Экономика

Өңірлік инновацияны өркендететін жобалар қолға алынады

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен өткен инновация және жаңа технологиялар жөніндегі кеңестің отырысында плавиктік қышқыл (фторгипс қышқылын) өндірудегі қалдықтардан құрылыс материалдарын шығару, табиғи минералдардан дәрілік сорбенттер өндіретін фармацевтикалық зауыт салу және басқа да инвестициялық жобалар әңгімеге арқау болды.

Өңірлік инновацияны өркендететін жобалар қолға алынадыӨңірдің инновациялық белсенділігін арттыру және ғылым мен бизнестің байланысын нығайту бойынша ағымдағы жылы атқарылатын негізгі міндеттер туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов ақпарат берді. Оның айтуынша, аталмыш басқарма тарапынан біраз ұсыныстар жасалыпты. Айталық, өңірлік инновациялық жүйенің (ӨИЖ) ең әуелі нормативтік-құқықтық базасын жасау керек. Одан кейін технопарктердің даму тұжырымдамасын қайта қарап, оларды мемлекеттен қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.

– Өңірлік инновациялық жүйе құру, бұл – кез келген аймақтың өзіндік ерекшелігін ескере отырып дамуына ықпал етуге, жергілікті кәсіпорындардың проблемаларын кешенді іс-шараларды жүзеге асыру арқылы шешуге, кәсіпкерлермен, ғалымдармен және өнертапқыштармен тығыз қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Сондай-ақ, ол өңірдің ғылыми-техникалық, технологиялық, инвестициялық және адами әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді, – деп түсіндірген Шәкәрім Бұқтұғұтов өнертапқыштар мен соны жобалардың авторларын қаржылай қолдау мәселесін заңдық тұрғыдан бекіту қажеттігін де тілге тиек етті.

Бұған қоса басқарма бастығы өз сөзінде биылға межелеген бірқатар іс-шараларды да таныстырып өтті. Атап көрсетсек, алдағы наурыз айының соңын ала «жасыл экономика» мәселелеріне арналған форум өткізілсе, сәуір айының алғашқы он күндігінде шағын қалаларды дамыту әлеуеті жөнінде (Курчатовта) және қазан айында өңірлік инвестициялық-инновациялық екі бірдей форум ұйымдастырылмақшы.

Кәсіпорындардың инновациялық дамуы (өнертапқыштық, ғылым мен өндірістің қарым-қатынасы) туралы кеңесте «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Шахворостов ақпарат берді.

Оның келтірген деректеріне сүйенсек, 2012 жылдың маңызды жобаларының бірі – кәсіпорында бериллий лигатуры мен қоспасы толтырылған қорғаныс материалдарын пайдалану арқылы шығару технологиясын енгізу және дайындау. В.Потанин атындағы сыйлықты жеңіп алған бұл жобаның экономикалық нәтижесі 39 549 668 теңгені құрайды. Бұдан бөлек «ҮМЗ» АҚ былтыр ниобидің меншікті құймаларының технологиясын дайындау және өндірісін құру жобасын қолға алыпты. Соның арқасында аталған металл құймаларынан әртүрлі пластиналар, сымдар (проволка), ленталар, дискілер және басқа да бұйымдар шығарылып, тұтынушылар игілігіне ұсынылған. Түсетін жалпы өнімнің көлемі – 458 457 000 теңге. Жобаның өзін-өзі толық ақтауы – 6 жыл.

– Ағымдағы жылы біздің кәсіпорын плавиктік қышқыл (фторгипс қышқылын) өндірудегі қалдықтардан құрылыс материалдарын шығару жобасын іске асыратын болады. Біздің өнімдеріміз құрылыс саласында жоғары сұранысқа ие. Бүгінде іске қосу, реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тауарларымызды сатып алатын тұтынушымен арада келісімшарт жасалып қойды, – деп нақтылаған Юрий Шахворостов өнертапқыштар мен тың идея авторларын ынталандыру, қаржылай қолдау мақсатында да кәсіпорын басшылығы түрлі қадамдарға барып отырғандығын жеткізді.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2000 жылдан бері «ҮМЗ» АҚ жаңа техникалар мен технологияларды жасауда ең жоғары жетістікке қол жеткізген адамдарға В.Потанин атындағы сыйлықты беруді қолға алған. Содан бері бұл сыйлыққа 15 жұмыс лайықты деп танылса, «ҮМЗ» АҚ мен оның еншілес кәсіпорындарының 51 жұмысшысы лауреат атанған.

