COVID-19 

Риддерліктер жарады

«Маска, маска, маскалар, неше түрлі маска бар». Пандемия басталғалы бері масканың түр-түрі шығып жатыр. Осыған дейін медициналық масканы ғана көрген халық енді таңдап алатын болды. Бірақ сол әдемі маскаларды тақпай жүргендер қаншама.
Соның салдарынан жауапқа тартылып жатыр. Мәселен, ШҚО-да 24 ақпан күні жүргізілген рейд нәтижесінде санитарлық талаптарды бұзған 33 жағдай тіркелді. Атап айтсақ, Өскеменде 381 нысан тексеруден өтті. Оның 15-інде шектеу шаралары сақталмаған. Ал Семейде мониторингтік топ бір күнде 340 нысанды аралап шыққан. Тексеру барысында тұрғындардың арасында маскалық режимді сақтамайтындар бар екені расталды. Соның кесірінен 14 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ 350 040 теңгеге сегіз хаттама толтырылып, жалпы сомасы 218 775 теңге болатын бес айыппұл салынды.
Семей мен Өскеменнің тұрғындары ереже сақтауға «ерініп» жүргенде риддерліктер жарады. Кеншілер шаһарында бұл күндері бірде-бір ереже бұзған факті анықталмаған.
Сонымен қатар Глубокое ауданында 149 нысан тексеріліп, маскасыз жүрген үш адам тіркелді. Жиыны 131 265 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал Шемонайха ауданында бір ғана ереже бұзылған.
Облыс көлемінде тексеру жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр. Ең бастысы санитарлық талаптарды сақтайық.

Балауса Мэлс

Осы айдарда

Back to top button