ҚоғамТОП

Риддерде шаңғы-роллер трассасы салынып жатыр

Биыл Риддер қаласының құрылғанына 238 жыл толып отыр. Осыған орай шаһардағы жылдар бойы баспана кезегінде тұрған 10 көпбалалы отбасына жаңа үйлердің кілті табысталды.

Жаңа үйлер Ботаника шағын ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша бой көтерген.

Жергілікті әкімдік ақпаратына сенсек, жобаның жалпы құны – 340 миллион теңге. Екі пәтерлі 10 үйдің құрылысына қажетті қаражат республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген.

– «Ботаника» – Риддердегі экологиялық таза аудандардың бірі. Әр үйдің ауласы 10 сотық. Үй пешпен жылытылады, болашақта қалалық әкімдік бұл үйлерді орталық кәріз жүйесіне қоспақ, – дейді мердігер құрылыс компаниясының өкілі Елена Маслакова.

Әр үйдің ауданы 80 шаршы метр, үш бөлмелі. Сонымен қатар ас бөлмесі мен жуынатын бөлмесі бар. Тағы бір артықшылығы от жағатын бөлмесі бөлек орналасқан. Барлық баспана тұрғындарға толықтай дайын қалпында табысталды.

– Жаңа баспанаға ие болғанымызға қуаныштымыз. Біз баспана кезегінде 2015 жылдан бері тұрмыз. Отбасымызда өзіміздің бес бала және асырап алған бес баламыз бар. Өз үйіміз болғанына бақыттымыз, бізге қол ұшын созған барлық жанға алғыс айтамын, – дейді «Алтын алқа» иегері Марина Соболева.

Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Байжұменовтің айтуынша, бұл жолы баспана кілттері 10 көпбалалы отбасына табысталды. Ал қалған 10 отбасы жаңа пәтер кілттеріне 1 қыркүйекте ие болмақ. Белгілі болғандай, келер жылы екі пәтерлі тағы 10 үй салынады деп жоспарлануда.

Жалпы, соңғы жылдары кеншілер шаһарында құрылыс жұмыстары қарқын алып, қызу жүргізілуде және бұл тек тұрғын үй құрылысына қатысты емес. Қала әкімдігінен хабарлағандай, биылғы төрт айда Риддердегі құрылыс жұмыстарының көлемі 10 миллиард 710 миллион теңгеге жетті, бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,2 пайызға артық.

– Жыл басынан бері 1 016 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 28,2 пайызға көп. Жалпы, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Ал тындырар шаруа одан да көп, – дейді қала әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Байжұменов.

Мәселен, денсаулық сақтау саласына келер болсақ, қалада құрылысы 2021 жылы басталған 500 адам қабылдай алатын емхана мен 140 орынға шақталған стационардың құрылысы жалғасуда. Жобаның құны 35,2 миллиард теңге шамасында. Емхананы 2024 жылы, яғни биыл пайдалануға беру жоспарланған, ал стационар келушілерге есігін келер жылы ашпақ.

Қалада аса өзекті болып тұрған мектеп мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Қала басшылығы хабарлағандай, осыдан біраз бұрын Киров көшесінде 600 орындық білім ордасының құрылысы басталған. Аталған жобаның 2023-2024 жылдарға арналған қаржыландыру сомасы – 4 миллиард 413 миллион теңге. Мамандар нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Тағы бір ауқымды жоба спорт саласында жүзеге асырылмақ. Жергілікті әкімдіктен мәлім еткендей, жақында Риддерде шаңғы-роллер трассасының құрылысы басталыпты. Ұзындығы 1,2 шақырымға жететін трассаның жалпы құны 178 миллион 789 мың теңге шамасында. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

– Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Алдымен жер бөлу, жоспарлау іс-шаралары атқарылды. Одан соң трассаны салу жұмыстары жүргізіле бастады. Бүгінде жолдың алғашқы қабаты, яғни қиыршық тас төсемі төселді. Шамамен келесі аптада трассаны асфальттау және жарықтандыру жұмыстары қолға алынуы керек. Өздеріңіз білесіздер, Риддер еліміздегі қысқы спорт түрлерінің отаны саналады. Алайда жазғы маусымда шаңғышыларымыз біраз қиындыққа тап болатыны жасырын емес. Өйткені қалада спортшылардың жаттығуына жөнді жағдай жасалмаған. Ал шаңғы-роллер трассасы салынғаннан кейін осы бір мәселенің де күрмеуі шешілуге тиіс. Бұған қоса жаңа нысанда республикалық жарыстар өткізуге де мүмкіндік туады. Трасса барлық халықаралық стандартқа сәйкестендіріліп салынады. Биатлоншыларға арналған атыс алаңы да болады, – деген Мұрат Байжұменов нысанды биыл пайдалануға беріп, жыл соңына дейін алғашқы жарыстар өткізу деп жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Облыс басшылығының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан шаңғы-роллер трассасы спортшыларға ғана емес, жалпы бұқараға да қолжетімді болмақ. Ауқымды жоба шаһардағы бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беріп, талантты жастарды анықтауға ықпал етері анық.

Құрылыс туралы сөз қозғағанда абаттандыру жайында айтпай кетуге де болмайды. Қала басшылығының сөзіне сенсек, 2024 жылы шаһарды абаттандыруға 335 миллион теңге жұмсалмақ. Оның ішінде көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, контейнерлік алаңдарды жөнге келтіру, футбол, волейбол алаңдарын, балаларға арналған ойын алаңқайларын салу, автобус аялдамаларын жаңарту мен жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандырып, көшелердің бойына қоқыс жәшігін орнату сияқты жұмыстар бар. Бұл бағыттағы жұмыстың дені басталып кеткен екен.

Ал жол саласына келер болсақ, 2024 жылы жолдарды жазғы маусымда күтіп ұстауға 386 миллион теңге қарастырылыпты. Мәселен, Лесхоз ауылының көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына 70 миллион теңге бағытталатын болады. Сол сияқты, 98,7 миллион теңгеге қалаішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Тағы 131,5 миллион теңге қаладағы асфальт-бетон жабынын ағымдағы жөндеуге бағытталмақ. Одан бөлек қаланың іргесіндегі Пригородное мен Ливино ауылдарының көпірлерін жөндеу, жаңа жол белгілерін орнату сияқты жұмыстар да ағымдағы жылы атқарылатын болады.

Осы айдарда

Back to top button