ҚоғамТОП

Риддерде салынған жаңа үйлердің сапасы қандай?

Бұл туралы тұрғындардың өздері айтып берді

Риддердегі өрт осыдан екі ай бұрын болған-ды. Мамырдың онында қала маңында орман өртi шығып, отыз шақты үйді жалмаған. Өрт сөндiрушiлердiң жанқиярлық қимылының арқасында тілсіз жау ауыздықталды.

Сол күні-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді, үйлерінен айырылғандарды баспанамен қамтуды міндеттеді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов мереке күні Риддердің «Ботаника» шағын ауданына барып, орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан үйлердің құрылысын тексерді.

32 бір қабатты үйдің құрылысы аяқталып келеді. Бірнеше үйде әрлеу жұмысы жүріп жатыр, аумақ абаттандырылып, жолдарға асфальт төселуде. 15 шілдеге қарай су мен электр желісі қосылады.

Үйлерді «Облшығысжол», «ВК Инвест Компани», «QK Sunqar», «Востоквзрывпром» және «Казпрофстрой Холдинг» сынды бес серіктестік көтеруде.

Барлық тұрғындарға үйлер толық дайын күйінде тапсырылады, тіпті әрқайсысына асүй жиһазы да орнатылатын болады. Өртке дейін көбінде шағын баспанасы болған тұрғындар 80 шаршы метрлік кең үйге қол жеткізбек.

– Мердігер компаниялардың өкілдері құрылысты сапалы жүргізіп жатырмыз деп отыр. Әлбетте, барлық үйді арнайы комиссия жіті тексеріп барып қабылдайтын болады. Жоспар бойынша алғашқы тұрғындар жаңа үйлеріне 18 шілдеде, қалғандары 15 тамызға дейін кіруі тиіс, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сондай-ақ өрт залалын есептеу комиссиясы жұмысын аяқтап, адамдар өтемақы ала бастады. Атап айтқанда, «Ұлттық бағалау компаниясы» ЖШС өртенген мүлікті бағалап, залал сомасы 77 миллион теңгеден асқанын анықтаған. Оның ішінде отыз үй, жеті автокөлік, бір техникалық қызмет көрсету стансасы, шаруашылық құрылыстар мен өзге де мүліктер  бар.

– Үйіміздің сапасына қатысты айтар еш сынымыз жоқ. Құрылыс компаниясы өз міндетін адал атқарып жатыр. Өрт болған күнді әлі де қорқынышпен еске аламыз. Баспанамыз әп-сәтте күлге айналды, тіпті құжаттарымызды алып үлгермедік, автокөлігіміз де өртке оранды. Осындай қиын сәтте біз бірден жан-жақты қолдауды сезіндік. Көмек көрсету туралы шұғыл тапсырма берген Президентке, оны абыроймен іске асырған облыс және қала басшылығына, жәрдемін аямаған барша ел-жұртқа айтар алғысымыз шексіз, – дейді Риддер тұрғыны Арина Сердюкова.

Кездесу барысында облыс әкімі көпбалалы аналармен де әңгімелесті. Олар белгісіз адамдардың интернетте үйлердің сапасыз салынғаны туралы жазған пікірлеріне өкініш білдірді. Аналардың айтуынша, құрылысшылар сапалы жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, тұрғындарға құрылыс алаңдарына барып, құрылысшыларға өз тілек-өтініштерін білдіруге рұқсат етілген. Сөздерінің дәлелі ретінде отбасылар аймақ басшысына өздерінің жаңа үйлерін көрсетіп, қоныстойына шақырды.

– Бүгінде Риддердің үй кезегінде 45 көпбалалы отбасы тұр, олардың жиырмасы осы жылы-ақ баспанаға ие болады. Олар үшін жайлы, кең үйлер осы «Ботаника» шағын ауданында салынады, – деп қуантты жиналғандарды облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сапар соңында аймақ басшысы Риддердегі вакцинациялау барысымен танысты. Қалада 10 стационарлық, бір жылжымалы екпе бекеті бар. Олар демалыс күндері де жұмыс істеуде, өйткені қызметке сұраныс артқан.

Естеріңізге салсақ, облыста дәрігерлер мен күш құрылымдары жүз пайыз екпе алды. Республиканың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қазір вакцинация студенттер мен мұғалімдер, сондай-ақ қызмет көрсету саласында істейтін азаматтар арасында белсенді жүруде.

Ержан Әбішев

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button