Қоғам

Әркім өз таңдауын жасайды

Әркім өз таңдауын жасайды


Шығыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев берік негізін қалаған экономикалық қарқынды дамудың, қоғамдағы тұрақтылықтың, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің ары қарай да сақталуын қалайды.

Сондықтан да құрамына үкіметтік емес ұйымдардың жетпістен астам мүшесін біріктірген Қазақстан Азаматтық альянсының облыстық филиалы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің шешімін толықтай қолдап отыр. Съезде Қазақстан Президенті лауазымына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.

Өскеменде өткен өңірдің үкіметтік емес секторы өкілдерінің басқосуы барысында «Азаматтық альянс» ЗТБ жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы облыстық фракциясының мүшесі Олег Чернышов жиналғандар алдында үндеуді оқып берді. Онда «Шығыс Қазақстан облысының «Азаматтық альянсының» мүшелері қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған реформалардың жалғасын тапқанын қолдайды» делінген. Жиында «Азаматтық альянс» мүшелері «Nur Otan» партиясы съезінің ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы шешімін қолдайтындықтарын мәлім етті.

– Халық «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын берік қалаған тұрақты даму бағытына қолдау білдіреді, – деп атап өтті Олег Чернышов.

Ал Өскемен қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге жұртшылықтың басым бөлігі қолдау танытатындығын айтады.

– Нұрсұлтан Назарбаев табысты дамудың басты бағдарларын айқындай отырып, бізді дұрыс жолға бағыттады. Қазіргі таңда халқымыз өзінің тарихын, мәдениеті мен Отанын құрметтейтін бәсекеге қабілетті қоғам құра отырып, Елбасы бағытын жалғастыруы қажет, – деді Серік Оразбайұлы.

– Сайлауға қатысу – әрбір ел тұрғынының азаматтық парызы, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Сағадат Мұса. – Біздің мемлекетімізде жастарға барлық жағдай жасалған. Қазақстандықтардың жас буыны, біздер, елімізбен бірге өсіп келеміз. Қазіргі уақыттағы еліміздегі экономикалық және саяси табыстарға Қазақстан халқының бірлігінсіз, бейбітшілік пен келісімінсіз қол жеткізу мүмкін емес еді. Біз, жастар, әкелеріміздің ісін ары қарай жалғастырып, Қазақстанның болашағын құруға тиіспіз.

– Жастар еліміздегі жетекші партияның шешімін толықтай қолдайды. Себебі, олардың жарқын болашақта армандарына қол жеткізуі үшін ең алдымен тұрақтылық қажет. Көрші елдің жастары біздің елдегі саясатқа қызыға қарайды. Мұның бәрін жастар түсініп, біліп отыр, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Басқосу барысында Қазақстанның «Азаматтық альянсы» облыстық филиалының өкілдері барлық шығысқазақстандықтарды 2019 жылдың 9 маусымында бір кісідей сайлау учаскелеріне келіп, Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға қатысуға шақырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button