ҚоғамТОП

Риддерде Орталық Азиядағы ең ірі кешен салынады

Биыл Риддер шәрінде бірқатар жобалар жүзеге асырылып, жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелердің күрмеуі шешіледі. Кенді шәһардың дамуына серпін берер, тұрғындардың әл-ауқатын арттырар ілкімді істердің бір парасы былтыр қолға алынған. 

Осы жылы қалада екі мектептің құрылысы басталмақ. Жер кеуіп, күн жылынғанда «Казцинк» компаниясының қолдауымен 600 орындық білім ордасы бой көтеретін болады. Облыстың және Риддер қаласының әкімдіктері, сондай-ақ «Казцинк» компаниясы арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Меморандум аясында жаңа мектеп ғимаратының құрылысына арналған орынды Риддер әкімдігі айқындайды. Қала билігі барлық қажетті инженерлік коммуникацияларды жеткізуді қамтамасыз етеді. Мектептің құрылысын қысқа мерзімде аяқтау жоспарланған.

– Бұдан бөлек шаһарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.

Алдағы уақытта біз «Казцинк» компаниясының қолдауымен салынатын білім ордасын қазақ мектебіне беру жөнінде ұсынысты облыстық білім басқармасына береміз. Шешімді  тиісті басқарма қабылдайды, – деді Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде қала тұрғындары тарапынан  қоғамдық көлік қатынасына сын көп айтылып жүр. Автобустардың уақтылы жүрмеуіне байланысты жергілікті жұрт шағымдарын айтып-ақ келеді.

Жауапты орындардың берген ақпаратына сенсек, жолаушылар тасымалдау желісінде 30-ға тарта автобус болуы керек. Жыл басынан бері бар-жоғы 14 автобус ғана қала ішінде қатынап келеді. Сонда тағы 16 қоғамдық көлікке сұраныс бар.

– Иә, қоғамдық көлік қатынасы көңіл көншітпейді.  Бұл мәселе қазір республикалық деңгейде қарастырылып жатыр. Жолаушыларды тасымалдау жағы толық шешімін тапқан жоқ. Дегенмен жуырда Кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржыландыруы есебінен автобустар саны 20-ға көбейеді. Мәселені шешу үшін Семейдегі зауытпен келісім-шарт жасадық. Демек 20 автобус қаланың маршруттар желісіне шығуға дайын тұр. Қазір құжат ресімдеу және тасымалдаушы компанияның балансына қою жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Осы жылдың екінші тоқсанынан бастап қоғамдық көліктер желіге шығады деп жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді қала әкімі.

Жалпы Риддер қаласы даму әлеуеті жоғары елді мекендер қатарына жататынын айта кету керек. Иә, қойнауы қазынаға толы өлкенің табиғаты да ерекше. Қыс маусымы шамамен алты айға созылады. Содан болар туристердің бір бүйрегі осы өңірге бұрып тұратыны белгілі. Қазір тау шаңғы туризмі жоғары деңгейде дамыған. Шаңғымен сырғанауды және сноубордты ұнататындар үшін тәжірибелі шаңғышылар мен сноубордшылар үшін де, әуесқойлар үшін де әртүрлі қиындықтағы тау шаңғы базалары бар мұнда.

Риддер қысқы спорт түрінен ұлттық құраманың өкілдерін даярлайтын ұстаханаға айналуға тиіс. Бүгінгі таңда кеншілер қаласында қысқы спорт түрлерінен облыс, республика біріншіліктері өткізіліп жүр. Шаңғышылар мен биатлоншыларға арналған трассадан бөлек қанатты шаңғышыларға арналған арнайы трамплин болуы мүмкін. Бұл қалада шаңғымен сырғанау және қоссайыс, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрінен жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Өңірдің әдемі табиғаты мен климаты қысқы туризмді дамытуға және түрлі жарыстарды, соның ішінде әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл үшін инфрақұрылым қажет. Қазір шаңғы-роллер трассасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Енді конкурс өткізіп мердігер анықталады. Бәрі сәтімен болса жоба биылдан қалмай іске асырылады.

Иә, бұл өңірде туризмді жыл он екі ай дамытуға барлық мүмкіндік бар. Туристер үшін алты ай ақ мамыққа оранып жататын Батыс Алтайдың баурайында қыс бойы шаңғы теуіп, моторлы шанамен серуен құрып, балық аулап демалуға болады. Табиғаты сұлу мұндай өлке елімізде некен-саяқ. Табиғат берген мүмкіндікті пайдаланып, инфрақұрылымды жақсартса шетелден туристерді лек-легімен тартуға болады.

Осы мақсатты көздеген жергілікті билік Риддерде Орталық Азиядағы ең ірі тау шаңғысы курортын салып, оны «Анатау» деп атамақ. Бұл жобаны жүзеге асыру өңірдегі қысқы туризмді дамытуға зор септігін тигізетіні сөзсіз. Қазір қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатқанын айтты.

– «Анатау» Орталық Азияда теңдессіз жоба болайын деп тұр. Іске асса, туристердің легі біздің өңірге ағылары сөзсіз. Бүгінде жобалаушыларға тау шаңғысы курортына арналған жерлерді орман қорынан шығару тапсырылды. Бұл жұмыстарды биыл аяқтаймыз. Осыдан кейін инфрақұрылымды жобалау жұмыстары жалғасады. Бұл ерекше қорғалатын аумақтар болғандықтан, барлық экологиялық нормаларды сақтауымыз керек. Одан кейін инвестициялық пакеттер әзірлеп, қаржыландыру үшін оларды отандық және шетелдік компанияларға ұсынбақпыз. «Анатау» курортында түрлі деңгейдегі тау шаңғысы трассалары салынады деп жоспарлануда. Халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіп, спортшылармен қоса туристерді де еш қиындықсыз қабылдау үшін қонақ үй бизнесін дамытуды қолға аламыз, – деп түйіндеді Дәулет Батырбаев.

Алдағы уақытта шырайлы Шығыста әлемге әйгілі Катонқарағай ғана емес, Батыс Алтайдың бауырындағы Риддердің де кең тынысы ашылып, туризмнің тұғырын нықтай түспек.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button