Сонымен қатар, кеңесте «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі АҚ-ның өкілі, «Алтай геологиялық-экологиялық институты» ЖШС еншілес кәсіпорнының директоры Ержан Сапарғалиев сөз алып, институттың инновациялық қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Дәлірек айтсақ, ол шикізат базасы бар дәрілік минералды сорбенттер шығаратын фармацевтикалық зауыт салу, экология саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу секілді инновациялық жобаларын таныстырды.

– Жобасының құны 380 миллион теңге болатын фармацевтикалық зауыт Өскеменде, Ертістің сол жағалауындағы Метро сауда орталығының жанынан салынады. Бүгінде Білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылым комитетінен 120 миллион теңге қаражат бөлінген. Қалған 260 миллион теңгені венчурлік қордан аламыз. Дегенмен бүгінгі күні жер телімін қайта реттеуге және басқа да мәселелерге қатысты аздаған түйткілдер туындап отыр, – дейді кәсіпорын директоры Ержан Сапарғалиев.

Маманның есебіне жүгінсек, жаңа нысан іске қосылғанда 1,5 миллион орама (упаковка) тагансорбент пен тағаммен қосымша тұтынатын табиғи белсенді қоспаларды өндірмек. Мұның сыртында 50 адам еңбекке тартылып, жылдық тауар өнімі 400 миллион теңгені құрайды. Зауыт тауарлары, әсіресе, жұқпалы іш және диарея ауруларын емдеуге өте пайдалы. Оның үстіне адам ағзасын микро-элементтермен қамтып, ауыр металдарды шығаруға көмектеседі екен. «GMP» стандарты бойынша салынатын зауыттың құрылысын жүргізуге халықаралық компаниялар тартылыпты. Соның ішінде неміс-поляк M+W GROUP компаниялары жобаға дейінгі және жобалау жұмыстарына жауапты болса, OMAG итальяндық фирмасы орау-қаптау автоматтарымен және орама желілермен қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ зауытқа бөлінген жер теліміне қатысты мәселені шешуге көмектесуді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Оксана Желяковаға тапсырса, басқа мәселелерді реттеуді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтовқа жүктеді.

Бұған қоса жиында өңірдегі техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде өнертапқыштық машықтарды дамыту жөнінде облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Айжан Садықова, инновациялық және ғылыми-зерттеу қызметтерді дамыту тақырыбында Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков, өңірдің инновациялық өркендеуіне жастардың қатысуы туралы жастар саясаты жөніндегі басқарманың бастығы Жасұлан Сәрсебаев көпшілік алдында ақпарат беріп, жобаларымен бөлісті. Ұлан және Бородулиха аудандарының әкімдері де бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шараларды қысқаша айтып берді.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңірлік инновациялық жүйені қанаттандыруға кедергі келтіретін бірқатар түйткілдерді шешу қажеттігін еске салды.

– Өкінішке қарай, бүгінде ғалымдар мен өнертапқыштардың идеялары қолдау тауып, өндіріске енгізіліп жатқан жоқ. Өскемендегі «Алтай» технопаркінің жұмысы да өте нашар. Кейінгі уақытта Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың жанындағы «Іргетас» зертханасының да қызметі көңіл көншітерлік емес. Сол себепті біз ең бірінші кезекте ғылым мен өндірісті ұштастырып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуін жол қойған абзал, – деп түйген облыс Әкімі ғалымдарымыздың «Ертіс» ӘКК-нің ғылымға бағытталған қаржысын ұқсата алмай отырғанын да сынға алды.

Өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ назарынан Өскемен мен Семейде қыруар қаржы жұмсап құрылған индустриялдық аймақтардың толық игерілмей жатуы, жаңа технологиялар саласындағы кадр тапшылығы сияқты проблемалар да тыс қалған жоқ. Айталық, бүгінгі таңда облыс орталығындағы аталған аймақта бір де бір жоба орналастырылмаған. Қайта Семейде бұл тарапта біраз шаруа тындырылыпты. Осы орайда облыс Әкімі қос қаланың басшыларына кемшіліктерді жою үшін нақты тапсырмалар берді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button