маусым күні таңертең шығарылды. Судья Татьяна Дремлюх Қылмыстық кодекстің 345-ші бабы, 3-ші бөлігіне сәйкес Бауыржан Құрманбаевқа бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол 5 жыл мерзімге автокөлік жүргізу құқығынан айырылып, 158 000 теңге көлемінде мемлекеттік сараптамаларға кеткен сот шығындарын өтейтін болады. Жаза мерзімі қамауға алынған күннен бастап есептеледі, яғни, 16 сәуірден. Бұрыңғы шенеунік жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде, яғни қоныс колониясында өтемек.

Сот үкімі жарияланған соңғы отырысқа Евгенийдің әкесі Виктор Смольников қатыспады. Ол ғимараттың сыртында күтіп жүрді. БАҚ өкілдеріне сот үкіміне қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button