Қоғам

РК-1 қазандығы толық қуатына көшеді

РК-1 қазандығы толық қуатына көшеді


Семей қаласындағы РК-1 қазандығы толық іске қосылуға дайын. Тек мұндағы заманауи турбинаны жылу желілеріне қосу үшін, қосымша қаржы қажет. Бұл мәселе шешімін тапса, 20 жылдан бері қордаланған ыстық су проблемасы біржолата реттеледі екен.

Осы күнді көретін сәт те алыс емес. Бұл жөнінде Семейге келген аймақ басшысы Даниал Ахметов айтты. Облыс әкімі РК-1 нысанына арнайы барды. Мұнда келе салысымен, Даниал Ахметов семейлік журналистерден үйлерінде ыстық судың бар-жоғын сұрады. Бірі «бар» десе, енді бірі баспанасы тіптен ыстық су желісіне қосылмағанын атады. «Ал бұдан былай ыстық суға тарықпайтын боласыздар», – деді облыс әкімі. Анықталғандай, РК-1 толық қуатына ену үшін, қосымша 200 миллиондай теңге қажет. Осы турасында «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының техникалық директоры Расулхан Жолдасов баян етті. Оның сөзі бойынша, аталған қаражат қазандықты жылу желілеріне қосуға жұмсалмақ.

– Мұнда 6, 7, 8-ші қазандықтардың жұмысы жолға қойылған. Алдында өзіңізге айтқанымдай, осындағы турбинаны іске қосып тексерген едік. Оған тағылар мін жоқ. Енді оны жылу желілеріне тарту ғана қалды. Бұл мақсатта облыстық бюджетке өтінішті тапсырдық. Ол мақұлданса, бұл нысанға қатысты мәселе толық шешіледі, – деді Расулхан Жолдасов.

Техникалық директордың ақпаратына қаныққан Даниал Ахметов жауапты тұлғаларға тиісті құжаттарды әзірлеп, оны облыстық бюджетті жоспарлау және экономика басқармасына жедел тапсыруды жүктеді.

– Кала тұрғындары алдында берген уәдемізді орындағанымыз қуантады. Шаһардың барлық аудандары 90 пайыздай ыстық сумен қамтылды. Бұл – 1997 жылдан бері шешілмеген өзекті проблема. Енді тағы біраз күш салуымыз қажет. Ол РК-3 қазандығын жаңғыртуға қатысты. Жоба дайын. Биыл қыркүйекте жобалық-сметалық құжаттама ұсынылған соң, біз оны қаржыландыруды бастаймыз. Осылайша, Елбасы бізге жүктеген тапсырмалар толық орындалмақ. Бұл – бірінші кезекте, жылу және ыстық суға байланысты мәселелер. Сол сияқты соңғы үлгідегі әуежайды жаңғырту жұмыстары бітуге жақын. Жолды жөндеу тиісінше атқарыла береді. Ал 5000 орынға арналған «Абай Арена» спорттық-мәдени кешені қалалықтар үшін үлкен сыйлық болатыны даусыз, – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта РК-3 қазандығында жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Сонымен қоса, аталмыш нысан бой көтеріп келе жатқан Қарағайлы ауданын да жылу қуатымен қамтымақ.

Жақсылық Сүлейменов
Семей.

Осы айдарда

Back to top button