Рөлге мас күйінде отырған полицей қамауға алынды
Семейде полиция қызметкері мас күйде рөлге отырып, жол апатына ұшырады. Оқиға салдарынан бір адам мерт болды, ал полицей қамауға алынды.
Болған жол апатын қала тұрғындары әлеуметтік желіде талқылап жатыр.
\”Мас полицей бағдаршамның қызыл белгісіне өтіп кетіп, менің қызымның сыныптастары отырған таксиге барып соғылған. 25 жастағы жігіт көз жұмды, екіншісі жансақтау бөлімінде жатыр\”, – деп жазыпты Семей тұрғыны.
Оқиға 18 ақпанда түнгі үште қала орталығында болған. Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысында «Toyota» бес жолаушы отырған көлікке бетпе-бет соғылған. Бес адам да жарақат алып, бірі ауруханада көз жұмғаны белгілі болды.
-Иә, жол апатына полиция қызметкері себепші болды. Сараптама жол апаты кезінде оның мас болғанын көрсетті. Қазір ол уақытша ұстау абақтысына жабылды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр, – дейді ІІБ өкілдері.
Дарын Нұрсапаров