Құрман ақынға құрмет көрсетті

Үржар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері Қарақол ауылына келіп, зағип ақын Құрман Малдыбаевтың «Өкінбеймін» атты кітабының тұсаукесерін өткізіп, жарымжан жанға құрмет көрсетті. Үржар Мәдениет үйінің директоры Майра Кебісбаева бастаған өнерпаздар ауыл жұртының алдында өз өнерлерін көрсетіп, сазгер ағамыздың кейінгі жылдары жазған әндерін айтып, Қарақол орта мектебінің оқушылары ақын аталарының өлеңдерінен әдеби-сазды қойылым көрсетті. Ауыл әкімі Марат Мұсабаев, Майра Кебісбаева, Қарақол мәдениет үйінің басшысы Дәулет Тайжігітов Құрман Тасжанұлының иығына шапан жауып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 50 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Зағип ақынның шығармашылығын қастерлейтін белгілі әнші Нұрбол Шерубаев, таскескендік Берікқан Райымбеков пен Қарақол Мәдениет үйінің әншісі Мұхаметхан Ордабаев сазгердің бірнеше әндерін нақышына келтіріп орындады.
Үржарлық ақын, әуесқой сазгер, сатирик Құрман Малдыбаев жайлы кеңінен айтуға болады. 1942 жылы Қытай елінің Күрті аймағында дүние есігін ашқан ол қалың елмен бірге 1955 жылы тарихи атамекеніне қоныс аударған. Бала жасынан аурушаң, өздігінен жүріп-тұруы қиын ол кісі 1-топтағы мүгедек. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» дегендей, кейінгі 15 жыл көлемінде қос жанарынан айырылған. Алайда, ол өзінің шын мәнінде рухы биік жан екендігін дәлелдеп келеді. Қарақол ауылында тіршілік етіп жатқан Құр-ағаңның демеушілердің көмегімен, өзінің қаржысымен бүгінгі күні бірнеше кітаптары шыққан. Атап айтқанда, «Қисық айна», «Топтан озған тұлпарлар», «Өкінбеймін» деген жинақтары қалың оқырманға жол тартқан. Ал осы үш кітаптың басын қосып, кейінгі жылдары жазылған өлеңдерін топтастырып шығарып отырған Аягөздегі «Мөлдір сана» газеті мен «Аягөз әлемі» журналының редакторы Бақытөмір Шалғынбай.
-Құрман ағамыз телегей-теңіз шығармашылықтың адамы ғой. Оның өлеңдерінен басқа прозасы мен әндері де бар көрінеді. Біздің газетіміз бен журналымызға соңғы жылдары шыққан өлеңдерін жинақтап, үш кітаптың басын қосып қалың етіп, өз қаржысына шығардық. Рас, әлі де біршама өлеңдері бар. Бұйырса, ол да кітап болып жария көріп қалар, -дейді Қазақстан бас редакторлар клубының мүшесі Бақытөмір Шалғынбай.
Өлеңдері жинақталып, кітап болып жатқан Құрман Малдыбаевтың өзі :
«…Жас шаққа артқандай ерекше өкпе,
Кезігердей болып бір берешекке.
Тұлпарын уақыттың ерттеп мініп,
Аттандым алаңсыз келешекке», -дейді…
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы..