Шығыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов қала активіне жаңа әкімді – Думан Рахметқалиевті таныстырды.
Нұрымбет Сақтағанов жаңа әкімді ауқымды әрі күрделі жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.
Думан Рахметқалиев жылыту маусымына дайындыққа белсенді кірісуі керек. Сондай-ақ жаңа әкім Риддер ЖЭО мен қаланың барлық жылу жүйесін қайта құруды жеке бақылауына алуға міндетті. Моноқала басшысының алдына қойылған міндеттердің қатарында туризмді дамыту, жаңа объектілерді пайдалануға беру, жолдарды реконструкциялау және тағы басқа мәселелер бар.
– Қала өткен қыстан қиналмай шықты. Жылумен жабдықтау қалпына келтірілді, осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Бірақ айта кету керек, тұрғындардың өздері де үйлері мен пәтерлерін жылылауға көңіл бөлуге тиіс. Мұны ПИК-термен, Мүлік иелері бірлестіктерімен және үй жетекшілерімен бірлесе пысықтау қажет. Біз қазірдің өзінде жұмысты белсенді түрде бастауымыз керек. ЖЭО-ға қатысты қала әкімі тиісті органдармен жұмыс істейтін болады. Жаңа жылыту маусымы да сәтті өтеді деп ойлаймын, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы.
Алдағы жұмыстардың көлемі айтарлықтай үлкен және олардың орындалуына қаланың жаңа басшысы тікелей жауапты болады.
– Қалада көп жұмыс атқарылды және біз бірлесе отырып Риддердің игілігі үшін одан да ауқымды жұмыс істеуіміз керек. Осы бағытта бірге жұмыс істейтінімізге қуаныштымын, – деді Думан Рахметқалиев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Думан Рахметқалиев Ұлан ауданының әкімі қызметін атқарған болатын.