«Өрлеудің» арқасында тастары өрге домалады
Халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына көмек көрсету мақсатында 2014 жылдың ақпан айында елімізде дүниежүзілік банктің қолдауымен «Өрлеу» жобасы іске қосылғаны белгілі. Пилотты жобаның алғашқы қарлығашы ретінде үш облыс таңдалып алынды. Оның ішінде біздің облысымыз да бар. Жоба биыл еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Аталған әлеуметтік көмектің нәтижесінде қарапайым халық ақшалай көмектен бөлек жұмыспен де қамтылды.
«Өрлеу» бағдарламасының Үржар ауданы бойынша кеңесшілерінің айтуынша, жыл басынан бері ауданымыздағы176 отбасындағы 821 адамға республикалық бюджеттен 23040 млн. және жергілікті бюджеттен 15083 млн. теңге бөлінген. Бағдарлама аясында Мақаншы ауылдық округіндегі 20, Үржар ауылындағы 16, Көкталдағы 10, Қарақолдағы 8, Қарабұта ауылдық округіндегі 12, Бақтыдағы 6 отбасы, тағы басқа да ауылдардың тұрғындары мемлекеттен атаулы көмек алуда.
Аталмыш жоба аясында мемлекет ақшалай жәрдем берген отбасылармен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Солардың бірі – Егінсу ауылдық округіне қарасты Жанай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Инна Кущева жобаға биылғы жылдың сәуір айынан қатысуда. Жеті баласы мен жолдасын және өзін қосқанда тоғыз адамға осы «Өрлеу» жобасы бойынша ай сайын 84408 теңге төленген. Бұл жанұяға алты айда 506 408 теңге бөлінген. Кущевтар отбасы берілген ақшаны тиімді пайдаланып, тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, төрт бас ірі қара сатып алған. Және жолдасы «Герт» атты жеке кәсіпкерлікке жұмысқа орналастырылған.
Иннаның айтуынша, бұған дейін отбасында өзі де, жолдасы да тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Оған қоса жеті баланы өсіріп, жеткізу оңайға түспеген. Тек мемлекеттік жәрдемақыға күндерін көрген. Бүгінде жағдайлары жақсарған, бұған «Өрлеу» жобасы мұрындық болғанын айтады.
Осындай атаулы көмекке ие болып отырғандардың бірі – Үржар ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Қарашаш Шәкенова. Ол 2016 жылдың сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алып, бағдарлама арқылы жұмысқа орналастырылды. Алты айға 135864 теңге шартты ақшалай көмек тағайындалып, айына 22644 теңге алып отыр. Келісімшарт бойынша жұмысын жалғастыра жүріп, бөлінген қаражатқа қазіргі заманға сай тігін машинасын сатып алған. Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Бүгінде бос уақытында жаңадан алған тігін машинасымен құрақ көрпешелер тігіп, көздің жауын алатын, жаз кезінде қыздардың басына киетін жеңіл-желпі бас киімдерді және қыс мезгілінде түрлі қолғап-шұлықтарды тоқып, қосымша табыс көзіне айналдыруда. Бір қызығы, Қарашаш апайымыз осылардың барлығын ғаламтор желісінен көріп үйренген.
Зухра Нұржанқызы
Үржар ауданы.