Қоғам

Риддерде Абай даңғылы, Өскеменде Бағдат Шаяхметов көшесі болады

Облыстық қоғамдық кеңестің биылғы алғашқы мәжілісі облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында өтіп, оған бірқатар аудандар мен қалалардағы кеңес мүшелері селекторлық режимде қатысты. Жиында бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің жобалары тыңдалып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Алдымен кеңес мүшелері облыстың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасының жобасын тыңдады. Жобаны жиналғандарға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова таныстырды.

Оның айтуынша, былтыр Шығыс Қазақстан облысының 2016-2020 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аяқталған. Соған орай, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес облыстың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасының жаңа жобасы әзірленген. Айта кетейік, аталған бағдарлама мемлекеттік жоспарлау жүйесінің стратегиялық құжаты болып саналады және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен шығысқазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

– Бұл бағдарламада облысымыздың негізгі мәселелеріне кешенді түрде сипаттама берілген. Атап айтсақ, өңірдегі демографиялық жағдай, денсаулық сақтау, баспанамен қамту, ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету, автокөлік жолдарының жағдайы және экологиялық проблемалар қамтылған. Мұнымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі жағдайына талдау жасалған. Сонымен қатар құжатта аймақтың одан ары дамуына бәсекелі түрде басымдық беретін салалар – бірегей кен орындары бар табиғат ресурстары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы базасын нығайту, туризмді, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды және баламалы қуат көздерін дамыту да көрініс тапқан, – деген басқарма басшысы әр саланы дамыту жоспарының тармақтарына жеке-жеке тоқталды. Жоба кеңес мүшелері тарапынан қолдауға ие болды.

Келесі ретте облыстық мәслихаттың және облыс әкімдігінің «Шығыс Қазақстан облысы Өскемен және Риддер қалаларының кейбір құрамдас бөліктерін қайта атау туралы» бірлескен шешім және қаулы жобасы жиналғандар назарына ұсынылды. Дәлірек айтсақ, енді облыс орталығының Жаңа Согра кентіндегі Менделеев көшесіне даңқты металлург, Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметовтің есімі беріледі. Оның көзі тірісінде аталған кенттің дамуына қосқан зор үлесін өскемендіктер жақсы біледі. Ал тарихта аты қалған атақты ғалым Д.Менделеевтің есімі Өскемендегі Образцовая көшесіне берілмек.

Тағы бір қуанышты жаңалық, енді кеншілер қаласы Риддердің орталығында Абай даңғылы пайда болмақ. Кеңес мүшелері бұл ұсыныстарды бірауыздан қолдап, жас буынның арасында бұл тұлғаларды көбірек насихаттай түсу керектігін атады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button