Риддердегі қазандықтардың тозығы жеткен
Риддер жылу-энергия орталығының қазандықтары 80-98 пайызға тозған. Бұл жөнінде жылу беру маусымына дайындық және инфляция мәселесі бойынша қала-аудан әкімдерімен өткен кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Көмір қорына келсек, қазір әлеуметтік нысандарға отын жеткізілуде. Өскемен жылу-энергия орталығындағы көмір қоры – 317 мың тонна.
– Риддер жылу-энергия орталығы алаңдаушылық туғызады, өйткені талдау қазандықтардың 80-98 пайызға тозғанын көрсетті. Біз Риддердің қысқа уақтылы әзір болуы үшін барлық шараларды жасаймыз, – деді аймақ басшысы.
Инфляцияны ауыздықтаудағы басты мақсат – 19 әлеуметтік маңызды азық-түлік өніміне шекті сауда үстемесін арттыруға жол бермеу. Мониторингтік топтар 11 қала-аудандағы 2500 үй маңы дүкенін тексерген.
– Заң бұзу анықталса, кәсіпкерлерге бірінші рет ескерту жасалады. 11 дүкен азаматтар өтінішімен қайта тексеріліп, басқа да әкімшілік шаралар қабылданды. Тарбағатай мен Самар аудандарында жұмысты күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Ержан Кеңесұлы