Әркім өз құқығын білуі тиіс

Әрбір қазақстандық күнделікті өмірде өз құқығы бұзылып жатса, ең алдымен қайда жүгінуі тиіс. Тіпті, адамның құқығы халықаралық деңгейде де қорғалатындығын қаншалықты білеміз?
Бұл жөнінде облыстық әкімдікте арнайы ұйымдастырылған «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері» тақырыбындағы оқыту семинар-тренингінде айтылды.
Семинар Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, облыс әкімдігі және ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар кеңсесінің қатысуымен ұйымдастырылды. Оның жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит жүргізді.
Семинар-тренингке келген жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, кәсіподақ, ҮЕҰ жетекшілері, жастар және қоғам өкілдері алдында дәріс оқыған Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері мен сарапшылары адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесіне жан-жақты тоқталды.
Атап өтерлігі, мұндай оқыту семинарлары Қазақстан аумағында осымен үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Қазақстан Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев жиналғандарға «Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының классификациясы» және «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктері» тақырыптарында дәріс оқып, сол мақсатта арнайы әзірленген брошюраны таныстырды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ел азаматтары Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптауға қарсы комитетіне, нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитетіне, әйелдерге қарсы кемсітуді жою жөніндегі комитетіне, сонымен бірге адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгіне алмақ. Семинар барысында қатысушыларға ол комитеттерге қалай хабарласу жолдары да түсіндірілді.
– Расы керек, нақты жүргізілген талдауларға сүйенсек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына қарағанда еліміздің өзге өңірлерінде халықтың құқықтық ақпарат алу деңгейі төмен. Әсіресе, алыс аудандар мен олардағы ауылдарда тұратын тұрғындарда. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін біз осындай семинарлар ұйымдастырып келеміз. Семинар барысында адамдардың еңбек құқықтарының қорғалуы, сот арқылы және соттан тыс тетіктер арқылы құқықтарының қорғалуы мәселесіне айрықша назар аударамыз. Осының бәрін Мемлекет басшысының биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауымен байланыстыра отырып қарастырамыз, себебі Президент Жолдауында азаматтар құқығын қорғауға үлкен мән берілген, – деген Тастемір Әбішев сонымен қатар азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттеріне де тоқталды.
Семинар барысында көтерілген тағы бір өзекті мәселе – әйелдер мен балалардың құқығын қорғау жайы болды. Комиссия мүшелері мен сарапшылардың айтуынша, бұл бүгінде халықаралық деңгейде көтеріліп отырған өте өзекті проблема.
– Біздің халықтың менталитетіне сәйкес, көп ретте отбасында әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтар, кемсітулер ашылмай қалып жатады. Себебі, әйелі оны қоғамға жариялай бермей, іштен тынады. Тіпті, сотқа жеткен күннің өзінде іс тараптардың бітімге келуімен аяқталады. Балаларға қатысты да осылай. Көп ретте балаларға өгей әкесі мен шешесі тарапынан қысым, зорлық-зомбылық болып жатады. Біздің мақсат – осындай жағдайларда тиісті құқықтық көмек беру, – дейді комиссия мүшесі, еліміздегі «Дағдарыс орталықтарының одағы» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова.
Дәл осындай оқыту семинарлары облыс орталығынан бөлек, Риддер мен Шемонайха қалаларында және Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өткізілді. Олардың тарапынан адам құқығын қорғауға қатысты қойылған барлық сауалдарға жауап берілді.
Дәурен Аллабергенұлы